АСТАНА. 3 наурыз. Сирияның Хама қаласынан 40 шақырым жерде үкімет әскері 28 содырдың көзін жойды. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға орнында лаңкестік топтың ондаған адамы түрлі жарақат алды. Үкімет әскері жағынан қаза тапқандар жайлы нақты ақпарат жоқ. Жергілікті атышулы «Джебхат-ан-Нусра» лаңкестерімен қақтығыс әлі де жүріп жатыр. Олар әскери бекеттерге шабуыл жасаған.
Ал елдің солтүстік-шығысында «Ирак пен Левант» экстремистері электр станциясын басып алып, тасжолды жауып тастады. Алдын ала болжам бойынша, содырлар Ракка қаласының солтүстігінде қол жинап, шабуыл жасауға дайындалып жатыр.
Айта кетейік, Сирияда Башар Асад үкіметі мен оппозициялық күштердің арасында бейбіт келісім орнады. Алайда, бұл келісімнің аты аталған лаңкестер тобына еш қатысы жоқ.
Аян Әбдуәли.
Дерек: 24.kz.
Сурет: news.mail.ru.