• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

Әлімжеттіктің әлегі ме? Әлде...

Конституция  талаптарына  сай  неке  мен  отбасы, ана  мен  әке  және  балалар  құқығы  мемлекет  тарапынан  қорғалады. Бұл  еліміздің  демографиялық, экономи­ка­лық  саясатына  оң  ықпал  жасап, қоғам  мүшелерінің  алаңсыз  тіршілігін, жоспар-мүдде­лерінің  орындалуын  қамтамасыз  етуге  кепілдік  береді. Еліміз  осы  мүмкін­діктер  арқылы  нығайып, әлемдік  қауым­дастықпен  тере­зе  теңестіріп  отыр. Әйт­кенмен,  арамызда  осынау  қым­бат  құндылығымыздың  қадірін  түсірушілер  де  жоқ  емес. Біз  Целиноград ауданы  прокуроры  Ерлан  Өтегеновтен осындай жәйттерді баяндап беруін  өтінген  едік.

Баланың тілін тістеуішпен жұлқылағандар

Мұны «көлденең көкатты­лар» емес, он жасар Саят Яцен­коның туған анасы Светлана Яценко мен оның аза­мат­тық некедегі ері Арман Тынымбаев жасап отыр. Қа­лың Қараөткел ауылының тұрғын­дары, мектеп мұғалімдері бұл жай­дан хабардар болға­ны­мен, шыр­қыраған баланың тағды­ры­на нем­құрай­ды қараған­дық­тан, бұғанасы қат­паған жасөс­пірімді ел-жұрт­тың көзінше ұрып-соғу, үйге кіргізбей қаң­ғыртып жіберу үй­реншікті әдет­ке айналған. Бар айып – Саят­тың көше кезіп көмір мен отын жинамай­тын­дығы, темір сынық­та­рын өткізіп ақша әкелмейтіндігі. Шынды­ғын­да, мектеп жа­сындағы бала­ның қыстың көзі қырауда әр үйдің іргесінен көмір кертіп, айдаладан темір сүйретіп мық­шыңдап жүретінін ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Жұмыссыз­дық­қа еті үйрен­ген, қол-аяғы балғадай, тойымсыз ата-ана­сына ол бәрібір жақпай қойды. Қаншама намысқа тырысып, жасырып-жапқанымен, бірнеше рет соққыға жығыл­ған Саяттың аудандық ішкі істер бөліміне арызданбасқа амалы қалмайды. Бұған өгей әкесінің оны досы­ның үйінде теледидар көріп отырған жерінен үйіне жеткенше ұр­ып-соққаны ғана емес, жалынғанына қа­ра­мастан, тілін тістеуішпен тартқылап қорла­ға­ны әсер етсе керек. Сорлы анасы бұған болысудың орнына қосылып сабағанын қайтерсіз. Аталған іспен айналысқан ау­дандық полиция офицері ҚК-нің 107 және 137-бап­та­ры­мен қыл­мыстық іс қозғайды. Бірақ, А.Ты­­нымбаевтың әрекетінде қыл­­­мыс­тық құ­рам жоқ деген уәж­бен, оған қатысты істі қысқарт­қан. Бұ­ған аудандық прокуратура қар­сылық жасап, қосымша зерттеу жүр­гізіл­ді. Көптеген куәгер­лерді былай қойғанда Тыным­ба­евтың өзі Саят­тың тілін тістеуішпен тартқылап қанатқаны жө­нін­де жазбаша түсі­нік берді. Сон­дай-ақ, сот-ме­дици­налық са­рап­тама­ның екі, Қараөт­кел дә­рі­г­ерлік ам­булаториясы бас дәрі­ге­рінің үш бірдей анықтамасы А.Ты­­ным­баев­тың әрекетінде 107-бап­­­­қа жа­татын қылмыстың барлы­ғын ай­ғақ­тайды. Ал, оның Саят­тың ту­ған әкесі еместігі жө­нін­­дегі ақ­тау пайым, жұмсартып айтқанда, күлкі тудырады. Целиноград аудандық соты кәмелетке тол­маған баланы сан мәрте ұрып-соғып, зә­бір көрсет­кені үшін С.Яценко мен А.Ты­ным­баевты айыпты деп тауып, әрқайсысын үш жылдан шартты түрде бас еркінен айырды. Ауылдастарын алдағандар Қазақ елі қашанда бо­ла­шағын ойлаған. Ол тәуелсіз мем­лекеті­міз­дің Конститу­циясында айшық­ты жазылып, заңдарымыз бен Президент Жарлықтары негізінде бала­ларға қамқорлықтың кең кө­лемді ша­ра­лары жүзеге асыры­лып келеді. Бұл мақ­сат­қа бөлінген қаржы да қомақты. Бір қуа­ныш­тысы, әлеуметтік көмектің көлемі жыл санап көбейе түсетін үрдіс қа­лыптасты. Дегенмен, қолында азын-аулақ билігі барлар осыған да көз алартып, өзі өмір сүріп отыр­ған қоғам­ның абыройын тү­сі­ріп жат­қанын айтуымыз керек. Ақмол ауы­лын­дағы пошта байла­нысы торабының бұрын­ғы бас­ты­ғы Ербол Мал­ғаж­даров пен бұ­рынғы операторы Жұмекен Мах­метова солардың қатарында тұр. Алдын-ала ауыз жаласқан қыл­­­мыстық топ айналдырған екі жыл­дың ішінде ойына келгенді жасап баққан. Әу баста поштаның дү­ние-мүлкі мен ақша қаражатын талан-та­ражға салып көреді. Мә­се­лен, 2009 жылдың 15 шілдесінде жүргізілген тексеріс бары­сында 798098 теңгенің мүлкі мен нақты ақшасы жетпейтіндігі ан­ық­талды. Сондай-ақ, мұнда қазы­наның ақ­шасын кез-келген уа­қыт­та қарызға алып, қайтарып отыру есебін жүр­гізетін «қара дәптер» рәсімделіпті. Пошта бастығы дүркін-дүркін 50-70 мың теңгені қол қойып, қал­тасына сала берген. Өйткені, ол әйелінің атын­дағы жеке бизнесін осылайша қаржыландырып отырған. Малғаждаров пен Махметова еңбекақы алатын күні «қара дәп­тердегі» қарызды қай­тарып оты­ру­ға тырысқанымен, ашкөздік бой бермей, әлгі 798098 теңге мойындарына ілініп қалған. Одан құтылудың жолын ауыл­дас­тарын алдау жолымен шешуге кіріскен әккі­лер ешкімді де аямады. Әуел­де Е.Шамыше­ваның 7956 теңге тұрғын үй өтемақысын, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Н.Лутченко мен А.Киселенконың әр­қай­сы­сынан Жеңіс мейрамы құр­метіндегі 10 мың теңгелік мемлекеттік жәрдемақысын қағып түсе­ді. Ал, зейнетақыдан айырыл­ған сансыз қарияның нала-назына жауап беретін күн туатыны қыл­мыс­керлердің ойына да кіріп шық­паған. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, енді мемлекеттің балаларға тиісті өтемақысы да жұл­малана бастайды. Азамат А.Юмагулова 2009 жылдың 12 нау­рызында бала тууы және оның күтіміне байланысты 105000 тең­ге өтемақы алу үшін жеке есеп-шот ашады. Оның 25 мың тең­гесін алып, 80 мың теңгені жинақ кассасына салу үшін Ж.Махме­това­ның қолына ұстатып, жаңа кітапша берілген. Күндердің кү­нін­де, яғни, қараша айында қа­ра­­жа­тын тексеріп көргенде, оны басқа адам­ның алып қойғаны белгілі болады. Тексеріс бары­сын­да Махметова оны кіріске алмай, өз мақсатына жұмсағаны анық­тал­ды. Сондай-ақ, бала күті­міне байланысты Р.Асқароваға тиіс­ті 43468 теңге, Е.Әмір­жанова­ның 70000, А.Ермұханованың 88205, А.Шолақованың 26000, А.Жұма­бекованың 19200, Д.Шен­дер­дің 80602, Э.Грицкевичтің 63814 тең­ге ақ­ша­сы ұрланған. Оның үстіне асыраушы­сы­нан айы­рылған А.Ко­­­­ро­леваға таға­йын­­далған 27 мың теңге өтемақы­сы, К.Қанат­бае­ва­ның мү­ге­дек бала күтіміне бағыт­талған 59200 теңге зейнет­ақысы қолды болып отыр. Мұның бар­лығын пошта­шы­лар жалған қол қою арқылы иемденген. Ұзаққа созылған тергеу амал­дары кезінде бірнеше азаматтың талап арыздары бойынша қыл­мыс­тық іс қозғаудан бас тарту фактілері де орын алды. Бірақ, про­курорлық қарсылық келтіру нәтижесінде, орын алған заңға қай­шы әрекеттер толық әшкере­ле­ніп, қылмыс­кер­лер тиісті жауапкершілікке тар­тыл­ды. Целиноград аудандық соты Ж. Мах­метова мен Е. Малғаж­даров­тың әр­қай­сысын 5 жылдан шартты түрде бас еркінен айыруға үкім шығарды. Жолдаманы жымқырғандар Қылмыс атаулы үлкен-кішіге жіктелмейді. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге қа­тысты заң бұзу­шылықты ақтау мүмкін емес. Ау­дандық прокуратура тарапынан жүргі­зілген тексеріс мектептерде әлеуметтік тұр­ғы­дан қор­ғалуға тиісті балаларға тиесілі қар­жы­ның өз мақсатында жұм­салмай­тыны жө­нін­дегі фактілерді анық­тады. 2010 жылдың жазында жалпы білім қо­рынан емдеу-сауықтыру орындарына 60 жолдама сатып алу үшін 858 мың теңге қаржы бөлінген болатын. Бұл орайда ел Консти­ту­циясы мен Үкі­мет­тің 2008 жылғы 25 қаңтар­дағы қаулысы талап­тары­на сәйкес, әлеуметтік қолдауға мұқтаж және көп балалы отба­сылардың балаларына елеулі артықшы­лық­тар белгіленген. Әттегені сол, бұл талап орын­дала бермейді. Оған көптеген мысал келтірер едік. Аудандағы №5 орта мектеп басшылығы 17 балаға тегін жолдама бөлу туралы тап­сы­рыс берген. Онда 5 оқушының жетім, 8 бала­ның тұрмысы төмен, төртеуінің көп балалы отбасы­нан екендігі көрсетіліпті. Бірақ, жолдамадан бас тарту туралы жазбаша өтініш түспегеніне қа­ра­мастан, 7-сыныптағы Ф-ның орнына басқа бала лагерьге жіберілген. Оның үстіне, ауыл әкімі тізімдегі 8 баланың тұр­мы­сы төмен отбасына жатпайтыны жөнінде ан­ықтама беріп отыр. Сол анықтамада ауылда мұндай санаттағы 20 бала болғанымен, ешқайсысы тізімге қосылмаға­ны жазылған. №9 мектептің директоры 5 жетім баланы демалыс және сауықтыру орындарына тегін жіберу туралы өтініш жаса­ғаны­мен, олардың орнына бас­қа балалар демалып келген. Қа­бан­бай батыр ауылындағы мектепте 9 жетім бала оқи­тынына қара­мастан олардың ешқ­ай­сы­сы тізімге ілікпеген. Олардың орны­на ауқат­ты­лар­дың балаларын жөнелту орын алды. Жалғыз­құдық мектебіндегі екі жетім, алты аз қам­тылған отбасының балалары­ның орнына өзге­лер демалып қайтқан. Аудандағы №9 және №12 орта мектеп­тер­дің сегіз жетім, бір көп балалы отба­сының оқушысы тізімде бола тұра, лагерь қызығынан шеттетілген. Осындай өрес­кел­дік №18 мектепте де орын алды. Бұл орын­ның жоқтығынан емес, әрине. Олай дейтініміз, «Жұл­дыз» сауықтыру мекемесімен 40 баланы қабылдау жөнінде келісім жасалғанымен, онда 38 бала демалған. Бұл біріншіден, мемлекеттік сатып алу шартын бұзу болса, екіншіден көңілі қаяу ба­ла­ларға тиісті көңіл бөлінбей­ті­нін айғақтай­ды. Жөн­сіздіктің бас­­ты себебі, ауданда балалар­дың жазғы демалысын ұйым­дас­тыру жө­нін­дегі арнайы ко­мис­сияның әлі күнге құрыл­маған­дығында екендігі анық. Аудандық прокуратура «Сы­байлас жем­қор­лыққа қарсы кү­рес туралы» Заңды бас­шы­лыққа ала отырып аудандық білім бө­лімі бастығына кемшілікті түзе­ту жөнінде ұсыныс жол­дады. Осының нәтижесінде аудандық оқу бөлімінің жетекші маманы мен 5 мектептің директоры тәр­тіптік жазаға тартылды. Жазып алған Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
Соңғы жаңалықтар