Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Бундестаг депутаты Хартмут Кошиктің Алғыс айту күніне байланысты жолдаған хаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Германия Федералдық үкіметінің қоныс аударушылар мен аз ұлттар мәселесі жөніндегі уәкілі Х.Кошик Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстандағы неміс диаспорасы өкілдерінің игілігі үшін жемісті ынтымақтастықты қолдап, тікелей назар аударып келе жатқаны үшін алғыс айтады.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында «Алғыс айту» күнінің негіздемесін жариялап, режім кезеңінде Қазақстанға күштеп жер аударылған 800 мың немістің қасіретті тағдыры туралы айтқаныңыз үшін Сізге айрықша ризашылығымды білдіремін. Қазіргі уақытта Германияда тұрып жатқан, Сіздің елден келген көптеген немістер сол қиын уақыттардағы қазақ халқының жылы қарым-қатынасы мен достық пейілін зор ілтипатпен еске алады», – делінген хатта.
Сондай-ақ, Х.Кошик Нұрсұлтан Назарбаевты Германия Федералдық үкіметі біздің ел үкіметімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыратынына, республикамыздың саяси, қоғамдық және экономикалық дамуына ел игілігі үшін өздерінің қомақты үлесін қосып келе жатқан Қазақстандағы неміс диаспорасы өкілдеріне болашақта да қолдау көрсете беретініне сендірді.