• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

Төрелiк шешімдер қабылдау

389 рет
көрсетілді

әділеттілік қағидаларына негізделгенде ұтымды Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында он төрт мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына халықты жұмыспен қамту, экология, ғарыш қызметі, теміржол жолаушылар көлігі, мемлекеттік қызметтер көрсету, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу және өзге де маңызды мәселелерге қатысты заң жобалары ұсынылды. Бірінші кезекте қаралған «Ақпарат саласындағы қылмыстық әрекетке қарсы іс-қимыл бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің өзара іс-қи­мылы туралы хаттаманы ра­ти­фикациялау туралы» заң жоба­сы қабылданды. 2014 жыл­дың желтоқсан айында Мәс­кеуде қол қойылған хаттама ақпа­раттық қауіпсіздік жүйесін қалып­тастыруға, ыдыратушылық ақпа­раттық ықпал етулер мен төтен­ше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Және де ҰҚШҰ ая­сындағы арнайы қызмет орган­дарының өзара әрекеттесу тәрті­бін айқындайды. Бұл ретте, ақпараттық техно­ло­гияларды қолдана отырып жасалатын және ұлттық заңнамада конституциялық құрылыстың негізіне, мемлекет қауіпсіздігі мен бей­бітшілікке және адамзат қауіп­сіздігіне қарсы қылмыстар ретінде сараланатын қылмыс белгілері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырып, ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтасуға міндетті болатындығы да көрініс тапқан. Сондай-ақ, жалпы отырыста «Құ­қықтық актілер туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен депу­таттар тарапынан қолдау тапты. Мұндағы негізгі мақсат – нор­ма­тивтік және нормативтік емес құ­қықтық актілер туралы заңна­маны бір жүйеге келтіру. Тара­тып айтқанда, нормативтік құқық­тық актілер тобына қазіргі уа­қытта қолданылатын норма­тивтік құқықтық актілер мен олар­дың түрлері жатқызылады. Ал нор­мативтік емес құқықтық актілер­ге нормативтік құқықтық ресми түсіндіру актілерін, жеке қолданы­латын құқықтық актілерді, мемле­кеттік жоспарлау жүйесі саласын­дағы құқықтық актілерді жатқызу ұсынылады. «Төрелік туралы» заң жобасы және оған ілеспе түзетулер де се­на­торлар тарапынан қолдау тапты. Әділет министрі Берік Има­шев заң жобасын әзірлеу төре­л­ік пен аралық сот қызметін құқық­тық реттеудегі бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында арнайы екі заңды шоғырландыруға ба­ғытталғандығын ерекше атады. Осыған байланысты «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық төрелік туралы» заңдардың күшін жою ұсынылып отыр. Заң жобасында төрелік қызмет саласындағы заңнама нормаларын 1985 жылғы «Халықаралық сауда төрелігі туралы» ЮНСИТРАЛ үлгілік заңына, 1958 жылғы Шетелдiң төрелiк шешiмдерiн тану және iске асыру туралы Нью-Йорк конвенциясына, 1961 жылғы Сыртқы сауда төрелiгi туралы Еуропа конвенциясына сәйкестікке келтіру көзделген. Және де төрелік пен аралық сот­тардың жағдайлары олардан шек­теулерді алып тастау арқылы теңестірілмек. Атап айтқанда, төреліктің ведомстволық қарауына, дау­да халықаралық элементтің бар-жоқтығына қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалар ара­сындағы барлық жеке құқықтық дау­ларды жатқызу ұсынылып отыр. «Сонымен қатар, мемлекеттік орган­дарға, квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар субъек­ті­леріне және тауарлар мен көрсеті­летін қызметтер нарығында басым жағдайға ие субъектілерге, сон­дай-ақ, екiншi деңгейлі банк­тер мен банк операцияларының жеке­леген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға төрелiктер құруға тыйым салынады. Бұл сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылықтар факторларын және төрелiк шешімдер қабылдауға сырттан әсер етуді болдырмайды», – деді Берік Мә­жит­ұлы. Министр, сонымен қатар, Қа­зақ­станның Төрелік палатасын құру және оның жұмыс істеуі заң жобасының маңызды жаңашыл­дық­тарының бірі болып табылатынын да атап көрсетті. Аталған палата төрешілердің қызметін іске асыру, ынталандыру және қолдау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, олардың ұлттық және халықаралық деңгейде қатысуына септігін тигізеді. Сенаттың жалпы отырысында бұдан басқа «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен (екі оқылымда мақұлданып) қабылданды. Заң жобасы үлескерлердің, құрылыс салушылардың және уәкілетті компанияның заңды мүдделерін тиімді қорғау мен іске асыруды қам­тамасыз етуге бағытталған. Баян­дама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов депутаттардың сұрағына орай жауабында 2007 жылы елімізде үлестік қатысу бойынша проблемалы 450 тұрғын үй нысаны бар болса, оған жалпы алғанда 62 мың 889 үлескер қатысқандығын алға тартты. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2016 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша үлестік қатысудағы проблемалы нысандар саны – 12, ал ондағы үлескерлер саны 1136 екен. «Осының ішінде ағымдағы жылы проблемалы 11 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал 2017 жылы ең соңғы проблемалы нысан салынып бітеді. Бұл – Астанадағы «Территория комфорта» тұрғын үй кешені», – деді вице-министр. Вице-министр, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысына қатысатын үлескерлердің тәуекелдері де барынша азайтылғандығын алға тартты. Құжат, жалпы алғанда, тұр­ғын үй құрылысы саласына халық­тың қаражатын тарту арқылы үлес­керлердің тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталады. Сенаторлар, сондай-ақ, заңна­маға теміржол жолаушылар кө­лігі мәселелері бойынша түзету­лерді қабылдап, заңнамаға ғарыш қызметі мәселелері бойынша тү­зе­тулерді екі оқылымда қарағаннан кейін барып қолдады. Бірінші оқылымда мақұлданған заңнамаға мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түзетулер де депутаттар қолдауына ие болды. Палата бұл орайда «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Ал «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және заңнамаға халықты жұмыс­пен қамту мәселелері бо­йынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».