• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

Тұлғалар тұтынған заттар

351 рет
көрсетілді

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясына орай ұйым­дас­тырылған жәдігерлерді қабылдау рәсімі ерекше сипатта өтті. Ұлттық музейдегі жиында сөз сөйлеген Ұлттық музей ди­рек­торының орынбасары Жәкен Таймағамбетов «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы құнды жә­­­­ді­герлерді жоғалып кетуден сақтап қалу үшін және оларды бір орында топтастыру мақсатында жүріп жатқанын айта келіп: «Осы­дан бір жылдай уақыт бұрын дәл осы жерде бұл акция алғаш рет жү­зеге асырылған болатын. Осы ара­лықта акция Астана, Алматы және Қызылорда қаласында үш дүркін өтіп, нәтижесінде музей қо­­рына түскен 1305 жәдігерден желтоқсан айында «Ұлттық музейге сый» көрмесі ұйымдастырылды. Сол алғашқы жоба барысында қоғам және саясат қайраткері Ер­лан Қарин жебенің оқтарын, Әді­лет министрінің орынбасары Ба­қытжан Әбдірайым Билер соты­ның лауазымдық белгісі сынды та­рихи жәдігерлерді салтанат­ты жағдайда тапсырған еді. Сонымен қатар, кез келген қазақ есім­дерін мақтанышпен айтатын Шәмші Қал­даяқов, Кенен Әзірбаев, Қа­дыр Мырза Әлі, Жақсылық Үш­кем­­­піров сияқты, мұнан да басқа бел­гілі тұлғалардың пайдаланған бұйымдарын, еңбектерін енді музей экспозициясынан көруге болады», – деді Ж.Таймағамбетов. Бұл жолғы қабылданған жә­­­­­­­­­ді­­­­­герлердің арасында Әбіш Ке­­кіл­баев, Роза Бағланова, Зей­нолла Алшынбаев, Мәдина Ер­алиева, Александр Винокуров қа­тарлы даңқ­ты тұлғалардың және тағы да басқа танымал адам­дардың жеке өмі­рі мен шығармашылығына қа­тысты заттар бар. Р.Бағланованың келіні Марал Бағланова: «Біз анамыздың 1960 жылдардың аяқ шенінде тігілген сахналық көйлегін, қолына ұстаған орамалын және сахналық аяқ киімін бүгін музейге табыстап жатырмыз. Бұл киімдердің барлығын әншінің жеке тігіншісі тіккен болатын. Со­нымен қатар, өзіміздің суретші салған апамыздың портреті, шағын картиналары бар. Ұлт тарихына қатысты жәдігерлерді жинап жат­қан Ұлттық музейге алғысымыз шек­сіз» деп ризашылығын біл­дірсе, М.Ералиеваның ұлы Ар­сен Ералиев: «1997 жылы да­йын­далған анамның сахналық киіміне, тұтынған заттарына қо­са, біз үшін ең құнды жәдігер – анамның ұстаған баянын Ұлттық музейге сыйға тарттық. Ол кі­сінің 1970 жылдан бастап 1995 жыл­дарға дейін баянмен қосылып ән салғанын білмейтін жан некен-саяқ. Талай гастрольдік сапарларда осы музыкалық аспапты арқалап жүрген болатын. Сондықтан да бұл дүниенің халқымыз үшін де, біз үшін де орны ерекше деп ойлаймыз» деді. Сонымен қатар, Қазақстан көр­кем­өнер академиясының ака­де­мигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық нақышпен өр­нектелген шығармалары аңыз бен ертегілер әлемін елестететін Тілеу­жан Батанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, символист-суретші, монументалист, «Қазақ Елі» монументінің авторы, мүсінші Сембіғали Смағұлов, Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Көр­кем­өнер академиясының то­лық мүшесі, кескіндемеші, су­рет­ші-монументші, портретші Ерлан Са­хипұлы қатарлы суретші, мүсін­шілер де өз туындыларын музейге тарту ретінде сыйлады. «Егемен-ақпарат».