• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2011

Сергей және Светлана Меденниковтер: «Отанға қызмет етуден асқан бақыт жоқ»

437 рет
көрсетілді

Ауылда тұрып-ақ кәсіпкерлікті жан-жақты өрістетіп отырған бұл отбасы тағдырдың Қазақстанмен қайта қауыштырғанына дән риза. Олар аумалы-төкпелі сол бір кезеңнің ығымен кетіп қалмай, баянды бақыт жолын нық таңдауын ел тәуелсіздігімен тығыз байланыстыра айтудан әсте жалыққан емес. Бұл жөнінде  отбасы, ошақ қасының сәнін кіргізіп, ұйытқысына айналып отырған Светлананың шертер сыры көп. – Светлана Федоровна, тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғын­да адамдардың сең соқ­қан балықтай әрлі-берлі сенделген қалпын көз ал­ды­мыз­ға бір елестетіп көрейікші. – Біз – ауылда туып-өсіп, төбе-қойнауында ойнап өскен ұрпақпыз.  Алаңсыз балалық ша­ғымыз туған жер төсінде өтті. Ауыл баласы болған­дық­тан, ата­ме­кеннің әр шоқысы, әр талы ыстық. Кеңшарымыз әлеует­ті еді. Мыңғырған төрт түлігіне, қуат­ты машина-трактор паркіне өзгелер қызыға қарайтын. КСРО ыдырап, эко­номикалық байла­ныс­тарымыз сөгіледі деп кім бол­жапты? Адамдар естерін жи­ғанша на­рықтың дүлей желі жер-дүниенің астан-кестеңін шы­­ғар­ды. Қазақстанды қоныс­тан­ған ха­лық­тар тұрмысқа қо­лай­лы жер іздеп, жан-жаққа үде­ре көшті. Ту­ған-туыстарын сағалады. Со­лар­­дың бірі – біз, немістер Гер­ма­нияны бетке ал­дық. Алдымен әке-шешем қоныс аударды. – Сіздер ат басын қашан бұрдыңыздар? – 1996 жылдың жа­зын­да. Көп­ке дейін қобалжып, әрі-сәрі күйге түскеніміз бүгінгідей көз алды­мыз­да. Түні бойы кірпік ілмей, таң аты­рамыз. Петропавл пе­даго­ги­ка­лық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген кезім. Мамандық бойынша қыз­мет етпек түгіл екі қолға жұмыс та­бу­дың өзі – үлкен машақат. Оның үс­тіне жас отбасымыз. Бала-шағаны асырау – басты  уайым. Сөйтіп жүргенде, Германиядағы туыс­қан­дардан  «тез жетіңдер» деген хабар келді. Осылайша тағ­дырдың жазуы­мен шетелге қо­ныс аударуға тура келді. – Еуропаның төрінде ор­на­ласқан өркениетті де да­мы­ған елде тұру  әркімнің маң­дайына жа­­зыла бермейтін бақ десек, ба­қыт құсынан өз ерікте­ріңіз­бен  бас тарт­ты­ңыз­дар ма, әлде кері қай­туға басқадай себептері болды ма? – Осы сауал маған жиі қой­ылады. Қолымды кеудеме қойып айтар болсам, туған жерге қайта оралғанша асықтық. Ұнамады десем, ешкім сөзімізге сене қой­мас. Олай айтуға ауыз бармайды, тұрмысымыз жаман болған жоқ. Еңбектендік, ел қатарлы өмір сүрдік. Алайда, шетелде тұрған 2,5 жылдың ішінде үнемі бір нәрсе жетіспей тұрғандай көрін­ді. Сөйтсек, ол – атамекенге, ауыл­дастарға, құлын-тайдай тебісіп өскен құрбы-құрдастарға деген қимас сезім екен. Оларды ойлағанда,  кеудемізді әлдебір өксік қысып, жанарымызды  жас шылайтын.  Не керек, үйренісіп кете алмадық. Бір күні  жүгімізді жинастырдық та: «Қазақстаным, қайдасың?» деп тартып кеттік. Ешкімнің  сөздеріне қараған жоқпыз. Қараңызшы, туған жерге оралып едік, көңіліміз байыз тапты, жанымыз жайланып сала берді. Туған жерге деген са­ғы­ныш­тың мұншалықты құдыретті күш, жалынды от екенін кім біліпті?!. – Көрші-қолаң  мен жора-жол­­дастарыңыз қалай қарсы алды? – Қашан жеткенше қатты қобалжығанымыз рас. Неше түр­лі ойларға берілдік. Бәрі қош­та­сарда қимастықпен шығарып қал­ған еді. Енді қатулы қабақпен қарсы алып, табалайтындай, қай­тып келгенімізді бетімізге салық ететіндей, күндерін көре алмай келді деп күндейтіндей көрінген. Жоқ! Ауылдастарымның шын көңілмен қарсы алған ақжарқын жүздерін көргенде қалай жылап жібергенімді білмеймін. Сергей­дің де көңілі босады. Барын ал­дымызға тосты. Бізден кейін Германиядан  Шағалалы ауылына 5 отбасы көшіп келді. Солардың бірі Анатолий мен Татьяна Свистуновтар кәсіпкерлікпен айна­лы­сады. Меккерлердің жас отбасы, зейнеткерлер лидерлердің де таңдауы Қазақстан болды. – Кей кезде Германияда неге тұра бермедік деген өкініш билемей ме? – Атамаңыз! Олай ойласам, елжандылығым, отаншылдығым, қазақстандық  рухым жалған бол­ғаны ғой. – Жолдасыңыз Сергей бай­ыпты, орнықты азамат көрі­неді. Жеке кәсіпкерлікті бірлесіп ұршықша иіріп  отырған секілдісіздер. Онымен қалай танысып жүрсіз? – Жоғарыда айттым ғой, жо­ғары оқу орнын тәмамдап келген дипломды жас маман болсам да «жұмыссыздар» санатында жүрдім деп. Қайда жұмсаса да бас тарт­паймын. Сөйтіп жүргенде Сергей кезікті. Бішкектен біздің ауылдағы жолдасын сағалап келіпті.  Бәрі «жігіттің төресі» екен деп ауыз­да­рының суы құрығанша мақтайды.  Көрейінші деп көз қиығымды салсам, шынында да көп-көрім. Атақ-даңқы жер жарған спортшы екенін кейін білдім. Нысана көздеп атудан КСРО құрамасына мүше болған. Халықаралық дәрежедегі спорт ше­бері деген дардай атағы бар. Ита­лияда өткен әлемдік жарыста жүл­дегер атанған. Тез түсінісіп кет­тік. Өзімізді бақытты отбасы санаймыз. – Өмірден өз орындары­ңыз­ды тапқан екенсіздер. Ал бизнес әлеміне қалай келдіңіздер? – Германиядан оралысымен  ша­ғын  кәсіпкерлікпен айналысуға құлшына кірістік. Бұл орайда, неміс ағайындардан үйренген іс-тәжірибе үлкен көмегін тигізді. Ол жақтан құрал-жабдықтар алдырып, шағын колбаса цехын аштық. Кейін өндіріс көлемін арттырып, ет өнімдерін қалдықсыз өңдейтін кәсіпорынға айналдырдық. Жы­лына 300 тоннаға дейін өнім өндіре алады. Былтыр 16 миллион теңге несие алып, жаңа технологиялар мен заманауи  қондырғылар сатып алдық. Сауда нүктелеріміз Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, тағы басқа қалаларда ор­наласқан. Бүгінде 50 ауылда­сы­мызды  жұмыспен қамтып отыр­мыз. Ет және колбаса өнімдерінің 150-ден астам түрін шығарамыз. Республикалық байқаулардың 3 алтын, 1 күміс медалін жеңіп алдық. «ИСО-9001» халықаралық сапа  сертификатын иеленгенбіз. Қазір әлемдік нарыққа шығудың жолдарын іздестірудеміз. Жуыр­да біздің кәсіпорында Стивен Финдли басқарған ағылшындық компания өкілдері болып  өнім­дердің экспортқа әзірлігі жайлы сараптама жүргізді. Қорытынды қуан­т­арлық. Сондай-ақ Жапо­нияның зерттеу тобы облыстық әкім­шілікпен бірлесе отырып біздің кәсіпорын шеңберінде өңірде тамақ өнеркәсібін дамы­тудың ор­тақ жобасын жүзеге асыруға уағдаласты. Айта берсе, табы­сымыз көп-ақ. Мұның бәрі –еліміздің өркендеуінің, ұстанған саясатымыздың дұрыстығының, заманның тыныштығының ар­қа­сы. Шағын кәсіпкерлікке жол­дасым басшылық жасайды, мен – оның орынбасарымын. – Сіз тәуелсіздік ұғымының қадір-қасиетін қалай түсінесіз? – Айналаға қараңызшы, бір мезет көз жіберіңізші! Адамдар­дың жүзінде нұр ойнайды, ба­қыттылықтың лебі еседі. Қа­зақ­стан өз алдына егемендік алған кез бен қазіргі кезеңді салыс­тырсақ – арасы жер мен көктей. Содан бері дамудың даңғыл жолына түсіп, көптеген елдерге үлгі болып отырмыз. Осындайда тәуелсіздік деген тәтті ұғымның қадір-қасиетін тіпті сезіне түс­кендей боласың. Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың халық­тар арасындағы  бірлік пен ын­тымақты көздеген саясатына ештеңені теңдестіре алмайсың. Мұндайда Отанға, елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ! Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы.