Ол – өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басы еді…
Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (бүгінгі – «Атамекен») газетінің үрпек бас тілшісі Есенқұл Жақыпбековтің айтыс әлеміне атбасын имене бұрып, бабын байқап, бағын сынап жүрген кезі.
...Дәл қазір есімде қалғаны сондай айтыстың біріне жанкүйер болып қайтқан қызуқанды бас редакторымыз Әбілғазы Тоғызбаев редакцияға әріптесімізден бұрын оралды.
– Есенқұл жарады... Жарады! Қарсыласын бас көтертпей төпеледі. Өзінің тілі тотияйындай ащы шығып келеді... Молоток! – деп қызметкерін көтермелеген басшымыздың сөзінен кейін бәріміз Есенқұлдың «аудандық газеттің редакциясын ұятқа қалдырмағанына» қуанысып, мәз боп қалдық. Содан кейін барып Әбекең ағамыз болған оқиғаны тәптіштеп айта бастады.
– Алғашында біздің Есенқұл біраз булығып, сөзін жүйелей алмай кібіртіктеп, домбырасын «тыңқылдатып» ай... сасқалақтады. Қолымда қамшы жоқ... Бола қалса да сахнаға қалай шығам? Залда отырып қара терге түстім. Сілтеп салатын бір қамшы жетпей тұрды-ай... Абырой болғанда, әйтеуір, біздің батыр бір-екі сүрініп барып, жолын тапты.
Сондағы Әбекең ағамыздың әлденеше рет қайталаған «қамшы» сөзі текке айтылмаған екен. Кешікпей сырын ұқтық. Көбіміз ертеректегі Сүйінбай мен Қатағанның тарихи айтысында қазақ ақынының жон арқасына тоғыз өрім бұзау тіс қамшының осып тигенінен хабарсыз екенбіз.
...Қазақ пен қырғыз елінің аузымен құс тістеген ақындары ел намысын ту етіп, айтысқа түседі. Қара өлең десе қазандай қайнайтын қазақ ақыны Сүйінбай қырғыз Қатағанмен бетпе-бет отырып, домбырасын қолына алғанда, ә дегенде... сөзге булығып кібіртіктей береді. Мұны тез сезіп, ашуға мінген Тезек төре баптап барған ақынының жон арқасын дәлдеп тұрып: «Не қара басып отыр?» деп қамшысын сілтеп салады. Сонда ғой Сүйінбайдың арыстандай атылып, сөз маржанын ағытқаны. Көмекейге жетіп құйылуға шақ тұрған ой тасқынының қотарылып түсуіне Тезек төренің қамшысы сеп болған деп, Әбекең әңгімесін аяқтады. Біз бас шайқадық.
Сол жолы бас редакторымыз Әбілғазы Тоғызбаевтың «қамшысынан аман қалған» редакцияның сүйіктісі Ешо – Есенқұл Жақыпбеков араға екі-үш жыл салып, айтыста қамшы салдырмайтын дарабоз дәрежеге жетті. Сирек те болса өтіп тұратын республикалық ақындар айтысынан өз үлестерін алып үлгерген ұзынағаштық Әсімхан Қосбасаров атамыз бен Жолдасхан Құрамысов ағамыздың атақ-даңқы дүркіреп тұрған. Қазақ үшін сазы жанға жайлы, сөзі мақпалдай жұмсақ «Суықтөбе» әнінің авторы Жолдасхан аға «Екпінді еңбек» газетінде редактордың орынбасары қызметін атқаратын. Редакцияның боз қырандары – Нағашыбек пен Сейітхан, Манарбек пен Рәтбек, Әлімжан мен Нүсіпбай да айтыс десе дегбірі кетіп, «әу» деуге әмәнда даяр тұрар еді. Редакция Есенқұлдың нағыз айтысқа дайындалатын жаттығу алаңына айналды. Сейітханның фотолабораториясында шанағында саусақ іздері бадырайып көрініп тұратын бір қара домбыра сол жылдары пайда болды.
Шын тұлпарлар шабысынан байқалады деген рас. Қайдан тапқаны тек бір өзіне мәлім, Есенқұл ақын «жақсы менен жаман» туралы айтқан Сүйінбайдың термесін жай жүргенде де ыңылдап айтатынды шығарды.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жақсы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей...
Сүйінбайдай ақынның өз аузынан шыққан «орыстың күймей піскен бөлкесіндей...» деген тіркес бәрімізге таңсық болғаны да есте. Осынау теңеуді сөздің орайы келгенде әрқайсымыз пайдалана қойғанды ұнатып тұрушы едік. Араға көп уақыт салмай Есенқұл Жақыпбеков ерекше суырыпсалма дарынымен танылып, республикалық телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанды.
Бірақ, кейін... Есенқұл ақын айтысты да, сатиралық өткір шумақтарды да біржолата бір бұрышқа жиып қойып, лирикаға – сезім поэзиясына ес-түссіз бой ұрды. Десе де шабытына шабыт қосып нәр беретін пірлерін ұмытқан емес! Сүйінбайдың жырларын жатқа соғып, өмірінің соңына дейін «Жамбыл тәтесіне» арнап жыр шумақтарын жұлдыздай жарқырата шашып жүріп, өзі де аққан жұлдыздай боп өтті де кетті! Қайран Есенқұл!..
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.