Ұлы Жамбылдың 170 жылдық мерейтойы ақын атындағы ауылда мәресіне жетті
Бір ғасыр ғұмыр кешкен жыр алыбының дүниеге келген күні – ақпанның аппақ қарының көбесі сөгіліп, көктемнің шуағы жылымық шашар мезгілмен әрдайым тұспа-тұс келіп қалады. Табиғаттағы осы құбылыстың өзі кейде бір қызық-қызық әңгімелерге түрткі болатыны бар...
Белгілі ақын Орысбай Әбділдаұлы ағамыз былай дейді:
– Сонау жастық шағымыз өткен 60-ыншы жылдар – студент кезіміз есіме түседі. Жамбыл атамыздың туған күні таң бозында Алматының он жігіті бас құрап, жолға жиналар едік. Ой-һой, ол кездегі ақпанның ақырғы күндері қандай еді десеңізші! Қаланың тау бөктерінде аттың сауырын сипар қалың қар жататын. Сайдың тасындай сақырлаған Жәкеңнің ауылының жігіттері – көшбасшымыз Алматының спортын зейнет жасына жеткенше басқарған атақты спортшы Ізбасар Оразбақов бас болып аяғымызға шаңғы байлаймыз. Содан Алатаудың бауырын жағалап аппақ қармен сырғанай заулап, тіп-тіке ауылға тартып кетеміз. Екі ара төте жолмен 50-60 шақырымның үстінде. Танауымыздан ып-ыстық бу бүркіп бір жарым сағаттың арғы-бергі жағында ауылға жетіп келеміз де, Жамбыл атамыздың мазарына тәу етеміз. Одан қалтамыздан умаждалып шимайланған ақ парақты алып жарыса жыр оқимыз. Күні бүгінгі арқалы ақындардың автобуспен Алматыдан келіп атамыздың ескерткіші басына жыр оқитын дәстүрі содан қалған...
Ақынның меңзегені – Жамбыл атамыздың 170 жасқа толған күні жер дүние бусанып, қырда бәйшешек гүлдеп, күн шуағын шашып көктемнен хабар бергені еді. Орысбай аға табиғаттың құбылысына еріксіз мойынсұнып, жастығын сағынып тұрды...
...Мерейтой күні Алматыдан Ұлы Жамбылдың рухына құрмет көрсетуге әдейі келген меймандардың арасында қазақтың барша танымал азаматтарымен қатар шетелдіктер де жүрді. Ақынның рухына Құран бағышталды. Жыр оқылды. Ән шырқалды. Сый жасалды. Ас берілді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, министрлер, дипломаттар, ақын-жазушылар, қарапайым жыр-сүйер қауым ақынның – «ХХ ғасырдың Гомерінің» 170 жылдық мерейтойының ешбір дабырасыз салиқалы да салмақты түрде өтуіне септігін тигізді.
Қонақтар «Ақындар мен батырлар ауылынан» арқаланып қайтты. Тіпті... бір күннің ішінде құлаш-құлаш қырқаларда қау етіп шыққан бәйшешек теңізін кешіп жүріп, гүл теріп қарық болды. Жырдың пірі мен табиғаттың сыйы дәл бұлай үйлесім тапқанына таңданбай көріңізші енді!!!
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.