• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

«Алаш көсемсөзі» 10 томдығының алғашқы 4 томы жарыққа шықты

723 рет
көрсетілді

Байланыс және ақпарат ми­нис­тр­лігінің «Әдебиеттің әлеуметтік ма­ңыз­ды түрлерін басып шығару» бағдар­ла­масы бойынша жарық көр­ген аталмыш жобаның жетекшісі және жалпы редакциясын басқарған – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факуль­тетінің деканы, Журналистика мә­се­­ле­лерін зерттеу институтының ди­рек­торы, профессор Намазалы Ома­шев екенін де айта кетсек дейміз. 10 томдық еңбектің алғашқы 4 томында бұрын еш жерде жария­лан­ба­ған «Шолпан», «Жас Түр­кістан» жур­налдарындағы жария­ла­нымдар топтас­ты­рылған. Тұң­ғыш рет көпшілік наза­рына ұсы­нылып отырған әр томның көлемі 22 баспа табақтан тұрады. «Алаш көсемсөзі» сериясымен жарық көр­ген 4 томдықтың 3-4-томында, сон­дай-ақ Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай­дың бас редакторлығымен 1929-1939 жылдары Францияда, Берлинде шыққан «Жас Түркістан» журналында жарияланған ұлттық тәуелсіздік, ел мен жер мәселесі, ғылым-білім, тіл туралы және тағы басқалар жайлы көсемсөздер енгізілген. Осыған дейін Мұстафа Шоқайдың жеке-дара мақалалары ғана қарастырылса, бұл томдарды шығарушылар «Жас Түркіс­тандағы» жарияланымдарды тұтас жарыққа шығаруды мақсат етіпті десек, сол кездегі түркі халықтарына ортақ ша­ғатай тілінен материалдарды кирил­лицаға аудару үшін де талай еңбектің сіңгені белгілі. Нама­за­лы Омашев өз сөзінде: «Осыған дейін Алаш әдебиеті, Алаш тарихы, Алаш­тың саяси көзқарасы біраз зерттелген. Ал енді Алаштың публицистикасы, Алаш көсемсөзі осыған дейін үлкен еңбек болып шыққан жоқ. Яғни, бүгінге дейін Алаш баспасөзі журналистика тұрғысынан зерттелмеген. Жур­налистика мәселелерін зерттеу институты ашылғаннан кейін, осы іске бел шешіп кірісуге тура келді. Жалпы, «Жас Түркістан» – біртұтас Түркістан тәуелсіздігі идеясын көтеріп, бүкіл түркі жұртының азаттығы үшін күрес­кен басылым. Бар ғұмырын «азат және біртұтас Түркістан құру» идеясына ар­на­ған және сол жолда тынбай күрескен алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқайдың өмірі мен саяси қызметі осыған дейін біршама зерттелген. Десе де, Мұстафа Шоқайдың мол мұраларының арасы­нан осы уа­қыт­қа дейін қалтарыста қалып келе жат­қан бір мәселе бар болатын. Ол – эмиграциядағы Мұстафа Шоқай­дың Париж бен Берлинде 1929 жылдың желтоқсанынан 1939 жыл­дың қыркүйегіне дейін, яғни 10 жыл бойына шығарып тұрған «Жас Түр­кіс­тан» журналы. Оның түп­нұс­қасы еліміздің бірде-бір кітап­ха­налары мен мұрағаттарында жоқ. Бізге белгілісі – «Жас Түркістан» ба­сылымының бар­лық сандары Нью-Йорктегі Колумбия университетінде, Анкарадағы Аяз-Тахир Түркістан Еділ-Орал қоғамының кітапханасында сақталған. Амери­ка­дағы нұсқасына айтарымыз – Мұстафа қазасынан кейін оның кітаптары Париждегі музейде сатылымға шы­ғары­лады. Міне, осы кезде кейбір жеке кі­таптарымен бірге осы «Жас Түркіс­тан­ның» Мұс­тафа қолындағы сақталған 10 томдық түпнұсқасын да Колумбия университеті сатып алған. «Жас Түркіс­тан­ның» бұл сандарында Мұс­тафаның араб жазуындағы қол­таңбалары, керек жеріне жасаған түсініктемелері мен жазбалары бар», – деп ойын түйіндеді. Сондай-ақ 1922-1923 жылдары Ташкентте жарық көрген «Шолпан» журналы Өзбекстан­ның мемлекеттік мұрағаттарынан көшіріліп алынғандығы айтылды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.