20 наурызда өтетін Қазақстандағы кезектен тыс Парламент сайлауы, Ресейдегі қазіргі заманғы саяси трендтер мәселелері, сондай-ақ, ЕАЭО кеңістігіндегі саяси үдерістердің даму барысы «Российская газета» басылымының алаңында талқыланды. «Север-Юг» политология орталығының бастамасымен ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысына Қазақстан мен Ресей сарапшылары қатысты.
Кең ауқымды пікірталастар Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі электораттық науқанның өзіне тән және жалпы сипаттары мен Қазақстандағы саяси жүйенің демократиялану кезеңдеріне арналды. Мұнда басты назар қазіргі сайлау науқанына, оны кезектен тыс өткізудің себептеріне, сайлау қорытындыларының ішкі саяси жағдайдың әрі қарай дамуы мен Қазақстан және Ресей арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер ететініне аударылды.
Кездесуді аша келіп, Посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталықтың бас директоры Сергей Рекеда Қазақстандағы осы жолғы сайлау науқанының маңызын атап көрсетті. «Мәжілістің жаңа құрамының алдында «Ұлт Жоспарын» – Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген дамудың стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру міндеті тұр», – деді С.Рекеда.
Дөңгелек үстел басында сайлауалды науқаны барысы туралы Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия басшысы Нұрлан Ерімбетов жан-жақты айтып берді. «Біздің комиссияда қазір 22 адам, елге белгілі азаматтар – танымал жазушылар, журналистер, ғалымдар, бизнесмендер, яғни өз бағалауларында тәуелсіздікке иек артатын адамдар жұмыс істейді», – деді ол.
Бұл жолғы сайлаудың ерекшеліктері туралы айта келе, ол сайлаушылардың азаматтық белсенділіктерін және науқанға жастар тарапынан айтарлықтай қызығушылық бар екенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті 10 мыңға жуық байқаушының арасында жастардың көптігі қуантпай қоймайды. Сонымен қатар, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарына кандидаттардың бұрынғыға қарағанда жасара түскені де өзіне назар аудартады. Қазіргі үміткерлердің орта жасы 43-44-ті құрайды. Н.Ерімбетовтің пікірінше, ел азаматтары жаңа, жас тұлғаларды көргісі келеді.
Бұл пікірмен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Сараптама орталығының директоры Андрей Казанцев келісетінін білдіре келіп, былай деді: «Егер «Нұр Отанның» партиялық тізіміне көз салар болсақ, онда көптеген жаңа есімдерді көреміз». Оның пікірінше, Қазақстан посткеңестік кеңістікте жас, білімді, қазіргі заман талаптарына жауап беруге қабілетті жастарды ілгерілетуде пионер болып табылады. А.Казанцев аталған үдерісті «түрлі-түсті революцияларға» қарсы іс-қимыл танытудың жақсы рецепті деп бағалады. «Қазақстан басшылығының дана саясаты «түрлі-түсті революциялар» проблемасынан айналып өтуге мүмкіндік береді. Басқару элитасы тұрақты түрде жаңарып отыруда. Осы тұрғыдан алғанда, «Болашақ» бағдарламасы теңдесі жоқ, таза қазақстандық бренд болып табылады», – деп атап өтті сарапшы.
А.Казанцев, сонымен қатар, Қазақстанның ұзақ жылдар бойы этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтап, ұлтты бірлік пен тұтастыққа жұмылдыра алып отырған аздаған мемлекеттердің бірі екенін көлденең тартты. «Бізге, кей кездері, ұлтаралық келісім, кеңестік интернационализм тұрғысынан алып қарағанда, өзінен өзі осылай болуы тиіс үдеріс сияқты болып көрінетіні жасырын емес. Шын мәнінде, бұған қол жеткізу өте қиын. Бәрінен бұрын бұл – теңдестірілген ішкі-сыртқы саясаттың жемісі», – деді сарапшы. Оның пікірінше, Қазақстан – іс жүзінде көршілерімен ешқандай проблемасы жоқ Азиядағы аздаған мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ, Қазақстан Ресейдің сенімді серіктесі және одақтасы болып табылады. Алдағы сайлау осы тұрақтылықты нығайтуға оң ықпал ететін болады.
Ресей Қоғамдық палатасының мүшесі Иосиф Дискин алдағы сайлауды жалпықазақстандық саяси ұлт қалыптастыру үдерісіндегі маңызды қадам деп атады. «Барлық посткеңестік елдер басынан кешіп отырған аса күрделі макроәлеуметтік трансформация үдерістері барысында, яғни мүдделер мен құндылықтар арасында пікірлер алшақтығы болуы ықтимал кезде мұның маңызы өте зор. Осындай қарама-қайшылықтар кезінде түрлі көзқарастар мен әлеуметтік теріс пікірлер пайда болуы әбден ықтимал екені де түсінікті жайт», – деп атап өтті И.Дискин.
Оның сөзіне қарағанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұндай қатерді әрқашан жақсы түсініп келеді. Осыған байланысты мемлекеттік жүйенің негізіне қоғамды дінаралық және ұлтаралық қағидаттар бойынша бөлуге мүмкіндік бермейтін топтасқандық факторы алынып отыр. Сарапшы кезектен тыс сайлау туралы шешімді де дұрыс деп атады. Өйткені, аса күрделі қаржы жағдайында іс басындағы биліктің заңдылығын нығайта түсу қажет. «Бұл – халыққа қайырылудағы ең дұрыс таңдалған жол, – деді осы орайда И.Дискин. – Ел халқы мемлекеттің қай жаққа бағыт ұстанатынына қатысты өздерінің таңдауларын жасауға мүмкіндік алып отыр».
Қазақстан басшысының превентивті іс-қимыл танытып, не нәрсенің де алдын орай білетін қабілетін Бүкілресейлік мемлекеттік теле- және радиохабарларын тарату компаниясының шолушысы Кирилл Привалов атап өтті. Оның сөзіне қарағанда: «Қазақстан Президенті уақыттың алдында жүріп қана қоймай, оған өзінің айтқанын да істете алады». «Сайлау реформаларды тереңдету, мемлекетті жаңғыртуға серпін беру, тұрақтылық тетігін қамтамасыз етіп, тұрақсыздық тетігінің жұмыс істеп кетуіне мүмкіндік бермеу үшін қажет, – деп атап көрсетті К.Привалов. – Нұрсұлтан Назарбаев суперпрезиденттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға транзитке дайындалып жатқанын жасырмайды. Осы тұрғыдан алғанда, халықтың сайлауға және Парламенттің болашақ құрамына көзқарасы да мүлдем жаңаша көрінеді». Оның айтуынша, жаңа міндеттерді шешу үшін жаңа адамдар керек және бұл үдерісте Ресейдің Қазақстаннан үйренгені жөн.
Ресей Мемлекеттік Думасының ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитетінің мүшесі Ирина Роднина пікірталасқа жаңа леп әкелгендей болды. Ол өзінің былтыр Қазақстанда өткен президенттік сайлауға байқаушы ретінде қатысқанынан үлкен әсер алғанымен бөлісті. «Сайлау үдерісі бойынша ешқандай ескертпелер болған жоқ. Дауыс беру тамаша ұйымдастырылуымен және халықтың аса жоғары белсенділігімен есте қалды», – деді ол. Оның ойынша, алдағы парламенттік сайлау да осындай деңгейде өтетін болады.
Дөңгелек үстел отырысын қорытындылай келіп, қатысушылар Қазақстанда өтіп жатқан сайлау циклы ел басшылығы алға қойған стратегиялық міндеттердің табысты орындалатынына сенім ұялататынын білдірді. Ал бұл Қазақстан үшін де, Ресей үшін де аса маңызды.
Сәулебек БІРЖАН.