• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2016

Ұрпақтары ұмытпайды

515 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-сазды рухани тағылымды кеш өтті. Мәдени шараның мақсаты – сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығын, рухани бай мұрасын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізіп, насихаттау. Кешке жамбылтанушы ғалымдар, көрнекті қаламгерлер, ақынның шөбересі Бекмұрат Жамбыл, жыршы-термеші Ақан Әбдуали, сондай-ақ Жамбыл көшесі мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен еңселі ескерткіші бой түзеген Медеу ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты. Кешті оқу орнының басшысы, академик Тілектес Есполов ашып, қазақ халқының мақтанышы, жыр алыбы Жамбылдың торқалы тойы Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келіп отырғанын, бү­гінгі шара еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіп жатқан дүбірлі мерекенің жалғасы екенін айта келіп, дүлдүл ақынның шығармаларын кеңінен насихаттау, артында қалған мол мұрасын зерделеу, ел бірлігін асқақтатқан жырлары арқылы жас ұрпақты отаншылдық сезімге тәрбиелеуде аса қажеттігіне екпін түсірді. Мерейтойлық жиында сөз алған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­­ту­­тының директоры, ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылым­да­рының докторы Уәлихан Қалижанов Жамбыл Жабаев өлең жөргегімен келіп, оның егізіне, серігіне айналғанын, өлең ақынның бағын ашып, қоғамдық ойдың тайқазанына салғанын, сондықтан да оның ән-жырлары, күйлері мен айтыс­тары, дастандары нәрлі, айқын, қуатты бол­ғандықтан қазағымен бірге жасайтын ұлттық құндылыққа айналып кеткендігін айтса, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы бабамыздың айтыс өнеріндегі мәдениетіне тоқталып, кейде Жамбылды халыққа жа­қын­датудың орнына үйреншікті қабыл­датып жіберу сәл болса да зиянын тигізіп жататынын, сондай-ақ Кенен ақсақалдың Жәкең жайындағы «Өлеңде – әнші, домбырада – күйші, ақындықта – ақын» деген өлшемдері тереңірек зерделенсе дей келіп, залда отырған келешек жас мамандарды ұлттың тұтастығына, болашағына қызмет етуге шақырды. Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінде шығатын «Жамбыл әлемі» журналының редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов бүгінде жыр дүлдүлі мұрасының зерт­теліп, зерделеніп, оның тәлім-тәрбиеге қан­ша­лықты өзек болып жатқанын, Абай атындағы ҚазҰПУ-ның ұйымдастыруымен І республикалық студент ақындардың айтысы өткенін, Жамбылдың лирикалық терме-толғаулары, философиялық, педагогикалық, психологиялық тағылымы мен ерекшелігін алға тартты. «Тұлға даму» орталығының жетекші қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Ізтілеуова да бір ғасыр өмір сүріп, екі ғасырдың жүгін арқалаған Жамбыл бабамыз өзімен бірге тамаша айтыс өнерінің, фольклордың керемет тереңде жатқан байлықтарын халыққа тағылым ретінде беріп кеткенін, сондай-ақ «Неге Жамбыл – феномен, Жамбыл – құбылыс?» деген сауал қойып, оған мазмұнды, жан-жақты жауап берді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген М.Ботабеков.