• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2016

Тең мүмкіндік және еркін таңдау

228 рет
көрсетілді

Кеше Ақмола облысы әкімдігінің ғимаратында облыстық сайлау комиссиясының отырысы болып өтті. Күн тәртібінде «Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжі­­лі­сінің кезектен тыс сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихат­тардың кезекті сайлауы кезінде саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығынан үміткерлердің сайлауалды үгіт жұмысын жүр­гізуіне тең мүмкіндіктер жасау туралы» мәселе қаралды. Оты­рысқа саяси партиялар мен мәс­лихат депутаттығынан үміткер­лердің сайлауалды штабының жетекшілері мен мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Облыстық сайлау комис­сиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов сайлауға дайындық жұмыстары Мемлекет басшы­сының Жарлығына, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы мен негізгі шаралардың кестелік жоспарына сай жүргізіліп отырғанын атап өтті. Қазір сайлауалды үгіт жұмыстары белсенді сипат алуда. Сайлау комиссиясы төра­ға­сының айтуы бойынша, алда­ғы сайлауды ойдағыдай өткі­зуге құрамында 7567 адамы бар 1081 сайлау комиссиясы қа­тыс­тырылады. Мұның ішінде облыс­тық мәслихаттың сайлауын ұйым­дастыруға 20 аумақтық және 33 округтік комиссия, қалалық мәслихаттарда – 29, аудандық мәслихаттарда 214 округтік комиссия мен 785 учаскелік сайлау комиссиясы септік жасайтын болады. Үстіміздегі жылдың 21 қаңтарынан облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі барлық округтік комиссиялар, 20 ақпаннан учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істеуде. Облыста Парламент Мәжі­лісінің депутаттығына партиялық тізім бойынша үміткерлерді ұсыну, партиялық тізімдерді тір­кеу және барлық деңгейдегі мәс­ли­хаттар депутаттығына үміткер­лерді ұсыну мен тіркеу аяқтал­ды. Ал Қазақстан халқы Ассам­блеясынан Мәжіліс депутат­тығына ұсынылған үміткерлерді тіркеу алдағы 5 наурыз күні аяқталады. Ақмола облысында жергілікті мәслихаттарға 934 үміткер ұсы­нылып, 863-і тіркелді. Оның ішін­де облыстық мәслихатқа – 102, қалалық мәслихатқа – 100, ау­дандық мәслихатқа 661 үміт­кер тіркелді. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттарға сая­си партиялардан 292 үміткер ұсы­нылып, 280-і тіркеуге алыныпты. Мұның ішінде «Нұр Отан» партиясынан – 267, «Ауыл» партиясынан – 5, «Ақ жол» партиясынан – 5, ҚХКП-дан – 2 үміткер тіркеліп отыр. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен 581 үміткер немесе барлық кандидаттардың 67,3 пайызы тіркелген. Саяси партиялардың үлесі 32,4 пайызды құрайды. Отырыста облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Ольга Добычина сайлауалды үгіт науқанын жүргізу тәртібі мен ерекшеліктері туралы жан-жақты түсінік берді. Комиссия мүшелері жинал­ғандар сұрақтарына тиісті жауап­тар қайтарды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.