Таяуда «Motor.kz» порталында бір қызық фото жарияланды. Онда кәдімгі кеңес үкіметі кезінде шығарылған ескі «Москвич-412» Шымкент нөмірімен түсіріліпті. Былай қарасаң, қызық факт. Грекияның жүрегі – Афина қайда, Қазақстанның күн сәулетті Шымкенті қайда?!
Осы Афинада Олимпиада ойындары өтті. Қазақстандық спорт делегациясының құрамында барған Зияддин деген жігіт ағасы, бүгінде марқұм, бір қызық әңгіме айтып беріп еді.
– Афинада даудырап бір топ қазақ әңгіме айтып бара жатыр едік, – дейді Зәкең, – Көшеде отырған бір ақсақал орнынан атып тұрып, таза қазақша: «Япырай, қазақсыңдар ма?», – деді. «Қазақпыз. Шымкенттенбіз», – дедік таңырқап. «Онда іштеріңде құлшығаш бар ма?».
Зияддиннің өзі қоңырат тайпасының құлшығаш руынан ғой. Біраз жігіт келемеждеп күлген. Ол ант-су ішіп түсіндірді. Сөйтсе, әлгі ақсақал Шымкенттің Кентауында тұрыпты. Қаратаудың тәжі атанған Кентау – Еуропаның көне қалаларына өте ұқсайды. Қазақстан қалаларының ішінде төбеде аспалы шам орнатылған велосипедке арналған жолды осы Кентаудан көргенбіз. Кентауда гректер тұрған. Тағдыр талайымен Қазақстанның осы қаласына жер аударылып, өткен ғасырдың 90-жылдарында тарихи Отанына қайтқан гректер қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып кеткен.
Әлгі Афинадағы грек құлшығаштың бір азаматымен замандас болып, жілік ұстатқан дос екен. Кеңестік кәрі тарлан «Москвичтің» иесімен Грекияға сегіз мың шақырым жүріп келуін осылай түсіндіруге болады.
Гректер Отанына қайтқан 90-жылдары «Москвич» бүгінгі «Мерседестей» бағалы еді. Бүгінде әлі шымкенттік нөмірі шешілмеген ИЖ-412 Афинаның Tharipou көшесіндегі №12 үйде 2009 жылдан бері тұр деседі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.