• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2011

Кемелдену

883 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың ортасында қа­зақ жерінде басталған алып құ­ры­лыстың бірі Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты болатын. Темір кенін өндіріп, оны байытатын бұл ірі кәсіпорын Кеңес Одағы кезінде де алып державаның бетке ұстар өндіріс орындарының бірі болып саналды. Кеңес одағы тарап, Ресейге шикізат көзі болып отырған елдердің барлығы ортақ қазаннан үлесін алған кезде, экономикалық байланыстар үзіліп, бұрынғы Со­колов-Сарыбай кен байыту ком­би­натының кемесі құмда сәл қайыр­лап тұрып қалған уақыт ұмытыла қойған жоқ. Ал бүгін дамудың заманауи жолына түскен тәуелсіз Қазақстанның экономикасын өрге сүйрейтін ірі инновациялық-ин­вес­тициялық жобалардан бетін бо­лашаққа бұрған керуеннің си­па­тын көргендей боламыз. Сол жо­ба­лар­дың керуенбасыларының бірі осы Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігі. Кен орнының Соколов-Сары­бай, Качар, Қор­жынкөл және Со­колов кеніші си­яқты бес карье­рінен құра­мында шамамен 34 пай­ыз темірі бар 35 миллион тоннадан астам кен ССКӨБ-тің үгіту-байы­ту және ылғалды-магниттік сепарация фабрикаларына жеткізіледі. Олардан шығарылатын концентраттан болат құятын кәсіп­ор­ын­дарға қажетті жентек байы­ты­лады. Кен алыбы өткен ғасырдың орта­сынан бастап, темір жентегін Магнитогор металлургия комбин­а­тына жөнелтеді. Ал соңғы жыл­дары «ССКӨБ» АҚ-қа ҚХР белсенді әріптес болды. Қостанай об­лы­сы­ның Қытаймен сауда айна­лымы бүгінге дейін 1,6 есе өскен. Әрине, мұның басты бөлігі кен алыбы өндірген темір жентегіне қатысты. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі құрамына кіретін ENRС компаниясының инвестициялық жо­балары да кен алыбымен тікелей байланысты. Қуаттылығы жы­лына 7 миллион тонна болатын ба­йыту зауыты 2014 жылы пайда­ла­нуға берілмек. Оның құрылысы үшін 440 миллион АҚШ доллары игеріледі. Сонымен қатар, жылына 3 миллион тонна темір балқы­татын күйдіру мәшинесінің және 1,8 миллион тонна ыстық брикетті темір өндіретін зауыттың құры­лысы басталып, ол да 2014 жылы аяқталады. ENRС оған 920 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы салмақ. Кен базасын кеңейту жұ­мыстарына да 715 млн. АҚШ дол­лары жұмсалады екен. «ССКӨБ» АҚ-та 18 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Әлемді бір қауыздың ішіне тыққан кешегі қаржы дағдарысының таяғы алды­мен осындай ірі өндірістің басына тигені белгілі. Қаржы дағдары­сынан Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігі де сырт қалмады. Кенге сұраныс болмай қалды, оның халықаралық рыноктағы ба­ғасы да күрт құлады. Ал ты­ғы­рық­тан шығудың басты және ең белгілі амалы жұмысшылар санын қысқарту болса, онда кемінде 11-12 мың адам жұмыс орнымен қош айтысар еді. Үкімет те, ірі кәсіп­орындар да тығырықтан шығар жол іздеді. Үкімет пен ірі кә­сіпорын басшылары арасында, он­ың ішінде, ENRC компа­ния­сымен жұмысшыларды қысқарт­пау жө­нін­де меморандумға қол қойылды. Сол шараның тамаша үлгісін де Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі көрсетті. Кенші­лердің бар­лы­ғына жарты жұмыс күні белгіленді. Бұрынғыдай уыс­тап айлық жалақы көрмесе де, от­басын асы­рауға жететін нәпақасын өнді­ріс­тен алып отырды. Бұл бір. Екіншіден, бұл өндірісте сонау елуінші жылдардан бері жөндеу жұ­мыстарын көрмеген цех, фабрикалар, құралдар болатын. Сал­ғырт­тықтан емес, олардың үздік­сіз жұмыс істеуінен жөндеу жұ­мыстары екінші орында қалып келген. Дағдарыс оларды дамыл­датқан кезде, уақытты бос жібермей, барлығы да қажетіне қарай жөндеуден өтті. Өндіріс орны дағдарыстан жүдеген жоқ, қайта бір сілкінгендей болды. – Қаржы дағдарысына қарсы тұтас бағдарлама жұмыс істеді. Соның ең бастысы республика Үкіметі мен ENRC компаниясы арасындағы меморандум бола­тын. Біздің кәсіпорын осы ком­панияның құрамына кіргендіктен дағдарыс сын тезіне алған аз ғана уақыттың ішінде кеніштерді пайдалану, жөндеу жұмыстары, жаңа кен орындарын зерттеу жұ­мыс­тары, тіпті инвестициялық жоба­ларға дейін өзінің сәтімен орын­далып, жалғасып жатты, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Мұха­меджан Тұрдахунов. Мұнда сол 2008 жылдың аяғы мен 2009 жылдың ортасына дейінгі бір мезгіл уақытта жүр­гі­зіл­ген жұмыстардың барлығы да осы бағдарлама шеңберіне кірді. Кен алыбының алға басуына Ел­басының көмегі де аз болған жоқ. Н.Назарбаевтың Қытайға сапа­ры­нан кейін аспан асты еліне Қазақстаннан кен жөнелту бұр­нағы жылдармен салыстырғанда екі есе өсті. Ресейге бұрынғыға қарағанда 10-12 миллион тонна кен артық артылатын болды. Бүгінде өмірдің, шаруаның қай саласы үшін дамудың даңғыл жо­лы – инновация. Ал Соколов-Са­рыбай кен өндіру бірлестігі үшін инновация техниканы жаңа­лаудан басталады. Қазір бірлестіктегі авто­кө­лік басқармасының техника пар­кі біртіндеп шетелдік мәшине­лер­мен, бульдозерлермен жаңа­рып келеді. 90 тонна көтере ала­тын «Caterpillar» 777F авто­аударғы және 130 тонна жүк көте­ретін «БелАЗ» мәшинелері алын­ды. Кеніштерде «САТ»-D9R және «CAT»-D6N алып бульдозерлері жұмыс істейді. Ал өткен жылдан бастап Качар карьеріне Жапония­ның «HITACHI» экска­ва­торлары әке­лінді, олардың әр­қайсысы шө­мі­шін жерге бір сал­ғанда 27, 17, 21 текше метр то­пырақ алады. Кен өндірісіндегі тетікті тұс­тың бірі кен қабатын жару болып табылады. Кен қыртысын боса­татын тротил деген зат 1990 жыл­ға дейін Ресейден сатып ал­ынды. Оның тоннасы үшін 1000 доллар төленетін. Әлгі заттың жы­лына 500 тоннасы керек бо­латын. Қан­шама есіл ақша желге ұшқандай еді. Міне, енді өнді­рістің өзінде істейтін өнертап­қыш мамандар із­денісінің ар­қа­сында қарапайым жарылғыш қос­па өмірге келді. Ал оның әр тоннасына 100 доллардан артық шығын шықпайды. Осын­дай жа­ңалықтарды өндіріске енгізудің тиімділігі жылына 9 миллион доллар қаржы үнемдеуге мүм­кіндік берді. – Біз кен өндіруден енді металл өндіруші кәсіпорынға айна­ламыз. Біз бұрын Ресейден өн­дірістің ішкі қажеті үшін илек металл сатып алатын едік. Енді жағдай түбірімен өзгереді, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті М.Тұрдахунов. Жағдайды түбірімен өз­герт­кен металл илек зауыты бо­ла­тын. Құ­ны 7,5 мил­лиард теңгеге түскен бұл инвес­ти­циялық жоба 2010 жыл­­­дың ішінде сәтімен жү­зе­ге асқан. Ол жы­лына 75 мың тон­на илек металл өнді­ре­ді. Бұл кен өн­діру бірлес­тігінің ішкі қа­жетін то­лық ақтайды, сонымен қатар, ENRC компания­сының құра­мына кіретін басқа да кәсіп­орын­дарға беріледі, одан ар­тылғаны сыртқа сатылады. Зауыт 650 жұ­мыс орнын ұсынды. Үстіміздегі жылдың өзінде елімізде әрқайсысы бір миллион доллардан артық инвестициялық қар­жыға түсетін 134 жоба аяқта­луы тиіс. Ал Елбасы Н. Назарбаев елді жаңа индус­трия­ландыру шең­­бе­рін­де­гі маңызды жо­балар­дың бірі «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» АҚ-та­ғы металл өн­ім­дері за­уы­ты­ның құрылысы бо­ла­тын­ды­ғын атап айтты. Биылғы жы­лы оның іргетасы қаланбақ. Сон­да ССКӨБ кен­ді өзінде өң­дейтін бола­ды. Болашақ заманауи қуат­ты зауытта байы­тыл­ған жентек темірді одан әрі өңдеп, ыстық брикеттелген металл етіп шыға­рады. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін кен алыбы инвестициялық жолмен дамыды. Мамандар біліктілігіне барынша көңіл бөлінді. Әйтпесе жаңарып жатқан техникаларда, ашылып жатқан зауыттарда бұрынғы аяң жүріспен жұмыс істеймін деу келмеске кетті. Техника, технология, жұмыс әдістері жа­ңар­ды. Соколов-Са­ры­бай кен өн­діру бірлестігіндегі үлкен сала­ның бірі оқу орталығы. Раиса Липатникова бас­қа­рып отырған бұл ор­талық осы кен орны ашылғанда, яғни 1955 жылы құрылған бола­тын. Өйткені, қай кезде де іс тетігін кадрлар, мамандар шешеді. Ал қазір өндірістің инновациялық жол­мен дамуына бай­ланысты оқу орталығы да жаңа­ша сипатқа ие болған. Мұнда жұ­мысшы маман­дықтарынан бастап, басшы ма­ман­дарға дейін дайында­лады, ол­ар­дың біліктілігін көте­реді. Соңғы кездері кен карьерлеріне шетелдік озық техникалардың келуіне бай­ланысты жүргізуші­лер­ге компьютерлік басқару техника­ла­рының те­тіктері үйретіледі. Мұн­да жылы­на 200-ден аса аталым­дағы кәсіп бойынша 4,5 мың адам оқып шы­ғады. Кен алыбының құ­ра­мын­да­ғы карьерлер, байыту фаб­рика­ла­ры, темір жол тасымалы, кейінгі ашылып жатқан зауыт–бар­лығына машинистер, жүргізушілер, кен жұ­мысшылары, наладчиктер, проходчиктер, жүк мәшинелері, буль­дозерлер, экскаваторлар жүр­гі­зу­шілері сияқты толып жатқан ма­мандықтардың барлығы да осы орталықта дайындалады. ENRC корпорациясы құрамына кіретін кәсіпорын қыз­меткерлері арасында жыл сайын кәсіби шеберлікті байқау жарысы өтеді. Биыл бұл сайыс «ССКӨБ» АҚ базасында өтті. Еуразиялық таби­ғи ресурстар корпорациясына қа­расты кәсіп­ор­ын­дардан келген 60 адам бес ма­мандық бойынша сын­ға түсті. Ол­ар біліктілігін, білімін, шеберлігін ортаға салды. Коман­далық есепте Соколов-Са­рыбай кен өндіру бір­лес­тігінің жұмыс­шы-мамандары бі­рінші ор­ынды жеңіп алды. XXI ғасырдың басынан бастап Рудный қаласы атажұртты аң­саған шеттегі ағайынның тоқтар жеріне айналды. Әсіресе, Өзбек­стандағы ағайындар көштің басын осылай бұрған. Олардың басым көпшілігі сол жақтағы алтын кенінде жұмыс істегендіктен, оларға кенші ма­мандығы етене таныс. Бүркітбай Қалабаев байыту фаб­рика­сын­да­ғы байыту учаскесінде слесарь-жөндеуші болып еңбек ете­ді. Өз­бекстанда жүргенде Үш­құдық кенінде, Науаи кен-ме­таллургия за­уы­­тында жұмыс істегендіктен ол мұндағы жұмыстың ешқайсысын жатырқаған жоқ. – Жүргізуші және слесарь мамандықтарым бар. Ата қонысқа келгеніме 7 жыл болды, бала­ла­рымды Қазақстанға әкеліп, көңі­лімді бір демдедім, олар қазақ тілінде білім алды. Жақсы орна­ластық, үш бөлмелі үй алдым. Ал мұндағы өзімнің жұмысым жақсы, айлық жалақымызды алып отыр­мыз. Менен кейінгі інім Қыдырбай да ос­ын­да көшіп келді. Оның да үш бөлмелі үйі бар, қыздары ос­ында келген соң тұрмысқа шықты. Қыдырбай қазір кен орнында кран­дарды қарайтын слесарь-жөн­деуші болып істейді, – деп ағынан жарылады Бүркітбай. – Мен Науаи мемлекеттік кен институтын кен ісі мамандығы бойынша бітіргенмін. Үшқұдық­тағы алтын кенінің жарылыс учаскесінде қызмет істеген едім. Бұл іс бойынша білікті маман саналдым. Бірақ Қазақстанға келген соң 2004 жылы ССКӨБ-тің жарылыс учаскесіне сұранғанымда мені алмады. Әйел адам болған соң біліктілігіме мән берілмеген шығар. Содан мемлекеттік қызметте бір жыл істедім, бірақ мамандығымды жақ­сы көргендіктен кен, карьер мені тартты да тұрды. Комбинатқа келіп, тағы да жұмысқа сұрандым. Жөндеу-механикалық зауыттың құю цехына шәкірт болып кірдім. Алты айдан кейін-ақ маған шебер қызметі ұсынылды. Қазір қара­мағымда 50 адам бар. Біздің құю цехының маңыздылығы сондай, бұл цех тоқтаған күні кен алы­бының бүкіл жұмысы да тоқ­тай­ды, – дейді Айгүл Жетпісова. Жалындап тұрған жастың жігерлі әңгімесінен өзіне ғана емес, елдің ертеңіне сенімділік, сол еліне деген ыстық ықылас ескендей болады. Ол қазір Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде сырттай оқып, кен сала­сын­да екінші жоғары білім алып жүр. Өзбекстаннан келген оралман ағай­­ындардың арасында Айгүл секілді білімді, кен ісін, кен ор­нындағы техникалар тілін жақсы білетін жастар көп. Мысалы, карьерлерге шетелден әкелініп жат­қан жаңа техникалар тілін екінің бірі біле бермейді. Қазір Качар карьерінде алып «HITACHI» экска­ваторлары мен аударғыштар жұ­мыс істейді. Басқару тетігінің бар­лығы компьютерге негізделген тех­никаның сервистік қызметі өз алдына бір сала болып табылады. Осы техникаларды әкелген фир­ма­ның «Качар жобасы» бойынша істің барлығы да білікті маман­дарға келіп тіреледі. Сондықтан оны жинау, жүргізу, жүргізу­ші­лерге үйрету, жөндеу сияқты жұ­мыстардың барлығы Өзбекстан­нан келген Кенжехан Үмбетов пен Тимур Төртбаев сияқты жігіттер­дің қолынан өтеді. Қуатты тех­никалардың арқасында ғана кен өндірісін ұлғайту мүмкін болады. Кен карьерлерінде шетелдік алып техникалардың әзірге бесеуі жұ­мыс істеуде. Алдағы жылдары олардың қатары көбейе түспек. – Кенжехандай, Тимурдай маман жігіттер барда кәсіпорын қан­дай техника алса да уайым жоқ. Бұлар жапондық техни­ка­ларды шемішкедей шағады, – дейді ССКӨБ Качар басқармасындағы автокөлік цехының бастығы Сергей Чернов. – Өзімнің туып-өскен жерім Өзбекстанға ешқандай өкпем жоқ. Алайда атамекенге келгіміз келді. Рудный қаласының тұрғындары өте тату, бауырмал. Осы жерден ба­қы­тымды да, сүйікті жұмысым­ды да таптым. Қазір TURKUAZ machinery фирмасы құрған «Качар жоба­сы­ның» жетекшісімін. Жаңа техни­каларға сервистік, қадағалау қыз­метін көрсетеміз. Намыстан жара­л­ған халықпыз ғой, атамекенде біз де өзіміздің білімімізді, білігімізді көр­сетіп, елге қызмет етуді мақсат тұт­тық, – дейді Кенжехан Үмбетов. Бұл күнде Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде атажұрт­ты аң­сап келген екі мыңның сыр­тында қандастарымыз еңбек етеді. Олар үшін Рудный қаласы – құтты қо­ныс, кен орны – сүйікті жұмысы. Руд­ный қаласында бір кездері жергілікті ұлт­тың саны қала хал­қы­ның екі пай­ызын ғана құрай­тын. Оны да студенттердің есебінен деп айта­тын. Ал қазақ мектебі туралы сөз де болмайтын. Қазір Рудныйда үш қа­зақ орта мектебі бар. Жыл құ­сын­дай қуантып атамекенге қандас­та­ры­мыз орал­ға­лы кеншілер қаласын­да демо­гра­­фия­лық дүмпу де жоқ емес. Соколов-Сарыбай кен орны­ның ашылғаны, байыту ком­би­натының жұмыс істей баста­ға­ны өткен ғасыр­дың ортасы бо­латын, ол еліміздің бай тари­хы­ның бір парағына ай­налды. Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген кеншісі, ССКӨБ ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Әл­са­быр Дәр­мен­баев ақсақал кен ор­нының ал­ғашқы қа­зығы қағы­луы­на, Руд­ный қала­сы­ның ор­нына кеншілер шатырының тігілуіне куә жандардың бірі. Ол Соколов-Сарыбай кен байыту ком­­­би­натына келген академик Қа­ныш Сәт­баев­ты күтіп алды, ком­­би­наттың ал­ғашқы ди­ректоры Ни­­колай Сандригайломен бір­ге қыз­мет істеді. Кен алы­бы бү­гін­гідей ғажа­йып табыс­тарға бірден жете қалған жоқ, оның ірге­тасын қа­лаған аға ұрпақ еңбегі ұмы­тылмақ емес. Ал өн­діріс жастардан тамаша тұл­­ғаларды өсі­ріп шы­ғар­ды. – Осындай сары далада Руд­ный қаласы то­ты­құстай таранып өсіп шықты, – дейді ардагер Әл­са­быр Тұрғынбайұлы. – Ме­нің за­ман­дас­тарымның ешқай­сы­­сы­ның да Рудный туған қала­сы емес еді, біздің барлығымыз да сол кездегі Кеңес одағының түкпір-түкпі­рі­нен жиналған жас­тар едік. Ал оның есесіне біздің бала­ларымыз, немерелеріміз Руд­ный қаласында туды. Біздің жас­ты­ғымызға да, бақ­ыт­ты қартты­ғымызға да кеншілер қаласы куә. Өзіміз жас­тығы­мыз­ды берген, еңбек еткен кен бірлестігі қазір әр ардагерді ала­қанына салып отыр. Қаланың жайнап өсуі де кен алыбының арқасы. Соколов-Са­рыбай кен өндіру бірлестігіндегі жылу-электр стансасы қаланы жы­лытуды толық мойнына ал­ған. Тұрғын үйлер қысы-жазы ыстық сумен қамтамасыз етілген. Тұр­ғын үй демекші, кәсіп­орын кеншілерді тұрғын үймен қамтама­сыз етеді. Соңғы жыл­дары бірнеше үй пайдалануға берілді. – Компания жұмысының та­бысты болуы әлеуметтік жағ­дай­­ларға, яғни қызметкерлер мен жұмысшылардың тұрмы­сы­на бай­ланысты. Сондықтан бизнес жауапкершілігі біз үшін ең өзекті мәселенің бірі, – дейді кә­сіпорын басшысы М.Тұр­да­ху­нов. Расында дүниежүзілік бә­се­кеде ешкімге бәс бермеймін деп отыр­ған кен алыбы кеншілердің де, қа­ланың да барлық әлеу­мет­тік мә­селелерін қамтып отыр. Комбинат өзінің болашақ мама­ны бо­лып қалыптасатын жас­тардың жо­ғары білім алуына да қамқор­лық жасап, олардың оқу ақысын төлейді. Кеншілер қа­ла­сындағы ССКӨБ тұрғызған «Гор­няк» мә­де­ниет және спорт сарайы, «Рассвет» емдеу-сау­ық­тыру орталығы үлкен қалалар­дағы ғимараттар­мен бәс талас­ты­ра алады. Бұл емдеу-сауық­тыру орталығы жа­қын жылдары күрделі жөндеуден өткізіліп, ме­дициналық заманауи құрал-жаб­дықтармен жаб­дықтал­ған. Онда облыс өңірінде теңдесі жоқ лаборатория жұмыс істейді. Дәрі­гер мамандардың біліктілігі жо­ға­ры. Гүлмен көмкерілген кеншілер қаласының тазалығы он­ың сұлулығын айшықтай түседі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Рудный.