• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

Инновациялық жобаларға жол ашық

297 рет
көрсетілді

Еліміз инновациялық жолмен дамуды мықтап қолға алған. Оның алғашқы нәтижелері көңіл қуантады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов айтты. Ұлттық агенттік инновациялық даму саясатын жүзеге асырушы екенін жеткізген спикер, осы ба­ғыт­та Мемлекет басшысы алға қой­ған мақсаттарды орындау нә­тижелі болып жатқанына тоқталды. «Қазіргі таңда инновациялық жобасын ұсынып, көрсетуге және оны жүзеге асыруға барлық жағ­дай жасалып жатыр деуге болады. Ол үшін біздің тарапымыздан барынша қолдау мен көмек көр­се­тіледі. Еліміздің ғалымдары мен өнертапқыштары кез келген жаңа­лығын көрсетіп, оның пайдалы екенін дәлелдей алса оны жекеше­лендіріп, патенттеп алуына біз кө­мектесеміз», деді Ж.Сәлімов. Басқарма төрағасының кел­тірген мәліметтеріне сүйен­сек, өт­кен жылы 462 өтінім келіп түсіпті. Бұл рекордтық көрсеткіш көрінеді. Олардың ішінде сарапшылардың іріктеуінен өтіп, іс қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 млрд. 623 млн. теңгені құрайтын 51 жоба нақты қолдауға ие болыпты. «2013 жылы 188 өтінім келіп түсіп, 822,8 млн. теңгеге 44 келісімге қол қойылды. Ал бұрнағы жылы біз 280 өтінімді қабылдадық. Оның ішінде жалпы сомасы 641,1 млн. теңгені құрайтын 38 жоба грантқа ие болды. Енді былтырғы жылға келсек, дәл қазіргі уақытта 185 өтінім сарапшылардың қа­рауында іріктеліп жатыр. Бұл жұмыс осы бірінші тоқсанның аяғына дейін мәресіне жетеді деп отыр­мыз. Өтінімдер санының мұнша­лықты көбеюіне жобаларды қар­жыландыру мәселесінің жақ­саруы мен еліміздің 8 өңірінде орна­ласқан жүзден астам отандық кәсіп­орындармен жүргізілген насихат жұмыстары әсер етті деп ойлаймыз», деді төраға орынбасары. «Технологиялық даму жөнін­дегі ұлттық агенттік» АҚ-тың мәлі­метіне қарағанда, грант алушы­лардың арасында «Ғалам», «Элек­тровоз құрастыру зауыты» және «Swissgrow» секілді компаниялар бар. Белгілі болғандай, «Ғалам» ЖШС ғарыштық аппараттар үшін қажетті күн сәулесінің қуатын анықтайтын құрылғыны өндіретін жаңа технологияны енгізуде. «Гранттық бағдарламаның нақты тиімділігі туралы айтатын болсақ, 2015 жылы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында 800-ге жуық жұмыс орны, оның ішінде 403-і кәсіпорындар­да, 343-і стартап жобалардың негі­зін­де құрылды. Грант алушылар өткен жылы 1,25 млрд. теңге көлемінде салық төледі, 22 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бұлармен бірге, сыртқы нарыққа шығарылған экспорт көлемі 8 млрд. теңгеге жуықтады», деді Ж.Сәлімов. Еліміздегі инновация және өзге де түрлі ғылыммен шұғылданатын жандарға нақты қолдаулар көр­се­тіліп отырғанын айтқан спикер, әлемге әйгілі ағылшын ғалым-астрофизигі Стивен Хокинг қазақ­стандық жас ғалым Исаак Мусто­пуломен кездесуге келісімін бер­генін айтты. Былтыр Тараз қала­сының 14 жастағы тұрғыны Исаак Мустопуло «Үйлесімділік теория­сы» ғылыми жұмысын әзірлеп, оқушылар арасында өтетін Ұлт­тық инновациялық жобалар кон­кур­сының арнайы сыйлығына ие бол­ған еді. Сол кезде байқау ұйым­дас­тырушылары жас ғалымның арманын орындауға көмектесетіндерін айтқан. Сондағы Исаактың арманы, әйгілі ғалым-астрофизик, мүгедек арбасына таңылып отырса да, ғылымда аса маңызды жа­ңалықтар ашқан Стивен Хо­кингпен кездесу еді. «Стивен Хо­кингтің хатшылығынан жауап күтіп отырмыз. Ол кісіде уақыт тапшы екені мәлім. Десе де, олар қазақстандық жас ғалыммен кездесуге қызығушылық танытып отыр. Тіпті Исаакпен кездесіп, оның ғылыми жұмысын талқылауға да дайын. Бұған қоса, оқушыға британдық ғылым мұражайын көрсетіп, Кембриджге апаруды да жоспарлағанбыз», деді басқарма төрағасының орынбасары. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».