• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2016

Ең қасиетті құндылық

896 рет
көрсетілді

Жер бетінде қанша адам бол­са, сонша арман, қиял, мақсат, мүд­де бар. Қоғамның береке-бір­лігі күшті болуы үшін оның бар­ша­сының басын қосып, ортақ мақ­саттарға жұмылдыратын ізгі мұрат қажет. Әр адамға жеке басының бостандығы қаншалықты қажет болса, тұтас халыққа тарихтың жан алысып, жан беріскен алмағайып кезеңдерінде ұлт ретінде сақталып қалу үшін оның тәуелсіздігі де соншалықты қастерлі. Қазақ – барша тарихы азат­тық үшін жүргізілген күрес­тер мен тартыстардан, шай­қас­тар мен соғыстардан тұра­тын ха­лық. Жер кіндігінде, өр­ке­ниет­­тер тоғысында орналас­қан баба­лары­мызды тарих пен тағ­дыр­дың сан алуан сынынан үнемі аман алып шыққан ең асыл мұрат ұрпақ жал­ғас­тығын үзбей, ұлт ретінде сақ­талып қалу болды. Елбасымыздың сан қатпарлы ата тарихының бар ақиқатын жинақтаған: «Тәуелсіздік – баба­ларымыз ғасырлар бойы арман­дап, біздің буын жүзеге асы­рған ең қасиетті құндылық», – деген асыл сөздерінде аса терең мағына мен әлі талай ұрпаққа жететін мол тағылым бар. Биыл барша қазақтардың ең қасиетті құндылыққа қол жеткізгеніне тура 25 жыл толады. Ширек болса да ғасырлық ұғым­мен межеленетін үлкен белес. Қазақтың жас өлшеміндегі адам­ның ақыл-ойы, күш-қайраты ерек­ше толысатын, арғы-бергі заман ақындарының бәрі бірдей «қай­ран жиырма бес» деп жырға қосқан жігерлі мүшел. Бүгінгі буын үшін әлдеқашан өткен ғасырдың еншісінде қалған, ал біздің буынның кеше ғана көз алдында өткен сол оқиғаларға салқын ой, сабырлы көңілмен көз жіберіп көрейік. ХХ ғасырдың 80-ші жыл­дарын­да Кеңес Одағының саяси, экономикалық жүйесі ты­ғы­рыққа тіреліп, алып империя өзінің қоғамдық өмірдің бар саласын қамтыған ең соңғы дағдарысты кезеңіне аяқ басты. Оның басты себебі, бүгінгі саясат­кер­лерд­ің басым көпшілігі жазып жүр­ген­дей, М.Горбачевтің жайдақ сөз, жадағай уәдеге негізделген жалаң саясаты немесе жеке-дара би­­лік­ке ұмтылған Б.Ельциннің Одақ­­ты бөлшектеуге негізделген ман­­сапқорлық іс-әрекетінен ғана емес, көпұлтты, алуан мүдделі, қару­­дың күшімен біріктірілген им­пе­рия­лардың тарихында болмай қой­майтын заңдылықтардан туындады. Кеңес Одағының даму тари­хында Мәскеудің үстемдігі кү­шей­­ген сайын одақтас респуб­ли­калардың наразылығы ар­та түсті. Ұлттық мәдениет пен тіл­­дер­­дің тынысы тарылған са­йын республика халықтарының қар­сы­лығы мен ашу-ызасы да өр­ши берді. Одақ өнеркәсібінің тех­ни­ка, тех­нологиялық жағынан арт­та қалуы мен экономика дамуын­­­дағы диспропорциялар ха­лық тұ­ты­натын ең қарапайым тауар­лар­дың жетіспеушілігіне дейін әкеп соқтырды. Сападан гөрі сан қуал­аған тауарларға деген жа­ғым­­сыз көзқарас біртіндеп кеңес­тік эко­номика мен саяси жүйе­ге деген наразылыққа ұласты. Әлем­дік нарықтағы мұнай мен газ бағасының күрт төмендеуі кеңес экономикасының ғана емес, саяси жүйенің күйреуіне әкеп соқтырған жаңа үдерістерге жол ашты. Он жылға созылып, әр жыл сайын 10 миллиард АҚШ дол­лары­на дейін шығын әкелген Ау­ған­стандағы соғыс пен социа­лис­тік даму жолын «таң­даған» Африка, Азия мен Латын Амери­касының кедей ел­­дері­­не орасан зор мөлшерде көр­се­тілген қайтымсыз көмек ел экономикасын біржолата тұралатты. Әрине, бұған Батыстың Кеңес Одағын әлсірету мен ыды­рату­ға негізделген астыртын әре­ке­­тін қосар болсаңыз, алып им­пе­рияның соңғы демі жақын­даға­нын аңғару қиын емес еді. М.Горбачевтің ешбір эконо­ми­калық негізі жоқ көпірме, көп сөзге негізделген қайта құру сая­саты онсыз да кетеуі кете бас­таған Одақтың ғана емес, бүкіл социа­лис­тік жүйенің күйреуін жедел­дете түсті. Бөліну, ыдырау үдерісі Еуропа­дан басталды. Соғыстан кейінгі 45 жыл ішінде ғана социалис­тік жүйеге қосылған Шығыс Еуропа елдері 1989 жылы Кеңес Одағы ықпалынан құтылып, келесі 1990 жылы оларға Прибалтика респуб­ликалары қосылды. Бұл жарты әлемді билеген Кеңес Одағы күш-қуатының әлсіреп, оның жер-жаһан­ды қамтыған жаңа саяси үде­рістерді басқаруға дәр­менсіз екен­дігін бүкіл әлемге әйгілеп берді. 91-ші жыл «мызғымас» Одақ құрамындағы барлық рес­пуб­ликалардың түгелдей өз тәуел­сіздігін жариялауымен тарихта қалды. Әуелі 9 сәуірде – Грузия, 24 тамызда – Украина, 27 тамызда – Молдавия, 31 тамызда – Өзбекстан, ал қыркүйек-қазан айларында – Армения, Қыр­ғыз­стан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, желтоқсанда – Ресей, Қазақстан, Белоруссия өз тәуел­­сіздігін жариялап, Кеңес Ода­­ғы атты алып империя біржо­ла­та күйреп тынды. Кеңес Одағы келмеске кетсе де, оның соңында әлі күнге дейін шешілмеген күрмеуі қиын, тіпті көне ғасырлардан тамыр тартқан көптеген түйінді мәселелер қалды. Ресей империясы өзі дәуірлеп тұрған кейінгі екі ғасыр ішінде асқан озбырлықпен жүргізілген отар­шылдық саясат негізінде жүз­ге жуық ұлт пен ұлысты бағын­дыр­ды. Сталиндік заманда Одақ құрамындағы тұтас халықтар ежелгі атақоныстарынан жер ауда­­­ры­­лып, ұлт мәселесі әбден шие­­­ле­­н­ісіп кетті. Қалыптасқан тари­­­хи жағ­дайды ескерместен боль­ше­виктік ұрда-жық комиссар­лар қолымен сызылған шекаралар ұлтаралық жағдайды одан әрі ушықтырып, көрші республикалар арасына сызат түсті. Жер дауы Кеңес Одағының соңғы кезе­ңін­де-ақ сыр бере бастаған ұлтара­лық жанжалдар мен қарулы қақты­ғыстарға ұласты. Үлкен Кеңес Энциклопе­дия­сының Бас редакциясы 1985 жылы шығарған «Демографиялық энциклопедиялық сөздіктің» деректері бойынша, 1979 жылы Арменияда армяндардың үлес салмағы 89,7 пайыз, Грузиядағы грузиндер – 68,8 (орыстар – 7,4, қалғаны – өзге ұлттар), Әзербайжандағы әзербайжандар 78,1, Украинадағы украиндар – 73,6, Молдавиядағы молдавандар – 63,9 пайыз болатын. Прибал­тика мен Орталық Азия респуб­ли­каларындағы жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмақтары атал­ған республикалар көрсеткіш­терінен әлдеқайда жоғары еді. Тек бір ғана Қазақстанда қазақтар өз елінде отырып азшылықта қалып, сол кезде республика халқының 40,8 пайызын құраған орыстардан кейінгі 36 пайызбен екінші орынға ғана табан тіреген болатын. Арада он жылдан астам уақыт өтіп, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде өз атақонысында отырған қазақ­тардың саны 40 пайызға енді ғана жеткен еді. Саясат үшін «көп ұлттылық – халықтар достығының берік кепілі» деп қанша жар салсақ та, ол шын мәнінде кез келген мем­лекеттің ең осал тұсы. Тек кемел сая­саткер ғана осындай күрмеуі қиын мәселенің өзін ұлттарды ұйыстырудың берік құралына айналдыра алады. Ал шолақ ойлап, келте қимылдайтын келеңсіздің қолында ұлт мәселесі бітпес дау мен өшпес өртке айналуы әбден мүм­кін екендігін посткеңестік ел­дер тарихы айқын дәлелдеп берді. Одақ құрамына тек Ұлы Отан соғысының қарсаңында ғана «қосылған» Балтық жағалауы ел­дері тәуелсіздік алғаннан ке­йін Еуропа мемлекеттерімен өр­ке­ниетті түрде жан-жақты бай­ланыс орнатып, өздері үшін ежел­ден қалыпты ортаға балдай ба­тып, судай сіңіп кетті. Өзге рес­­пуб­­ликалардың жолы тым бұралаң болды. Грузияның мемлекеттік тәуел­сіздігін қалпына келтірген рефе­рендум өте салысымен-ақ оның құ­ра­мындағы екі өңір – Абхазия мен Оңтүстік Осетия дербестікке ұмтылып, Грузиядан бөлінетінін ашықтан-ашық мәлімдеді. Бейбіт жолмен шешілмеген жанжал бір­тіндеп қарулы қақтығысқа ұлас­ты. Оңтүстік Осетиядағы 1991-1992 жылдардағы бүліншілік, ал Абхазиядағы 1991-1993 жылдары орын алған грузин-абхаз соғысы бүкіл Кавказ жұртын алаңдатып, екі жақтан мыңдаған адам қаза тапты. Түпкілікті шешімін тап­па­ған мәселе 2008 жылы қайтадан өршіп, нәтижесінде Абхазия мен Оңтүстік Осетия «тәуелсіз мемлекеттері» пайда болып, Гру­зияның территориялық тұтас­тығы тәлкекке түсті. Ішкі-сыртқы проблемалық мә­се­лелерді жан-жақты сараламай асы­ғыс жарияланған тәуелсіздік Гру­зияның алғашқы президенті Звиад Гамсахурдия тұсында гру­зин­­дердің өз арасында қарулы қақ­­ты­ғысқа, тіпті азамат соғысына де­йін ұласып, оны қайтадан билік ба­сына келген Э.Шеварднадзе Ре­сей әс­кер­лерінің күшімен әрең тоқ­­тат­­ты. Ақыр соңында Ресей кө­ме­­­гі­­­нің өтеуі ретінде Грузия ТМД құ­ра­мына кіруге мәжбүр болды. Тәуелсіздігін енді ғана жария­лаған Әзербайжан мен Арменияға Кеңес Одағының өзі шеше алмаған ұлтаралық текетірес ошағы – Тау­лы Қарабақ жанжалы мұраға қал­ды. 1991-1994 жылдары аса үлкен әскери күштер қатысқан қанды қырғынға ұласқан бұл мәселе бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы 1993 жылдың өзінде-ақ төрт бірдей қарар қабылдаса да, мыңдаған адам құрбан болған қақтығыс әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қарабақтан шыққан соғыс өрті ежелден қоңсы қонған Әзер­байжан мен Армения мемле­кет­­­терін қырғиқабақ соғыс жағ­дайы­­на әкеліп, нәтижесінде әзер­бай­жан­дар Қарабақтан басқа бес бірдей ауданынан айырылып, мил­­лионға жуық әзербайжандар өз елін­де босқынға айналды. Екі жақ­тан опат болған азаматтардың саны мен соғыс салдарынан екі мем­лекет шеккен қисапсыз мол шы­ғы­нның есебіне әлі ешкім жете қойған жоқ. Қайта құру басталысымен-ақ тәуелсіздік идеясын алғашқылар­дың бірі болып көтеріп, ежелден тамырлас, тағдырлас Румыниямен бірігуді мақсат еткен ел Молдавия еді. Сол кезде қалыптасқан саяси жағдайдың аңысын аңдай алмаған әсіреқызыл топтың асығыс әре­кеті оны Румынияға қосудың ор­ны­на елдің территориялық тұтас­ты­ғының өзіне қауіп төндірді. Нәтижесінде Приднестровьеде соғыс өрті тұтанып, ол Еуроодақ, АҚШ, Ресейдің араласуымен әрең тоқтатылғанымен ширек ғасырға созылған дау-жанжалдың әлі басылатын түрі көрінбейді. Бұл мәселе де күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Ұлтаралық қақтығыс пен бір ұлт­тың өз ішіндегі билікке талас Қа­зақ­станмен ежелден көрші­лес, еншілес Орталық Азия мемле­кет­терін де шарпыды. Ауғанстанға кеңес әскері басып кіруінің басты себептерінің бірі ретінде ондағы бүліншіліктің Орталық Азия республикаларына да өтіп, КСРО-ның тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін деген бол­жам­нан туындаған болатын. Мұ­ның негізі де жоқ емес еді. Ресей империясы Орталық Азия­ны жаулау барысында осы күн­гі Тәжікстан территориясына ке­ліп табан тірегенімен, оның түп­кі ойы тым әріде болатын. Өйт­кені, Ауғанстанның солтүстігін Бабыр заманында-ақ тәжік, өзбек, түрік­мен тайпалары мекен етті. Кеңес Одағы құрылып, 1924 жы­лы жергілікті халықтың тари­хи тұрғыдан қалыптасқан ежел­гі қоныстануын ескерместен жүр­гізілген Орталық Азиядағы ұлт­тық-территориялық межелеу барысында болашақта өрші­месе басылмайтын жер дауына айналатын өрескел қате­лік­тер жіберілді. Оның үстіне бас­ма­шыларға қарсы аяусыз күрес жүр­гізілгенде тәжік, өзбек, түрікмен элитасы Ауғанстанға үдере көшіп, олар 30-шы жылдарға дейін талай мәрте шекараны бұзып, кеңес өкі­метінің жергілікті билік өкілдерін қырғынға ұшыратып отырды. Тәжікстан тәуелсіздігін жа­рия­­ла­ға­нына жарты жыл өт­пей жатып-ақ ауғандық күш­тер­дің қолдауымен елдің оң­түс­тігінде қарулы көтері­ліс бас­та­лып, көп ұзамай оның өкіл­дері Душанбеге басып кірді. Прези­дент Рахмон Набиев билік­тен тай­ды­рылып, ел ішінде аза­мат соғы­сы басталды. Онсыз да халқы ша­ғын республиканың 1 мил­лион­нан ас­там тұрғындары қанды қыр­ғын­­нан бас сауғалап, жан-жаққа, оның ішінде соғыс лаңы басылмай тұрған Ауғанстанға дейін босып кетті. Ресей әскери күштерінің ба­тыл араласуымен 1992 жылдың жел­тоқсанында билік уақытша рес­публика Жоғарғы Кеңесінің жаңа­дан сайланған төрағасы Эмо­мали Рахмонға өтті және ол араға екі жыл салып, тек 1994 жы­лы ғана ресми түрде президент бо­л­ып сайланды. Тәжікстандағы аза­мат соғысы 1997 жылға дейін со­зылып, оның соңы сол жыл­дың 27 маусымында сол баяғы Мәс­кеу қаласында Э.Рахмон мен оп­­по­­зициялық күштердің бітім­гер­шілдік келісімге қол қоюымен әрең аяқталды. Кеңес Одағының соңғы жыл­дарын­да Орталық Азия респуб­ли­каларында үлкен алаңда­ту­шылық туғызған тағы бір оқиға Өзбекстанның Ферғана облы­сында өзбектер мен жергілікті түріктер арасында орын алды. Әскери күштердің араласуымен әрең басылған жанжал барысын­да жүзден астам адам жазықсыз оп­ат болды. Тіпті, аман қалған тү­рік­тер­дің өмірін сақтап қалу үшін 16 282 түрік азаматы шұғыл түрде ұшақпен Ресейдің 6 облысына жеткізілді. Кеңес Одағының кетеуі кете баста­ған 1990 жылы Қырғызстан­ның Ош облысында қырғыз және өзбек ұлты өкілдері арасында басталған жанжал біртіндеп Өзбек­стан­ның Ферғана, Әндіжан, Наман­ған облыстарын қамтып, соның салдарынан ағайындас екі халық­тың мың­да­ған адамдары жазықсыз құрбан болды. Аса шетін саналатын ұлтара­лық мәселе Өзбекстан мен Қыр­ғыз­станның арасында 2010 жылы тағы да тұтанды. Екі респуб­лика­ны қырғиқабақ жағдайға алып келген осы қақтығыстың салда­ры­нан 300 мыңнан астам адам босқыншылыққа ұшырап, оның 100 мыңнан астамы Өзбекстанға қоныс аударды. Тәуелсіздік алғаннан кейін­гі жылдарда бір ұлттың өз ішін­дегі береке-бірлігінің жоқ­тығынан ең көп зардап шеккен халықтардың бірі бізбен ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз халқы болды. Тек Қырғызстанды ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын алаңдат­қан 1992 жылғы әйгілі Баткен, 2002 жылғы Ақсай оқиғалары, 2005 жылғы наурыздағы «қызғал­дақ­тар төңкерісі», 2010 жылғы Құрманбек Бакиевті биліктен тайдыру мақсатындағы көтеріліс­тер елдің экономикасын әб­ден ти­тық­татып, халықтың береке­сін ке­тірді. Қаншама адам қаза бол­­ды, түрмеге жабылды. Кәсіп­орын­дар тоқтап, ғимараттар өр­телді. Миллионға жуық адам Қазақ­­стан мен Ресейге қоныс ау­дар­ды. Қарапайым халықты бы­лай қой­ған­да, осы елдің екі бір­дей бұ­рын­ғы басшысы әлі күнге дейін шет­елдерде бас сауғалап жүр. Осы­ның бәрі әуел бастан мемлекет тізгі­нін ұс­таған тұлғаның халықтың бе­ре­ке-бірлігін сақтай алмауынан туындады. «Әуелі сөз бастайын Әбіл, Қайын» дегендей, орыс пен украин хал­қы – дүниеде бір-біріне етене жақын бір атаның балалары болса да, дәл қазір осы ағайынды екі ұлттың арасындағы соғыс бүкіл әлем жұртын алаңдатып отыр. Украина Кеңес Одағы құра­мын­­дағы аса қуатты индуст­рия­лы-аграрлық республика еді. Тәуелсіздігін жариялаған Украи­на­дағы алғашқы проблема – асығыстау енгізілген уақытша валюта – купон-карбованецтен басталды. Ол 1996 жылы 1991 жыл­мен салыстырғанда 100 мың еседен астам құлдырады. Нәти­же­сінде Украинадағы инфля­ция мөлшері Ресей мен Қазақ­стан­нан бірнеше есе асып түсіп, жүйесіз экономикалық саясат ел эконо­микасын біржолата тұра­латып тынды. Украина 1996 жылы тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарындағы қателіктерден ес жиып, Қазақ­станның үлгісімен жаңа Консти­ту­циясын қабылдап, билік басына кәнігі саясаткер Леонид Кучма келді. Сол жылы күзде Қазақстан тәжірибесіне сүйене отырып жаңа ұлттық валюта – гривнаны енгізді. Президенттік билікке келген Л.Кучма Қазақстанда жиі болды. Тумысынан кең жаратылған Елба­сы онымен экономикалық реформа жүргізу, Ресеймен әріп­тес­тік­тің қыр-сырына арнал­ған мәселелер бойынша еркін пікір алысып, бай тәжірибесімен бөліс­ті. Нәтижесінде Украина эконо­микасы біртіндеп бойын тіктеп, 2000 жылдан бастап тұрақты даму жолына түсті. Менің маңдайыма тәуелсіздік жылдары Елбасының жанында қызмет істеп, оның әлемнің небір алпауыт мемлекет басшыларымен өткізген кездесулеріне тікелей қатысу бақыты бұйырды. Қазақ­стан, Ресей, Украина және Бела­русь мемлекеттерінің басшы­лары қа­тысқан талай келіс­сөз­дер­дің куәсі болдым. Өткен ға­сыр­дың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында Ресей прези­денті Ельцин мен Путин талқылан­ған мәселелер бойынша Кучмамен келісімге келе алмай, талай мәрте тығырыққа тірелген кездерінде: «Мұның төрелігін құрметті Нұр­сұлтан Әбішұлы айтсын!» – деп көбінесе Елбасына жүгінетін. Осын­дайда екі халықтың да тілін, дәстүр-салтын, ұлттық мен­та­­литетін шебер меңгерген Нұрсұл­тан Әбішұлы өзіне тән сабырлы, салмақты қалыппен, кейде даудың қызуын басу үшін әзіл-қалжың араластыра отырып, сары майдан қыл суырғандай әділ шешімін айтатын. Осылайша оп-оңай үлкен дауға айналуы әбден мүмкін қиын түйінді мәселелер орнына келе қалатын. Украинада 2004 жылы бүлін­шілік басталып, ел іші сан алуан саяси топ пен жүгенсіз тобырларға бөлініп кетті. Билік басына В.Ющенко келді. Ол да бірнеше рет Қа­зақстанға сапар жасады. Елба­сының ақыл-кеңесін тыңдап, қазақстандық экономикалық реформа тәжірибесінің өздеріне де, өзге елдерге де үлгі-өнеге екендігін әлденеше рет БАҚ өкіл­деріне ағынан жарыла айтты. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді дана халқымыз. Украинаның іші бір бөлінген соң біртіндеп оның іргесі сөгіліп, берекесі кете бастады. Кеңес Одағы кезінде-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымына да мүше болған қуатты Украинаның (КСРО заманында АҚШ, ФРГ, Канада, т.б. дүниежүзінің көп­теген мемлекеттерінің Киевте консулдығы жұмыс істеді) терри­то­рия­лық тұтастығы бұзыл­ды. Мың­даған адам қаза болып, ел­дің шығысында лаулаған со­ғыс өртінің толас табар түрі жоқ. Мил­лиардтаған доллармен өл­ше­нетін соғыс шығынының есебіне жету де қиын. Қазір Украинадағы жағдай екі елді немесе тұтас Еуро­­­па­ны ғана емес, бүкіл дүние жүзін алаңдатқан даулы мәсе­леге айналды. Мен бірнеше рет Елбасының Украи­наға жасаған ресми са­пар­ларына қатысып, ондағы өзге­рістердің бәрін өз көзіммен көрдім. Еңбекшіл, сауықшыл украин халқының Қазақ елі Президентін ерекше жақсы көретініне де талай мәрте куә болдым. Елбасымыз 2005 жылдың қарашасында Украинаға мемлекеттік сапармен барды. Ел іші қым-қуыт болып, жік-жікке бөлініп кеткен кез еді. Сапардың екінші күні – 18 қарашада Украина Парламенті – Жоғары Радада Нұрсұлтан Әбішұлының сөз сөй­леуі жоспарланған болатын. Біз жарты сағат бұрын Рада ғима­раты­на келгенде мәжіліс залында оншақты депутат қана отырды. Жасыратыны жоқ: «Қалай болады екен?» деп алаңдай бастадық. Дауыс зорайтқыш арқылы Қазақстан Президентінің сөйлейтіні бірнеше рет хабарланды. Елбасы келер алдына зал лық толды. Мінбеге асықпай көтеріліп, сөзін украин тілінде бастап, жар­ты сағаттан астам баяндама жа­са­ған Елбасын әшейінде бір-бірі­нің жағасын жыртып жүрген украиналық депутаттар бірнеше мәрте ду қол шапалақпен қошемет­теп, орындарынан тік тұрып шы­ғарып салды. Соның бәрін орыс, украин, қазақ ақпарат құралдары бүкіл әлемге таратты. Үзілісте украиналық әріптестеріміздің: «Эх, нам бы такого президента. Братья-казахи, как вам сильно повезло!» дегенін талай естідік. Мұның бәрін Елбасын мақтау үшін емес, айтпаса ақиқаттың атасы өлетін болғандықтан келті­ріп отырмын. Қай елде болмасын, қандай саяси жағдай орын алса да, халық­ты кінәлауға болмайды. Мәсе­ле сол халықтың тілін тауып, жағ­дайын жасай білуде. Басшысы дана елдің табысы тасып, абыройы асады, ал бас­шы­сы шала елдің қуаты азып, құ­ты қа­шатынын посткеңестік ел­дер­дің тарихы айқын дә­лел­деп берді. Тәуелсіздігін жа­рия­лаған кез­де 14 одақтас респуб­ли­калар­да­ғы жергілікті ұлт өкілдері өз елінде басым көпшілікті құрап, мығым отырды. Сондықтан, ежелгі атамекенінде отырып азшы­лық­қа айналған қазақтарға әлем жұрт­шылығы: «Осылардың ендігі тағ­ды­ры қалай болар екен?» деп мү­сір­­­­кей қарады. Жағдайдың оңай емес­тігін Қазақстанның мем­­­­­ле­­кеттік тәуелсіздігі тура­лы Конс­ти­туциялық заңын қара­ған Жоғар­ғы Кеңестің 1991 жыл­ғы 14 жел­тоқ­санда өткен 12-ша­қырыл­ған 7-сессиясы дәлелдеп берді. Қазақ сияқты «мың өліп, мың тірілген» халық әліптің артын баға отырып, өз тәуелсіздігін жария­лауға кіріскен кезде орыс тілді депу­таттардың бір тобы ашық­тан-ашық заң жобасына қар­сы шығып, арандатушылық әрекет­терге басты. Әріптестерінің бүйректен сирақ шығара бастағанын аңдаған депутат С.Зимановтың онсыз да басы ашық мәселені бір сағаттан асырмай тездете талқылауды ұсын­ған пікіріне алдын ала қолты­ғына тас тығып келген «ағайындар» құлақ аса қоймады. Депутаттар арасынан хал­қы­­мыз­­­дың қайраткер азамат­тары Ө.Жәнібеков, Ө.Жолдас­беков, М.Қозыбаев, Б.Қыдыр­бек­ұлы, П.Атрушкевич, Қ.Сұл­танов суырыла сөз алып, бар­лық әріптестерін тәуелсіздікті жария­лау туралы конституциялық заң жобасын қолдауға шақырды. Талқылау қыза келе сөз алған вице-президент Е.М.Асанбаевтың байсалды пайымдауларына, әр депутаттың сұрағына нақты, дәлел­ді жауап қайтарған депутат С.Сар­таевтың уәжіне алдын ала да­­йындалып келген кейбір «халық қалаулылары» құлақ аспай, қар­сылықты пікірлерін үдете түсті. Алғашқы күнгі жарыссөз жоба­ны «жетілдіру» үшін комис­сия құрумен аяқталып, оны қабылдау мәселесі екі күн кейінге шегерілді. 16 желтоқсан күні депутаттар заң жобасын талқылау үшін тағы бас қосты. Сол баяғы текетірес бас­талып, заң жобасын «жетілдіру» жөнінде ұсыныстар көбейе бас­таған соң комиссия құрамы депутаттар М.Қозыбаев, Ә.Кекілбаев сияқ­ты беделді, білімді азаматтармен толықтырылып, оларға кешкі отырысқа дейін жобаның ең соңғы нұсқасын әзірлеу тапсырылды. Үш күнге созылған талқылау барысында депутаттар ортақ келі­сімге жете алмай, әбден тығы­рық­қа тірелген кезде Жоғарғы Кеңес­тің кешкі отырысына респуб­лика Президенті Н.Ә.Назарбаев келді. Жағдай күрделене бастағанда рес­пуб­лика тарихында тұң­ғыш рет бүкілхалықтық қолдау­мен сайланған Президент Н.Ә.Назар­баев сөз алып: «Этот Закон надо принять, потому что мы остались единственными. Наша совесть перед многонацио­нальным на­ро­дом Казахстана чиста. Это серъез­ный Закон, в каждое слово которого будут вчитываться все. Это моя предвыборная про­грамма, квинтэссенция всех вопросов, которые мы собираемся решать. Главный вопрос – воп­­рос о государственной неза­ви­си­мости. Вклинивать, до­бавлять слова, которые не не­сут никакой нагрузки не надо. Принимать его надо, я считаю, квалифицированным боль­­шинством. Всех прошу настраи­ваться на это», – деген кесімді сөзін ерекше жігермен, талап ете, шегелеп тұрып айтқанда өршеленген талай депутаттың мысы басылып, әп-сәтте сабасына түсті. Елбасының тегеурінді сөзі­нен қуат алған депутаттар Ж.Әбділ­дин, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Н.Оразалин барша қазақстандықтар асыға күтіп отырған заңды кешік­тірмей қабылдау керектігін та­бандылықпен қуаттай сөйледі. Көп ұзамай заң жобасы тұтастай дауысқа салынып, депутаттардың басым көпшілігінің қолдауымен қабылданды. Үш күнгі даудың нүктесі қойы­лып, қазақстандықтар асыға күткен Заң жобасы қа­был­данғаны ресми түрде жа­рия етілген соң Президент Н.Ә.Назарбаев қорытынды сөз алып: «Уважаемые депутаты! Уважаемый многонациональный народ Казахстана! Произошло историческое событие. Мы правиль­но решили. Наш курс на то, чтобы возродить куль­туру, язык и историю казах­ского народа, а также народов, проживающих в нашей респуб­лике. Еще раз поздравляю вас и весь казахстанский народ с этим замечательным событием. Желаю всего самого наилучшего, чтобы мы все вместе двига­лись вперед к настоящей незави­симости, процветанию нашей родной республики», – деп зор қуаныш, асқақ рух, көтеріңкі леппен аяқтады. Тәуелсіздік – кейбіреулер ай­тып жүргендей, қазақтарға өздігі­нен келе салған Тәңірдің сыйы емес. Кеңес Одағындай алып импе­рия ыдырап, ұзақ жыл­дарға созыл­ған қару­лы қан­төгістер мен қақ­тығыстар орын алған күр­делі заманда Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың аса үлкен стратегиясымен жүзеге асқан «барша қазақстандықтар үшін ең қасиетті құндылық». Жоғарыда нақты дәлелдермен атап көрсеткеніміздей, сол кезеңде қалыптасқан ішкі және сыртқы жағдай мен саяси күштердің ара салмағын ескерсек, тәуелсіздігін асығыстау жариялаған постке­ңес­тік елдердің бәрінде дерлік саяси төңкеріс пен қарулы қақтығыстар орын алды. Кейде ойланбай жа­сал­ған бір ғана әрекеттің өзі тұтас ұлтты орны толмас траге­дия­ға ұшыратып, мемлекет тәуел­сіз­дігінің сақталып қалу-қалмауының өзін күн тәртібіне шығарды. Қазақстан өз тәуелсіздігін ал­ғаш­­қы­лар­дың бірі болып ма­мыр- мау­сым айларының бірін­де жа­рия­лады делік. Одақ­тың билігіндегі Мемлекеттік қауіп­сіздік комитеті, Ішкі істер жә­не Қорғаныс ми­нистр­­ліктері сияқ­ты әлеуетті құ­ры­­лым­дардың бар қаһары мен зұ­лым­дық пен зымияндыққа толы арандатушылық әрекет­тері түгелдей Қазақстанға бағыт­талып, аз ғана уақыт ішін­де елі­міз жергілікті халық өкіл­дері 20 пайыздан аспайтын өз аума­ғының үлкен бөлігінен айырылып қалуы да әбден мүмкін еді. Өйт­кені, Қазақстандай алып респуб­ликаның бөлінуінен алдын-ала секем алған КСРО-ның соңғы пре­зиденті М.Горбачев еліміздің сол­түстігіндегі алты облыстың жері туралы әңгімені бықсытып, арғы жағында сес көрсету мен қоқан-лоқы жатқан үлкен даудың шетін шығарған болатын. Горбачевтің өзі бастап бер­ген дауға өзін ұлттың руха­ни көсемі ретінде сезіне бастаған Нобель сыйлығының лауреаты А.Солженицын май құя түсіп, оны орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары одан әрі лаулатып әкетті. «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, Ресейдегі әсіреқызыл шовинистердің ашықтан-ашық қолдауымен Қазақстанның батысында Водо­лазов, солтүстікте Суп­рунюк, шы­ғыста Васильева сияқ­ты әпер­бақандар жергілік­ті орыс ұлты өкілдерін түр­лі қар­сылық әрекеттерге тар­тып, сепаратистік ұрандар тастады. Дәл осы кезде қазақ билігі тара­пынан жіберіл­ген бір ғана оқыс қимыл, асы­ғыс қабыл­дан­ған шешім бүгін бү­лікшілікке ұшы­раған Украина­дағыдай орны толмас трагедияға алып келуі әбден мүмкін еді. Егер Қазақстанның солтүсті­гінде ахуал аяқ астынан ушыға қалғанда ежелден қазақ жеріне көз аларта қарайтын шығыстағы көршілер мен оңтүстіктегі «аға­йын­дардың» да қарап қалмасы анық болатын. Құдай бетін әрі қылсын, кейде осындай болуы бек мүмкін жағдайларды ойлағанда төбе шашың тік тұрады. Сондықтан әрқашан кең ақыл, кемел парасатпен шешім қа­бы­л­дайтын Нұрсұлтан Әбіш­ұлы тәуелсіздік жариялау­ды ас­қан сақтық, қырандай қыра­ғы­­лық­қа негізделген са­быр­лы да сын­дарлы саясатпен жүзеге асырды. Тәуелсіздікті жария етуді жел­тоқ­санға қалдырудың көптеген тарихшыларымыз аңдамай жүрген тағы бір себебі болды. Қазақстанда 1990 жылы Прези­дент лауазымы енгізіліп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 24 сәуірдегі шешімімен Н.Ә.Назарбаев рес­пуб­лика Президенті болып сайланды. 91-ші жылдың аумалы-төкпелі заманында Нұрсұлтан Әбішұлы көпұлтты республиканың тәуелсіз­дігін жариялау үшін өзіне қанша заңды болса да Жоғарғы Кеңес ман­даты аздық ететінін сезді. Бар­ша қазақстандықтар атынан сөз сөйлеп, батыл әрекеттерге бару үшін оған бүкілхалықтық ман­дат қажет еді. Ол сайлау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өтіп, көпұлтты республика халқының 98,78 пайызының қолдауымен Н.Ә.Назарбаев ел тарихындағы тұңғыш халықтық Президент болып сайланды. Бұл Елбасына үлкен күш-қуат сыйлаған, тура жолдан бұра тартқан депутаттарды былай қойғанда, күні бітуге таяған кертартпа Жоғарғы Кеңес­тің өзін қажет жағдайда тезге салуға еркін жететін мандат еді. Қашанда Абай атасы өсиет ет­кен­дей, «ақырын жүріп, анық басатын» Нұрсұлтан Әбішұлы Тұңғыш Президент сайлауының нәтижесін алыс-жақын елдер мен әлем жұртшылығы түгел мойындаған соң 10 желтоқсанда жаңа лауазымның ұлықтау рәсі­мін өткізіп барып, мемлекет тәуел­­сіз­дігін жариялау мәселесін Жо­ғар­ғы Кеңестің күн тәртібіне шығарды. Сол кезеңде қалыптасқан жағ­дайды ескерер болсақ, бұл бір­ден-бір дұрыс шешім еді. Бүкіл­халықтық қолдау Елбасына мандат қана беріп қоймай, өзі сай­лаған көпұлтты Қазақстан хал­қы атынан еркін қимылдап, батыл шешімдер қабылдауға мол мүмкіндіктер ашты. Сондықтан ол мемлекеттік тәуелсіздік тура­лы Конституциялық заңды қа­был­дау тұйыққа тірелгенде Жо­ғарғы Кеңес депутаттары ал­дында кеше ғана барша қазақ­стан­дықтар қолдаған бүкіл­халық­тық Президент ретін­де өз ойын өтініш ретін­де емес, тегеурін­ді талап ретінде жеткізді және оның талабы Жоғарғы Кеңес­тің сол отырысында-ақ орындалды. Қазақстан тәуелсіздігін жария­ла­ған­нан кейін де елімізді сан алуан қиындықтар күтіп тұрды. Елба­­сы қалың ел, қараорман жұр­тын со­ның бәрінен аман алып шықты. Еліміз тәуелсіздік алғанда бізге әлем­дегі тоғызыншы территория саналатын ұлан-ғайыр жер қалды. Егер Қазақ хандығының бес жарым ғасырлық тарихына көз жіберер болсақ, оның алғашқы бөлігі Жоң­ғар және Орталық Азиядағы түрлі хандықтармен атақоныс үшін жан алысып, жан беріскен алапат со­ғыс­тармен, ал екінші бөлігі әуелі Ресей, кейін Кеңес Одағы құра­мында болған 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістермен өткен екен. Тек осының өзі ғана біздің бабаларымыздың бүкіл ғұмыры ұлт болып сақталып қалу үшін үздіксіз күреспен әрі тар­тыспен өткенін айқын аң­ғар­тады. Осындай толассыз қақ­тығыс­тар қазақ халқын әлемдік өр­ке­ниет пен үдерістің көптеген жетістіктерінен қалыс қалдырды. Елбасы тәуелсіздіктің алғаш­қы күнінен бастап, қазақ жері­нің тұтастығын сақтап қана қой­май, дамудың даңғыл жолы­на түсу үшін ақыл мен пара­сат­қа не­г­ізделген сарабдал саясат ұс­тан­ды. Кемеңгер басшы шетін са­на­латын шекара мәселесін байып­ты, байсалды саясаттың ар­қа­сында әуелі Қытай Халық Рес­п­уб­ликасы, Ресей сияқты алып көршілерімізбен, кейін Ор­та­лық Азиядағы Өзбекстан, Қыр­ғызстан және Түрікменстан мем­л­е­кет­терімен сәтімен шешіп, оны ха­лықаралық құжаттармен біржолата шегендеді. Осылайша Ел­басы қазақ халқының адал пер­­­­зенті ретінде бүгінгі және бо­ла­­­­шақ ұрпақтарымыздың ал­дын­­­­­дағы өз борышын абы­ройы­­мен ат­қ­а­рып, олардың алаңсыз өмір сүруі үшін берік кепілдік жасады. Әуелі патшалық Ресейдің бода­ны, кейін Кеңес Одағының құра­м­ында болған кезеңде Қазақ­стан өз еркінен тыс көпұлт­ты рес­­­­пуб­­­­ликаға айналды. Мұн­дай күр­­­д­елі жағдайда 130 ұлт пен ұлыстан тұратын бар­ша қазақ­стандықтардың басын бірік­тіретін ортақ ұйым жасап, оның қо­ғам­дағы орнын заңмен белгілеу керек болды. Еліміздегі әр алуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын қосқан бірегей мемлекеттік институт – Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құрып, оның құзыретін Ата Заңы­мыз арқылы бекітті. Күн сайын әлемнің әр тарапында ұлтара­лық қақтығыстар орын алып жат­қан­да дүние жүзінде ең көп ұлтты мемлекеттер қатарында саналатын Қазақ­­станның дәл осы шетін мә­се­­лені қисынмен шеш­кен тәжі­­ри­бесін Біріккен Ұлт­тар Ұйымы бірнеше рет әлем ха­лық­­тарына үлгі-өнеге ретінде ұсынды. Елбасымыз ұлттық экономи­каны реформалауда мейлінше айқын, әділ және баршаға бір­дей саясат ұстанды және ол шетел­дік инвесторлардың Қа­зақ­станға деген сенімін кү­шей­тіп, достарымыз бен жақ­тас­тары­мыздың қатарын көбейт­ті. Өйткені, Қазақстанға миллиард­таған инвестиция салған АҚШ пен Еуропаның ең алып компаниялары Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің сақталуына ерекше мүдделі болды. Тәуелсіздік жылдары еліміз жүргізген сыртқы саясат та үнемі тату көршілік, адал әріптес­тік, өзара сыйластық және тәуелсіздігімізді нығайту мен мәңгілік етуге бағытталды. Әрдайым көпвекторлы саясат ұстанған Қазақстан батыс пен шығыс, христиан мен мұсылман дүниесі бірдей мойындаған, әлем­дік қауымдастыққа өзін бей­бітшіл, бітімгершілік саясатымен сыйлата білген беделі зор мем­­ле­кетке айналды. Кеңес заманындағы Қазақстан­ның бүкіл саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани тыныс-тірші­лігі тек қана Ресейге бағыттала­тын және оны қысқа мерзімде өзгерту де мүмкін емес еді. Осы­ны алдын-ала болжай білген Ел­б­асымыз тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарынан бастап еліміз­дің ха­лықаралық деңгейдегі бай­ла­ныс­­тарын дамытуға күш салды және оны жақын көршілерден бастады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған аса ауқымды халық­аралық ұйымдарға мүше болып, әлемнің ең беделді мем­лекеттерімен адал әріптестік, өзара достық пен жақын сыйластыққа негізделген келісімдерге қол қой­ғанымен оның кейінгі үш ғасырға жуық тарихы солтүстіктегі ежел­гі көршісі Ресеймен тығыз бай­ланыста дамыды. Сондықтан АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің «жақын да болса алыс екендігін» ескере білген кемеңгер қазақ басшысы ел тәуелсіздігінің ең ал­ғашқы күндерінен бастап солтүс­тіктегі алып көршімен дос­тық пен татулыққа негізделген сая­сат жүргізді. Сыйлап қана қой­май, өзін де сыйлата білді. Және мұндай саясаттың өміршеңдігі мен дұрыстығын қазіргі заман шындығы айқын дәлелдеп берді. Кеңес Одағы кезінде Қазақ­стан­да тұрғызылған кәсіп­орын­­­дар­дың басым көпші­лігі Ресей экономикасына ыңғайлас­тыры­лып, шикізаттарды сыртқа тасы­малдайтын жолдарға дейін сол­түс­­тікке қарай бағытталып салын­ғандықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық байланыстарында Мәскеудің ықпалы басым болды. Міне, осы басымдықты тең дәре­­­же­дегі әріптестік деңгейіне түсіру үшін екі ел арасында эко­но­микалық байланыстардың өзара келісімге негізделген жаңа жүйесін енгізу қажет еді. Оны жүзеге асыру үшін Елбасы Еура­зиялық экономикалық одақ құру идеясын ұсынды. Дәл осы тұста қандастары­мыздың назарын мына бір мәселеге ерекше аударғым келеді. Мен Елбасының Еуразиялық одақ идеясын алғаш ұсынған 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі лекциясынан бастап, биылғы жылдың 2 науры­зын­да Қазақстанда тіркелген шетел дипломатиялық өкілдік басшы­ларымен кездесуде сөйлеген сөзіне дейінгі аралықтағы көптеген оқи­ғалардың куәгері болдым. Кей­де біз астары әлемдік ақпарат құ­­рал­­­­дары­ның жіті назарында бо­ла­­­­­тын Елбасы сөздерінің терең ма­ғы­­­на­сын, түпкі мақсатын түсін­бей, жадағай қорытынды жасай­ты­нымыз бар. Еуразиялық одақ мәселесіне келгенде отандық және ресейлік басылымдар көбінесе осындай қателіктерге бой алдырып жатады. Еуразиялық одақ идеясы – Жер шарының 5 миллиардтан астам тұрғындары мекен ет­кен құрлықтың 36 пайызын құрай­тын, әлемнің 93 мемлекеті орналасқан алып материктің сауда-экономикалық байла­ныс жасаудағы аса мол мүмкін­дік­терін пайдалануды көздеген табысы мол, перспективасы зор жаһандық идея. Әлемдік ашық экономика жағдайында тиімді сауда-саттыққа, тауарлар мен капитал­дың еркін қозғалысына, өзара келісім мен үйлесімге негізделген саясат ұс­тану­ды мақсат еткен бұл ұйым 2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Бе­ларусь елдері ара­сында құры­­лып, бүгінде оның қатары Ар­ме­ния және Қыр­ғыз­станмен толықты. Қазір Еуразиялық экономика­лық одақ аясындағы Еркін сауда аймағына Қытай, Үндістан, Түркия, Пәкістан және Иран сияқ­ты ірі мемлекеттер кіріп, Одақ­тың дүние жүзіндегі сауда-эконо­мика­лық байланыстары өрістей түсуде. Қашанда алыстағыны бол­­­жап, қиядағыны көретін Ел­­­басы­ның Еуразиялық одақ ту­ра­­лы идеяны ұсынғандағы оның құ­ра­­мына әлемнің эко­но­ми­­ка­сы да­мыған ең үлкен мем­леке­т­­терін тартуға негіз­дел­ген сая­саты осы­лайша рет-ретімен, ке­зең-кезеңі­мен жүзеге асып келеді. Елбасының Еуразиялық одақ идеясы әлемдік сарапшылар тара­пы­нан әлі күнге дейін лайықты бағасын алды деу қиын. Өйткені, оның түпкі мақсаты – алып мате­рик­те орналасқан елдер ара­сын­да ашық саясат, адал әріптес­тік, еркін экономикалық қатынас­тарға негізделген халықаралық интеграциялық үдерістерге жол ашу. Бұл жаһандық идея Еура­зия­дағы кез келген мемлекеттің табы­сын еселеп, халықтардың әл-ау­қатын арттыруға үлес қосып қоймай, олардың арасындағы өзара достық, сыйластық, ықпалдастық қатынастардың өрістеуіне мол мүмкіндіктер ашады. Әлемнің ең әйгілі саясат­танушылары кейінгі бір ғасыр бойы «Еуропаның күйреуі» (Шпенглер), «өрке­ниет­тер қақ­тығысы» (Хантингтон), «тарих­тың ақыры» (Фукуяма) сияқты бірінен-бірі үрейлі теорияларды ұсынып жатқанда Қазақ елі­нің кемеңгер бас­шы­сының ық­пал­дастық пен өзара сенім­ге, интеграция мен еркін эконо­ми­ка­лық әріптес­тікке негізделген Үлкен Еура­зиялық Одақ туралы жасампаздық идея­сын әлемдік саясаттануға қосыл­ған аса зор үлес деп баға­лауы­мыз керек. Елбасы Еуразиялық одақ туралы идеясын ұсынғаннан кейін арада екі жыл өткенде – 1996 жылы бүгінде уақыт өткен сайын қуат алып, қатары да, беделі де өсіп келе жатқан мақсат-мүддесі еуразиялық идеямен астасатын Шанхай ын­ты­мақ