• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2011

Көзі бар жан көре білуі керек

711 рет
көрсетілді

(Әзілхан Нұршайықовтың «Замандасқа хатына» жауап) Ардақты Әзілхан аға! 22 маусымда газетте шыққан «Замандасқа хатыңызда» аға­лық сөз, ағалық қана емес, ақ­сақалдық сөз, ақсақалдық қана емес, аталық сөз айтып, ағы­ңыз­­дан жарылыпсыз. Бір заман­дасыңыз ретінде хатыңызға үн қоссам ба деп отырмын. Мен қазір Алладан болмаса, адамнан қорықпайтын жаста­мын. Зейнеткерлік жасқа жеттік. Мансап қуар кезден өттік. Біреулерге жағымпазданудың ре­ті жоқ, қазір оның тіпті керегі де жоқ. Сондықтан батыр Бауыр­жан ағамыз айтқандай «Өтіріктің ба­лын жалап күн көргенше, шын­дықтың уын ішіп өлген артық» деп жүріп жатқан жайымыз бар. Соғыс алдында дүниеге келгендер «жалаңаяқ жар кешіп, қы­зылаяқ қыр кезіп»,  қорқақ пен зорлықтың дәмін ерте тат­қан ұр­пақпыз. Балалық балғын шағы­мыз сұрапыл соғыс жыл­дарына тап келіп, әкеден ерте айрылып, жетім өстік. Пешенемізге жазыл­ғаны сол болған соң амал нешік? Өмірде жақсы мен жаманды, аштық пен тоқтықты, баршылық пен жоқ­шылықты көрдік, алаяқ­тық пен аяр­лықты да, зұлымдық пен зұл­матты да, қулық пен сұмдықты да бастан өткердік. Енді міне, Алла берген ғұ­мыр­дың арқасында ержетіп, есейіп, түтін түтетіп, үйлі-жай­лы болып, бала-шаға өсіріп, немере көріп отырмыз. Шүкір­ші­лік. Қол­дан кел­генше халыққа қыз­мет жаса­дық, ел үшін еңбек еттік. Өмір жолымызда неше түрлі адамдармен кездестік. Көре ал­ма­ған­дық­тан күле кіріп, күңі­ре­не шыққан­дар, тегершікке таяқ қыстырып, аяқтан шал­ған­дар аз болған жоқ. Ал аз ғана адал ең­бегіңді баға­лап, қол­тықтан демеп, қол ұшын бер­ген жандар­дың әлгіндей арам­­залардан кө­бі­рек болғанына қуа­на­мын. Еңбек­ке араласқан жолда ақылшы аға, өнегелі ұстаз бола білген «Қа­зақ­стан» баспасының директор­лары Абай Бейсембаев, Мұқан Мамажанов марқұмдар,  Қазақ телеграф агенттігінде бас директор болған Жұмағали Ыс­ма­­ғұлов, оның орынбасары Нұр­ма­хан  Ораз­беков  маған көп кө­мек­тес­кен жандар. Әсіресе, еліміз егемен ел атанып, тәуелсіздік алып, өз алдына шаңырақ көтер­генде сол шаңырақтың астында, яғни жаңадан құрылған Президент Аппаратында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның қара­мағында қызмет істеген жыл­­дарым­ды (1990-96) мақтан ете­мін. Ол кезең өмірім­нің ең бір шуақты жылдары бол­ды деп айта аламын. Нұртай Әбіқаев, Дәулет Сембаев, Мах­мұт Қасымбеков, Қадыр Әлім­­құлов, т.б. әріптес­тердің көр­сет­кен жол-жобаларын әсте ұмыта алмаймын. Ардақты Әзеке! Сіз бір­сы­пыра мәселелер бойынша Президентке хат жазып, жауап ал­ға­ныңызды және ол мәселелердің оңды шешілгенін жазыпсыз. Өзі­ңіз айт­қан­дай, атағыңыз бар бол­ғандық­тан, хаты­ңыз Прези­дент­тің жеке өзіне жеткен де болар. Ал қатар­дағы аза­маттар­дың мұң-зары ол кісіге жете бермейді. Қарамағын­дағылар тиіс­ті салалар бойынша министрліктер мен мекемелерге жолдай сала­ды. Ал олар­дан өзіңіз келтірген мысал­дардағыдай сыр­­ғытпа жауаптар келіп жатады. Өйткені, Елбасы­ның атына жа­зыл­ған ша­ғымн­ың бәрі­мен жеке танысып, жауап жазуға немесе оң шешілуін талап етіп тиісті орын­дарға нұсқау беруге Пре­зи­денттің уа­қыты жоқ, мүмкіндігі де бола бермейді. Мұн­­дай сыр­ғытпа жауаптар әсі­ресе сот, прокуратура ор­ган­­дары­нан көп келеді. Қазақ­тар­дың арыз-шағымы Жоғарғы Сотта қа­да­ға­лау­ға    жауап    беретін    А.Смо­­­лин­­нен,    Прокуратурада    М.Меркельден қайтып жатады. Өз басымнан өткен бір ғана мысал келтірейін. 1995 жылы сатып алып, 10 жыл тұрған саяжайымды сыр­тым­нан бір­неше адамға қайта сатып жіберіп, мені әуре-сар­саңға салып қой­ған А.Матвиенко мен В.Оголихин дегендерді қылмыстық жазаға тарту керек болатын. Бірақ сот органдары олармен ауыз жа­ласып алып, көрер көзге заңды бұзып отыр. Менің   бір алға қойған   мақ­­са­тым бар еді. Ол  ауылдағы қа­ра­до­ма­лақ балаларға бір ша­ғын спорт мектебін салуға көмектесу бола­тын. Соғыс алдында өмірге келіп, одан кейінгі қиын-қыстау кезеңде өскен біздер спорт де­ген­нің не екенін білмедік. Сон­дық­тан туған ауыл ал­дын­дағы перзенттік пары­зым­ды өтеу үшін спорт мектебін салуға көмек­тескім келіп еді. Өйт­кені ауыл балаларының арасында қан­шама таланттар бар, сол бола­шақ чемпион­дардың жолы ашы­лар еді. 2005 жылы жердің бағасы қатты көтерілді. Қала шетіндегі жасыл желектегі стандартты 6 сотық жер телімінің бағасы аспандап, бір сотығы 40-50 мың АҚШ долларына дейін барды. Мен осы­дан үміт­те­ніп, ойлаған мақ­сатыма енді жетер­мін-ау деп жүргенімде орта жолдан киліккен кісілер ме­нің саяжайымды сыр­тым­нан құ­ры­лыс компаниясына сатып жіберіп, оңай олжаға батып шыға келді. Қаншаға дейсіз ғой? 6 сотық жер­ді 54 миллион теңгеге ба­ғалаған! Бұл сол кездегі бағам бойынша 440 мың АҚШ доллары! Ал стандартты жер телімінің ба­ға­сы 150-180   мың   доллар   бо­ла­тын.   Ұйымдасқан   топ   ауыз жа­ла­сып алып, бұл бағаны көпе-көрінеу 2-3 есе өсірген. Бұл нағыз жексұрын жемқорлықтың нақ өзі! Содан мен сотқа шағым­дан­дым. Бірақ бәрі күні бұрын кесіп-пішіп қосылған екен. Әуезов аудандық сотының судьялары (Г.Жүсіп­қалие­ва, Р.Сартаева) заңды белінен ба­сып, алаяқтардың сөзін сөйлеп шыға келді. Ал кезінде мен бұл саяжайды көршім А.П.Мат­виен­кодан 9 мың долларға сатып алған болатынмын. Енді ол мұны екінші рет 440 мың долларға сатып жіберіпті. Бұл іс үш жылдан бері созылып келеді. Мұ­ның жай-жап­сарын түгел жазып, алдыңғы жылы қа­ра­ша айында Прези­денттің атына ша­ғым түсірген едім. Жоғарыда айт­қанымдай, істі қарау Жоғарғы Сотқа жіберілген екен. Одан келетін жауап белгілі. Сөзім дәлелді болу үшін мы­сал келтірейін. А.П.Матвиенко жер, саяжай са­тып алумен және оны қайта сатумен көптен бері айналысып келе жатқан жан болып шықты. Мысал­дар келтірейін. 1991 жыл. Алматы облысы, Қа­расай ауданы, Бағанашыл село­сы, Алматы көшесі, 18-үйді сатып алған (03-047-460-139), жер актісін 1999 жылы алған; 2004    жыл. АКХ Чапаево (03-047-441-504) 1,9000 га жер алған. 2007 жылы оны әйелі Л.В. Мат­виенкоға сыйлаған; 2005 жыл. Ауданның жер қорынан (03-047-203-1427) 0,4000 га жер алып, 2007 жылы ұлы Д.А.Матвиенкоға сыйлаған; 2006 жыл. Тастыбұлақ селосы, Бейсеуов көшесі, 1 а үйді алып (03-047-422-1034), 2007 жылы ұлы Д.А.Матвиенкоға сыйлаған; Ал 1995 жылы маған сатқан «Восход» бағбандық серіктестігіндегі Восточная, 2 а саяжайды он жылдан кейін (2005 жылы) сыртымнан жалған құжат жасап, екінші рет тағы да бірнеше адамға сатып жіберген. А.П.Матвиенконың Алматы қаласында тіркелген үйі: Сейфуллин даңғылы, 500, 42-пәтер. В.Оголихин де осындай іспен айналысып жүрген жанның бірі болып шықты. 2005 жылы «Восход» бағбандық серіктестігінің Вос­­точная көшесінен екі саяжай учаскесін (Восточная, 2 және Вос­точная, 3) сатып алған. Ол жердің бағасы күрт кө­тері­летінін ертерек біліп, оңай жолмен баюға кіріскен екен. Сөйтіп екі саяжай аз болған­дай, көршісі менің сая­жайымды да (Восточная, 2 а) бұ­рынғы иесі А.П.Матвиенкомен ауыз жала­сып, сыртымнан құры­лыс ком­па­ния­­сына сатып жіберген. В.Ого­лихин­нің мекен-жайы: Алма­ты, м-н «Казахфильм», 34 а, 4-пәтер. Ал бұл алаяқтардың әрқайсы­сының Алматыда 3-4 үйлері бар болып шықты. Мұндай қылмыс­тық істі көре тұра сот органдары көздерін жұмып отыр. Егер әрбір алаяқ осылай жасай берсе, қазақ­қа жер қала ма? Ал «Ша­ңырақ» пен «Бақайдағы» байғұс қазақтар өздеріне баспана салып алатын ұлтарақтай жер ала алмай отыр. *** Нұрекеңде ерекше бір қасиет бар. 90-жылдары Сауд Арабия­сы­на барып, Пайғамбарымыз жатқан жер­ге зиярат етіп шығып келе жат­қан кезде нөсер жауын төгіп жіберген. Араб баспасөзі ертеңіне аспаннан нұр жауды, ол нұрды Нұр­сұл­тан Назарбаев әкелді, деп тамсана жазған. Өйткені, елде жауын жау­ма­ғанына үш айдың жүзі болған екен. Осы нұр жайында Қазақ аг­рар­лық ұлттық университетінің про­фессоры, бір үйде тұратын көр­шім Аманжол Таңатаровтың аузынан естігенім бар. Универ­ситеттің 70 жыл­дық мерейтойына қатысқан Пре­зидент оқытушы-профессор құ­­р­а­­мы­мен сәлемде­сіп, әрқайсы­сы­ның қолын алып шығыпты. «Жүзінен нұр тамып тұрады екен, мен соған таңқал­дым», деп еске алады А.Таңатаров. 1991 жылы маусым айында достық және ынтымақтастық ту­ра­лы құжат­тарға қол қою үшін Өз­бекстан мен Қазақстан делега­циясы Түркі­стан қа­ла­сында кездесті. Делегация құра­мын­да Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­байұлы, т.б. ресми адамдар бол­ды. Рәсім Қожа Ахмет Ясауи кесе­несінің алдында өтті. Аспан ашық. Күн күйіп тұр. Екі ел Пре­зидент­терінің кіріспе сөздерінен кейін құжаттарға қол қо­йылды. Сол кезде аспанда шө­кімдей бұлт пайда болды да сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Шаң басылды. Жұрт аң-таң. Екі бауыр­лас ел басшы­лары­ның кездесуіне Алла-тағала­ның жасаған рақым­шы­лығы болар, деп жатты үлкен кісілер. Содан соң Ислам Кәрімов пен Нұрсұлтан Назар­баевқа екі ақбоз ат сыйға тартылды. Нұрекең атқа қар­ғып мінді. Нұрекең нағыз Даланың перзенті екенін сонда тағы бір дә­лелдеген. Бұл – өзім куә болған оқиға. *** «Сынықтан басқаның бәрі жұ­ға­­ды» дегенде атам қазақ нені мең­зегенін жұрт әртүрлі түсініп, екінің бірі оның дәл мағынасын дөп басып айта қоюы қиын. Ал «Көр­мес – түйені де көрмес» дегенді жеті жасар баладан жетпіске дейінгі қа­риялардың жақсы білетіні хақ. Қазіргі кезде бетімен кеткен кейбір баспасөз  құралдарын оқи қал­саңыз, төбе шашыңыз тік тұра­тыны былай тұрсын, тіпті ағарып үлгірмей жатып түсіп қала жаздай­ды. Өйткені, олар аузына келгенін айта салатын болды және айтып та жүр, ойына келгенін жаза салатын болды және жазып та жүр. Оларға салсаңыз, Қа­зақ елінде оң өзгеріс­тер, ілгерілеулер деген аты­мен болған емес және жоқ. Олардың ойынша, осының бәріне кінәлі бір-ақ адам бар, ол – Елбасы екен. Бұл енді көре алмаған күн­шілдіктің, мүттәйім мақсат­тың, сол баяғы даяр асқа тік қасық дей­тін ба­қай есептің салдары. Ондайлар Нұрекеңнің бастама­сы­мен ежелгі Есілдің жағасындағы бұрынғы көп­теген шағын ғана қалалардың бірі Ақмоланың ор­ны­на Сарыарқаның самалындай, жаңа арқаның жана­рындай болып бой көтеріп, қазақ елінің аста­насына айналып, атағы әлемге мәшһүр болып отырған алып ша­һар атанған Астананы да көргісі келмейтіні өкінішті-ақ. Қазақстанның өткен жылы Еу­ропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымына төраға­лық еткеніне де көңілдері толмайды олар­дың. Қазақстанның алдыңғы қатар­лы дамыған 50 елдің қата­рына кіруге ұмтылысы да ұнамай­ды оларға. Әйтеуір тырнақ асты­нан кір іздеумен әуре болып жүр­ген жандарға таңырқамасқа лажың қалмайды. Иорданияда Қазақстанның тұң­ғыш Президентінің атына көше берілуі, Түркияда ол кісіге ескерткіш орнатылуы да базбіреулердің ұй­қысын қашырып жүргені анық. Оу, бұл әр елдің ішкі шаруасы емес пе? Оған біздің араласуға қандай хақы­мыз бар? Бізде де шет ел қайр­ат­кер­леріне берілген көшелер мен қойыл­ған ескерткіштер бар ғой. Бұ­ған олардың елдерінің не азамат­тары­ның қарсылық білдіріп жат­қан­дарын көре алмадық. Мұндай іс-шара­лар мем­лекеттердің қарым-қаты­настарының жақсаруына, олар­дың арасында дос­тық байланыстар орнауына ықпал етері сөзсіз. Дала данышпандарының бірі Төле би: «Халық азса, хандыққа таласады» деп сонау қиын-қыстау кезең болған он сегізінші ғасырда дөп басып дәл айтқан ғой. Қазіргі қандастарымның кейбір қылықтарына қайран қала­мын. Олар­дың күні бірін-бірі күн­деу­мен, аңдумен өтіп жатыр. Бір-бірінің ішкен тамағын да, киген киімін де көре алмайтын халге жеткен. Бас­қа­лар, яғни келімсектер қос-қостан үй алып, бас-басына мәшине мініп, үріп ішіп, шайқап төгіп жүргенін, ал қан­дас­тарының жатақхана­лар­дың тар бөлмелерінде бала-шағасы­мен қы­сылып-қымтырылып күн кө­ріп жат­қанын, әйтпесе келім­сек­тер­дің артық баспаларын жал­ға алып, тапқан-таян­ғанын солар­дың ала­қа­нына са­лып беріп, өз елінде, өз же­рінде өгей болып жүргенін көрсе де көрме­гендей болады. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін облыстардың бірінші бас­шы­лары мен министрлердің біра­зы келімсектер болғаны жасырын емес. Со­лар­дың қазір тірі жүр­гендерінің бә­рі дерлік Ресейге кетіп қалған жоқ па? Жай кеткен жоқ, қалған өмір­леріне жетерлік байлық алып кетті.  Тіпті күні кеше Швей­ца­рия­ға қо­ныс ау­дар­ған Алматы қаласы­ның бұрынғы әкімі, жиын-тойлар­дағы сөзінің біс­мілласын «Кудай қаласа» деп бас­тайтын күйеу бала­мыз Виктор Хра­пуновты алайық. Қазір ол бай­лығы жөнінен сол елдегі бай адам­дардың қатарында бұрынғы ал­маты­лық Н.Анисимов екеуі 3-4 орында тұр. Ал оның ұлы Ильяс жиеніміз Швейцарияда әрі шипажай, әрі қонақ үй салып, еуро­па­лық­тарды бір жарыл­қап таста­мақ­шы екен. Бұған қандай уәж бар? «Бір жақсы көрген ада­мымды ақырына дейін жақсы көремін. Оған деген ілти­па­тым­ды еш­қа­шан да өзгертпеймін. Бұл менің бала күнімнен бо­йы­ма сіңген әдет» деп жазыпсыз, Әзеке. Бұл жа­ғынан мен сізге «ұқсап бақ­қан» екенмін. Мен де сондай­мын. Ел­басын еш­қашан жаман­дыққа қия алмаймын. Бірер мысал келтірейін. Тәуел­­сіздік алған соң 90-жылдардың басында Президент өзінің рези­ден­циясындағы дөңгелек залда әйел­дерді 8 наурыз мерекесімен құттық­тады. Кіріспе сөзден кейін кімнің құттықтағысы келеді деп залға қарады. Бірінші болып мінберге көтерілдім де сөзімді қазақ­ша бас­тадым. Конституция­мыз­дың құр­метіне, Тіл туралы Заңы­мыздың құрметіне мемлекеттік тілде тілек айтуға рұқсат етіңіз­дер, дедім. Мұндай жағдай бұ­рын-соңды кездеспегендіктен болар, жұрт аң-таң. Сосын мен орысша білемін, деп ақталғым келіп еді, Нұрекең: Тағы қандай тіл білесіз? – деді кекесінмен. Мен енді болар іс болды ғой деген сыңаймен: қырғыз тілін, өзбек тілін, ұйғыр тілін... деп түркі тіл­дерінің біразын атап шықтым. Президент жақтыр­май қырын қарап отырды. Сөзімді аяқтап орныма келдім. Бүлдіріп алдым-ау осы деген ой келіп, терлеп те кеттім. Ғаділбек Му­син деген жақсы сыйлас аға­мыз бас изеп, бас бармағын көр­сет­ті. Қал­ғандары орысша сөй­леді. Жиналыс­тан кейін: «Жігітім, сен, немене, Президент Конс­титуция­ны, Тіл туралы Заңды білмейді деп пе едің? Мұның әбестік болды», деп бұл қылығым үшін мені жазғырушылар да табылды. Мен мұны бәлендей бір ерлік жасадым деп айтып отырғаным жоқ. Тек тәуелсіздіктің дәмін әлі татып үлгіре қоймаған сол бір жылдары алғашқылардың бірі болып үлкен мінберден мемлекеттік тілімізде сөйлегенімді айтып жат­қаным ғой. Мұның алдында Түр­кістан, Мәс­кеу сапарларында Өз­бек­стан мен Ресей делега­ция­ларымен келіс­сөз­дер жүргізу ба­ры­сында ресми құ­жаттарды мемлекеттік тілде да­йын­дау үшін Пре­зиденттің қасына ерген адам­д­ардың са­пында бол­ғаным бар. Сондық­тан ол кісі аты-жөнімді толық білмесе де түсімнен тани­тын. Менің қаупім орынсыз бо­лып шықты. Негізінде дәл сол жиын үстінде менің қазақша сөйле­геніме онша разылық білдірмегені үшін Президентке кө­ңі­лім толмай қалғаны да рас еді. Жалпы, Нұрекең жайшы­лық­та өте қарапайым, жайдары жү­реді. Халыққа жа­қын­дығы да содан болар. Ал жұ­мыс кестесі жайында Кеңсе бас­ты­ғы Махмұт Қасымбеков ба­спа­сөзде талай рет жазды. Менің бір білетінім – Нұрекең көбіне та­ңертеңгі тоғыздан кеш­кі то­ғызға дейін жұ­мыс істейді. Са­ғат кешкі тоғызда бөлім бастық­тары үй­лері­не қайту­ға жинала бас­тай­тын. Сосын кезек сектор мең­геру­шілеріне келетін. Бұл Президент жұмыстан жаңа ғана шықты дегенді білдіретін. Елі­нің қамын ойлап түн ұйқысын төрт бөліп жүретін Нұрекең осы­ның бәрін халықтың бола­шағы үшін жасайтын. «Ер Төстік» ертегісінде «То­ғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дейтін тұс бар. Ол – әкенің ұлдарына берген баталы бағасы. Құдайға шүкір, халқы­мыз айбарлы ұлдарға, жай­дары қыз­дарға ешқашан кем болып көр­ген емес. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы – сан ғасырлар бойы басы­нан бағы тайып, соры ашылмай, жат жұрт­тықтардың қас-қаба­ғына қа­рап жалтақтаумен күн кешіп келген қасиетті халқы­мыз­дың қал­ған ұрпағының алаң­сыз өмір сүруі үшін туған ұл! Алла-тағала оған ұзақ ғұмыр берсін! Ардақты Әзеке! Сіздің за­ман­дастарыңызға қарата айтқан ой­ларыңызға алып-қоспақ бол­ға­ным осы бір жәйттер еді. Артық-кемі болса, көңіліңізден шықпай жатса, ғафу өтінемін. Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, Қазақстанның құрметті журналисі. Алматы.