Талдықорғанда «Стратегия kz» қоғамдық гуманитарлық қорының ұйымдастыруымен «Аймақтық дамудың артықшылықтары: жаңа міндеттер мен бағыттар» деген тақырыпта аймақтық сарапшылар форумы болып өтті. Оған еліміздегі жетекші сарапшылар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Форумды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Мәдина Нұрғалиева ашып, жүргізіп отырды.
Дөңгелек үстел басында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының, облыстық туризм басқармасының қызметкерлері есепті баяндамалар жасады. Аграрлы облыс болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келе жатқандығы нақты фактілер келтіріле айтылды. Басты ұстаным – инвестиция тарту арқылы мал тұқымын асылдандыруға назар аудару. Өңірде қант қызылшасын өсіруге ерекше екпін беріліп, тәтті түбір өсіруге мемлекет тарапынан миллиондап қаражат бөлініп отырғаны да атап көрсетілді. Көкөніс өсіру жайына келсек, жылына Жетісу жеріне Қытайдан 20 мың тоннадан астам алма тасылып, саудаланады екен. Осы проблемадан шығудың бір жолы Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында интенсивті бақтар аумағын кеңейту қажеттілігі сарапшылар тарапынан тәптіштелді.
Өңірде кәсіпкерлікті дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу зауыттарын көбейту, табиғат-ананың теңдессіз сыйын тиімді пайдаланып, туризмді өркендету секілді өмірлік қажеттіліктерді өтеу арқылы кіріс көзін ашу тұрғысында Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Тұтастай алғанда, сарапшылар Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға разылықтарын білдірді. Өңірдегі тың қадамдарды сараптап, өзге облыстар көрсеткіштерімен салыстыра мемлекеттік саясатқа сай атқарылып жатқандығын құптады. Алға басу қадамдары дегенде, былтырғы жылы туризм саласын дамытуда әлемдегі 140 мемлекеттің арасынан 85-орынға көтерілгенін халықаралық сарапшылар анықтап бергенін баса айтуға болады.
Алматы облысының даму көрсеткіштерін талқылау барысында сарапшылар институттық реформалар шеңберінде аймақтың даму басымдықтарымен қатар, жаңа жолдарын да қарастырды. Сонымен қатар, пікірсайысқа қатысушылар алдағы мәслихат сайлауының мәні мен маңызына тоқталды. Олардың айтуынша, бұл аймақтың өзекті мәселелерін шешу ел азаматтарының белсенділігін арттырып, жергілікті өзін өзі басқару жүйесін одан әрі дамыта түсуге жол ашады.
Қорыта айтқанда, форумға қатысушылар мұндай пікірсайыстар Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың тәжірибелік мәселелерін шешудің тиімділігі, алдағы уақытта мемлекеттік реформаларды талдауға қатысты іс-қимылдарға дайын екендігі туралы пікірлерімен бөлісті.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.