Маңғыстауда сирек кездесетін шаруашылық түрінің бірі – құс өсіру. Өңірдің климаттық жағдайы алуан түрлі құстың бейімделуі мен өсіп-өнуіне қолайлы бола кетпесе керек. Алайда, Түпқараған ауданында тауықтарға қосып, бөдене шаруашылығын қолға алған азаматтың еңбегі сүйсінерлік.
«Ақ Кетік бөденесі. Түпқараған» деп атау тағып, құс өсіру шаруашылығын құрған Тілеген Бодықов бұған дейін әртүрлі салаларда еңбек еткен жұмысшы екен, әсіресе құрылыс саласына еңбегі сіңіңкірепті. Қазір денсаулығындағы ақау салдарынан «үшінші топтағы мүгедек» болып танылды. Бірақ, тағдырдың салғаны осы екен деп аз-маз жәрдемақыға қарап отыра бермей, кәсіпкерліктің тізгінін қолына алғанына көп болған жоқ. Осыдан бір жыл бұрын құрған жеке шаруа қожалығына Қарағандыдан барып бөдене сатып әкелді. Қазіргі таңда 700 бас бөдене мен 200-ге тарта тауықты бағып, еті мен жұмыртқасын халық игілігіне ұсынып отыр. Тілегеннің ендігі мақсаты бөдене санын көбейту, әзірге 1000 басқа, кейін 4000 басқа дейін жеткізу болып отыр. Ол үшін бір айдан соң, яғни осы көктемде жұмыртқаларды инкубаторға салмақ. Инкубатор демекші, оны екінші деңгейлі банктен өз қажетіне несие алған Т.Бодықов валюталар бағамы теңселерден сәл бұрын Ресейден сатып әкелген болатын.
– Мен құстарымның еті мен жұмыртқасын сатып-саудалап шықпаймын, оған менің денсаулығым да көтермейді, уақытым да жоқ. Бірақ, денсаулыққа пайдалы болғандықтан осы бөдененің жұмыртқасын да, етін де Форт-Шевченкодан ғана емес, Ақтаудан, Бейнеуден, Жетібайдан, Атыраудан, сонау Астраханнан келіп алады. Әсіресе, адам ағзасына қажетті 14 түрлі дәруменді беретін, қан тазартып, қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан, бауыр, өкпе мен жүректің қызметін реттеп, ойлау қабілетін, ми қызметін жетілдіретін жұмыртқаға сұраныс көп дейді шаруашылық иесі Тілеген Бодықов.
Түпқараған ауданындағы кәсіпкерлер палатасының көмегімен 25 сотық жер алған кәсіпкер осы аумақта торларын құрып, жем-шөбімен, суымен жеткілікті қамтып отыр. Тілеген кәсіпкердің тағы бір қуанышы бар, ол – жуырда жеңілдетілген несиемен кәсіпкерлікті қолдау аясында несиеге қол жеткізбек. Адамдардың денсаулығы үшін қажетіне жарап тұрған шаруашылықты дамыта түсу үшін қаражаттың қажет екені белгілі. Кәсіпкер осы қаражат қолға түсісімен, өз ойында жоспарлап жүрген жақсы істерді жүзеге асыратынына сенімді. Ол Түпқараған аудандық кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған шағын несиелеу ұйымының көмегімен алатын несиесін оның жеке кәсібіне мемлекеттің беретін қолдауы, демеуі деп түсінеді және осы қолдауға лайықты еңбектене түсетіні сөзсіз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.