Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) тізімі бойынша Мәжіліс депутаттығынан үміткерлердің тізіміне енген бір топ коммунист кеше өздерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырды.
Облыстық және аудандық коммунистік партия белсенділерімен дөңгелек үстел басындағы кездесуде партияның серкесі Владислав Косарев көсіле сөз сөйлеп, өздерінің бағдарламасының артықшылықтары мен коммунистік қозғалыстың бүгінгі әлемдегі қадамдары туралы кеңінен әңгімеледі.
Бүгінгі таңда біз батыстық жүйенің тұйыққа тірелгенін көріп отырмыз. Ал уақыт тезіне төтеп берген коммунистік қозғалыс алдыңғы қатарға шығуда. Өйткені, оның негізінде адами құндылықтар жатыр. ҚКХП – маркстік идеяны насихаттаушы, ісін жалғастырушы партия. Біз қоғам мүддесін қорғап, социалистік мемлекетті орнатуға бағыт алатын жаңа адамды тәрбиелеуіміз керек. Біздің бағдарламамыздың негізгі ұстыны осындай. Оны біз бастауыш ұйымдарымыздың күшімен барлық ауылдықтарға жеткізуіміз керек. Үгіт-насихат жұмыстары барлық майданда белсенді жүргізілетін болсын. Әрбір қазақстандық компартияның көздеген мақсатын білуі керек. Оның бағдарламасы басқа саяси күштердің көздеген мақсатынан ерекше екенін, біздің мұратымыз қарапайым еңбек адамының мүддесі екенін халық білгені дұрыс, деді В.Косарев.
Дөңгелек үстел басында партияның Атырау облыстық комитетінің жетекшісі Ерболат Дәулетқазиев те сөйлеп, ҚКХП сайлауалды бағдарламасын облыс халқының алдында насихаттау жұмысы ойдағыдай жүргізіліп жатқанын айтты. Атыраулық жастар партия бағдарламасына қызығушылықпен қарайды, оның негізгі ұстанымдарын қолдайды. Коммунистік идеалдарды жүректеріне жаттаған жаңа адамды тәрбиелеу барысында айтарлықтай табыстарымыз да бар. Біздің жастарымыз патриоттық, интернационалдық рухта тәрбиеленуде. Оқу орындары партияның ардагер коммунистерінің ақыл-кеңесін, үлгі-өнегесін естулері үшін жас ұрпақпен кездесулерге жиі шақырып тұрады. Партия мүшелері мұндай жұмыстарға белсене қатысып, аға ұрпақтың үлгі-өнегесін жастарға жеткізуде жалықпайды, деді өз сөзінде облыстық комитеттің жетекшісі.
Кездесу қорытындысы бойынша, партия белсенділері коммунистік қозғалыстың халықшылдығын, еңбек адамын қолдау бағытындағы ерен істерін насихаттай отырып және осы себепті сайлаушыларды өз партиясына дауыс беруге шақыруды жалғастыра беру керектігі туралы шешім қабылдады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.