• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Келешегі зор кешендегі кездесу

324 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Ха­лық­аралық әйелдер күні мерекесіне орай «ҚазТехЭкспо» сауда-өндірістік кешенінде болып, студенттермен кездесу өткізді. Басқосудың ол жерде өтуінің себебі, аталмыш кешеннің еңбек ұжымының 70 пайызын әйел адамдар құрап отыр екен. Кездесуге Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов, Инвес­тициялар және даму вице-министрі А.Рау, Астана қаласы әкімінің орынба­сары Е.Аманшаев, сонымен қатар, өзге де мемлекеттік органдар мен білім сала­сының өкілдері қатысты. «ҚазТехЭкспо» өндірісте жаңа технологияларды қолдана отырып, машина жасау, тоқыма өнеркәсібі бойынша дуальды оқыту үдерісіне, кәсіби стандарттар мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге бел­сене атсалысып, колледж бен жоға­ры оқу орындарының студенттеріне тәжі­рибеден өтуге мүмкіндік туғызып келеді. Г.Әбдіқалықова өз сөзінде 2015-2019 жылдарға арналған ин­дустриялық-инновациялық да­мудың мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде экономиканың алты негізгі саласы үшін 10 жетекші колледж және 10 жоғары оқу орны білікті кадрларды даярлап, кейіннен осы тәжірибенің еліміздің басқа да оқу орындарына таратылатыны жөнінде айтып өтті. Білім алушылар арасында кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу үшін олардың кәсіби таңдауына көмек көрсетуге, болашағын айқындауына, еңбек және кәсіптік оқытуға қажетті жағдай жасау үшін еліміздің 9 өңірінде 5-11 сыныптардың 20 мыңнан астам оқушысын қамти отырып, 29 оқу-әдістемелік комбинат жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта еңбек нарығындағы бос орынның 70 пайыздан астамын жұмысшы және техникалық мамандар құрайды. Кездесу аясында Мем­лекет­тік хатшы компанияның өндірістік-техникалық базасымен танысып, олардың жұмыла атқарған жұмысы ел дамуына жасалған қарқынды қадам деп баға берді. «Қазіргі кезде кәсіптік білім алу өте маңызды. Бүгінгі заманның талабы сондай. Осыған байланысты бұл жұмыс бірнеше жыл бұ­рын басталған. Елімізде 75 мың жас өрен кәсіптік бағдар ал­ған. Бірақ біз бұл жағдайды 100 пайызға қамтуды жоспарлап отыр­мыз», – деді жиын соңында Гүл­шара Наушақызы. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».