• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Бізді біріктіретін ұлы күш – мемлекеттік тіл

650 рет
көрсетілді

Айтайын дегенім...

Бүгінгі таңда Қазақстан ұлтаралық және діндераралық келісімді сақтауда әлемге үлгі болып отыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Астанада үш рет ұйымдастырылды. Жуырда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясы өтті. Ұлт пен ұлтты бір-біріне деген сый­лас­тық пен сенім, салт-дәстүріне көрсетілген құрмет жақындастыратыны анық. Сонымен қатар, бір шаңырақтың астына біріктіретін ұлы күш – мемлекеттік тіл. Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлер­дегі бірлестіктері де, әр түрлі этностардың мәдени бірлестіктері де өз тілдері мен салт-дәстүрлерін жаңғыртумен қатар, өз іштерінде арнайы курстар ашып, мемлекеттік тілді меңгеру үстінде. Бұл – жақсы бастама. Адам тілді білген сайын сана-сезімі толыға түседі, өзге ұлттардың жандүниесін тү­сінеді. Өмірде өзіне жақын достар жи­найды. Қызмет барысында да тілді білгеннің тиімділігі өте зор. Осыны ұғына білген өзге этнос өкілдері «Қазақстанда тұрып, өз елім­нің тілін білуім керек!» деген патриоттық сезіммен мемлекеттік тілді ешқандай қиындық­сыз меңгеріп алуда. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлей алатын қазақстандықтар өз тілін үйренуге талпыныс жасамай жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болып отыр. Менің айтайын дегенім, қосымша қаржы бөлмей-ақ мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтарымызға көмек көрсетуімізге бола­ды. Мәселен, орыс және басқа ұлттар тілінде дәріс беретін мектептерде ашық сабақтар мемлекеттік тілде жүргізілсе, ол да бір игілікті іс болар еді. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында саяси және мә­де­ни іс-шараларды мемлекеттік тілде өткізу қолға алынса, ол да оң бастама болатыны сөз­сіз. Сонымен қатар, орыс және басқа ұлттар тілінде дәріс беретін мектептерде, колледждер мен университеттердің бөлім­дерін­де мемлекет және қоғам қайрат­кер­лері­мен, ақын-жазу­шы­лармен кездесулер мемлекеттік тілде өткені жөн. Мұны неге айтып отырмын. Жақында бір танысымнан Астанадағы дарынды ақын Төле­ген Айбергенов атындағы мектептің бала­ла­ры осы қыршын кеткен ақынның кім екенін білмейтінін естідім. Бұл нені көрсетеді. Мектеп директорының мектеп атауын шә­кірттердің санасына сіңірмегені­нен. Ақын­ның атын иеленіп отырған мек­тептің жағ­дайы осындай. Бұл бір мектептің басындағы ғана проблема емес. Осы жәйтті Білім және ғылым министрлігі қадағалауы керек. Өйткені, әр адам қызықты әңгімені түсінгісі келеді. Қазірдің өзінде кейбір орыс мектептерінде ара-тұра болса да қазақ қаламгер­лерімен кез­десулер өтіп жүр. Ондай басқосудан шә­кірттер рухани байлық алып, халқымыздың салт-дәстүрін біле түседі. Кеңес Одағы тұсында орыс тілін үйре­тудің оңай тәсілдері қолданылды. Мәселен, бір ауыз орысша білмей әскерге барған қазақ баласы екі жылдан кейін еркін сөйлеп келді. Осы орайда мемлекеттік тілді үй­рену­дің тағы бір әдісі ретінде біздің қорға­ныс сала­сының қызметін толықтай мемлекеттік тілге көшіру керек. Яғни, әскери комиссариаттан бастап осылай істесек, ұтатынымыз күмәнсіз. Бүгінгі таңда әскерде сапқа тұруға, жүруге берілетін бұй­рықтар ғана мемлекеттік тілде айты­лып жүр. Ол аздық етеді. Сондықтан әске­ри өмірдің тыныс-тіршілігі мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Қазақстанның және әлемнің саяси жаңалық­тары, еліміздің ішкі және сыртқы жағдайы туралы мәліметтер айтылатын саяси жат­ты­ғу сабақтары мемлекеттік тілде өткізілсе, бұл тілді үйрену үшін бірінші кезекте жауын­герлерімізге жасаған көмегіміз болар еді. Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты.