– Нұргүл Тұманбайқызы, кітапхана – сырлы әлем. Сіздің кітапханашы мамандығын таңдауыңызға не себеп?
– Мен 1979 жылы арман қуып Қазақтың мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының тіл-әдебиеті бөліміне бардым. Алматыда тұратын ғалым Мекерия Атымов ағамыз «Ауылда білімді кітапханашылар жоқ, неге осы бөлімге тапсырмайсың?» деп ағалық ақылын айтып, жол сілтеген еді. Студент кезде С.Мәуленов, Ф.Оңғарсынова, Т.Молдағалиев, Т.Ахтанов, Ө.Қанахин т.б. көптеген ақын-жазушылармен өткен кездесу кештері есімде сақталып қалды. Институтты 1983 жылы бітірген соң барлық саналы еңбек жолымды осы мамандыққа арнадым.
– Студент кезіңізде көрген үлгі, алған тәліміңізді қызметте жалғастырып жүрген боларсыз?
– Кітапхана – мәдениеттің бір саласы болғандықтан, республиканың, облыстың маңызды оқиғаларына атсалысып жасаған қызметіміздің бәрі мен үшін есте қаларлықтай болды. Тұрғындарды сауаттылыққа, адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеуге атсалысамыз. Өңіріміздегі ақындармен, өнер және еңбек адамдарымен жастардың кездесу кештерін, конференциялар ұйымдастырып, өмірден өтіп кеткен халқымыздың айтулы ақын-жазушыларының шығармаларын ұрпақ санасына сіңіруге тырысып келеміз. Кітапхана «Жастар орталығы», қаладағы әртүрлі ұлттық-мәдени орталықтармен, ұйымдармен, оқу орындарымен, мектептермен тығыз байланыс жасайды.
– Ауылдағы оқырмандармен байланыс қалай?
– Бізде ауыл тұрғындарына кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету кешен-көлігі бар. Біз бұл көлік арқылы кітапханасы жоқ елді мекендерде орналасқан оқырмандарға стационардан тыс кітапханалық қызмет көрсетеміз. Заман талабына сай әрбір адамның ақпаратпен қамтылуына жағдай жасау бағытында кешен толықтай қызмет көрсетуге ыңғайландырылған, яғни кешенде ноутбук, ксерокөшірме, сканермен қатар, спутниктік байланыс жүйесі арқылы ғаламтор қолжетімді. Тұрғындарға ақпараттық қызмет көрсету машинасымен Мұнайлы ауданының Ынтымақ, Дәулет, Баянды, Батыр, Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын, Қарақия ауданының Мұнайшы, Жетібай, Маңғыстау ауданының Тиген, 10-бекет елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетіледі.
– Кітапхана өмірін заманауи талапқа сай жетілдіру жұмыстары туралы айтсаңыз.
– Ақпараттық қоғам кітапхана қызметіне жаңа қажеттіліктер мен мүмкіндіктер туғызуда. Елімізде «Электронды үкімет» бағдарламасы жүзеге асырылуда, осыған байланысты тірек кешенді кітапханалар жұмысы қолға алынуда. Маңғыстау облысында Жетібай, Ақшұқыр, Жыңғылды, Боранқұл елді мекендерінің кітапханаларын интернет желісіне қосып, онлайн орталығына айналдыру міндеттері тұр. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін кітапхана қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығын арттыру қажет. Осы мақсатта БҰҰ-ның Бірлескен бағдарламасы «Маңғыстау облысының тұрақты даму және әлеуметтік-экономикалық модернизация мүмкіншіліктерін кеңейту» орталығының менеджерлері SAGA оқу орталығынан кітапханашыларды курстан өткізді. Кітапханашылар курстан интернетпен жұмысты меңгеру, үкіметтік порталға шығу, интернет ресурстарын пайдалану арқылы ақпарат кеңістігін кеңейту жөнінде көптеген сабақтар алды. Сондай-ақ, оқырмандарды эстетикалық бағытта тәрбиелеп, қолөнерге баулу және кітапханаға тарту мақсатында өнер әдебиеттері бөлімінде «Ажур» және «Өнер» қолөнер үйірмелері тегін жұмыс жасайды.
– Маңғыстау облысында кітапхана ғимаратының мәселесі ақсап келе жатқаны мәлім. Бұл мәселе шешімін әлі таппаған сияқты...
– Республика бойынша бірден-бір арнаулы ғимаратсыз отырған біздің облыстық кітапхана. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді мақала жарияланған болатын. Қазіргі таңда ғимарат салуға жер беріледі деген хабар бар. Жер мәселесі шешілсе, жобалық-сметалық құжатқа 25 млн. теңге шамасында қаражат қаралып жатыр деген жақсы жаңалығымыз бар.
Сүйікті қаламызға сәулеті келіскен, заманауи техникамен жабдықталған ғимарат әлдеқашан салынуы керек еді. «Ештен кеш жақсы» деген, ғимаратқа қол жетсе, бұл – кітапқа көрсетілген құрмет деп сезінер едік.
– Нұргүл Тұманбайқызы, мамандығыңызды шын сүйетіндігіңізді 40 жылға таяған еңбек өтіліңізден де, кітапханаға қатысты мәселелерді айта білген жанашырлығыңыздан да байқап отырмыз. Сізді мерекемен құттықтап, сұхбатыңыз үшін рахмет айтамыз.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.