Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Елбасы сапар аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Солардың бірі – «B.B.NURA» ЖШС нефрология және эфферентті терапия орталығы. Нұрсұлтан Назарбаев онда медициналық палаталарды аралап, орталық қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Елбасының нысандарды аралау сәтінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев қасында еріп жүрді.
Медициналық мекеме елдегі 25 аппараты бар ірі диализдік орталық болып саналады және бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінен зардап шегіп отырған науқастарға толық нефрологиялық көмек көрсетуге мамандандырылған. Аталған орталық 2015 жылғы қазан айында іске қосылған болатын. Құны 337,7 млн. теңгені құрайтын жоба бүгінде қырық шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Онда жыл сайын диализбен 100 адам ем ала алады.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылған. Орталықта созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастарға диагноз қоюдан бастап бүйрек алмастыруға дейінгі кезеңдер бойынша қызмет көрсетіледі. Трансплантациядан кейінгі кезеңде сауықтыру қызметі қоса атқарылады. Эфферентті терапияның жаңа әдістері енгізілуде. Сондай-ақ, халықаралық сапа стандарттарын қамтамасыз ету, нефрологиялық қызметтің толық циклын құру, отандық денсаулық сақтау саласына әлемдік көшбасшылардың инвестицияларын тарту бүгінде бұл орталықтың басым мақсаттарының бірі болып отыр.
Елбасы орталық жұмысымен танысқан соң еңбек ұжымы өкілдерімен және облыстың медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында халықтың тұрмысын жақсарту үшін денсаулық сақтау саласын дамытудың маңыздылығын айрықша атады.
«Өткен жылдар ішінде Қазақстанда 1300 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның арқасында 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарды. Дағдарысқа қарамастан, 1 қаңтардан бастап біз медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 28 пайызға көтердік. Бұл орталықтың мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқылы салынғаны өте маңызды, мен бұл бағытты қолдаймын. Жұмысқа қажетті жағдай жасалуда, ал дәрігерлер елдің игілігіне қызмет ету үшін өз біліктіліктерін арттыруы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Мекеме қызметкерлері денсаулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға табыс пен бақ-береке тіледі.
Павлодар – денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөліп отырған өңірлердің бірі. Оның жарқын мысалы ретінде өткен жылдың соңында Президенттің тапсырмасымен облыстық перинаталдық орталықтың ең заманауи құралдармен жабдықталған 100 орындық жаңа корпусы пайдалануға берілгенін айтуға болады. Таяу уақыттары жаңа перинаталдық орталықтың ашылуы жоспарланып отыр. Орталықта 9300 ана ем алып, 5800 сәби дүниеге келсе, енді жылына 13 мың анаға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге және 8 мың сәбидің дүниеге келуіне мүмкіндік туады. Облыстың ауылдық аудандарында 7 дәрігерлік амбулатория салынды. Ал жоғарыда аталған нефрология және эфферентті терапия орталығы өңірдің ғана емес, бүкіл республика көлеміндегі айрықша медициналық жетістік болып отыр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Павлодар арнайы экономикалық аймағында орналасқан «УПНК-ПВ» мұнай коксын қыздыру зауыты» ЖШС-не атбасын бұрды. Мемлекет басшысы зауыт жұмысымен танысып, Елбасына индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының жұмысы туралы баяндалды. Қазіргі уақытта «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 4 кәсіпорын жұмыс жүргізуде, тағы 8 жоба жүзеге асырылудың түрлі кезеңінде тұр. Таяу арада бірқатар жаңа нысандарды, соның ішінде агрохимиялық өнімдер, жағармай материалдары өндірістерін, сондай-ақ, химия-металлургия кешенін іске қосу жоспарланып отыр.
Елбасы «УПНК-ПВ» ЖШС жұмысшыларымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы елдің индустриялық дамуындағы өңірдің елеулі рөлін атап өтті.
«Павлодар – Қазақстанның қуатты өнеркәсіп орталығы. Сіздер жұмыс істейтін өндірістің маңызы өте зор, өйткені, ол осында өндірілетін өнімді сырттан импорттаудан құтқарды. Енді оны өзіміз экспорттаймыз. Электролиз зауыты өзіміздегі мұнай коксы арқылы жұмыс істейді, ал сіздер осындай алдыңғы қатарлы кәсіпорында еңбек етесіздер. Қазақстанды индустрияландыру дегеніміз – осындай кәсіпорындар салу», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті электр энергетикасында көмір қолданатын біздің ел үшін ауаға тарайтын зиянды заттарды тазарту және экологияны сақтау аса маңызды мәселе екенін де айтты. Зауыттың жас мамандары өз кезегінде Елбасына елдегі жасалған жағдай үшін алғыстарын айтты. Өздерінің Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуға мүмкіндік алып, қазіргі күні туған елдерінде еңбек етіп жатқандарын мақтанышпен жеткізді.
Мұнай коксын қыздыру зауыты 2015 жылдың желтоқсанында іске қосылған болатын. Құны 22,975 млрд. теңге болатын өндіріс ошағы 2015-2019 жылдарға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Кәсіпорын өндірістегі газ қалдықтарының жылуы есебінен өзін өзі толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін мұнай қалдығы, яғни кокс бұған дейін Ресейдің кәсіпорындарына сатылатын. Ал Қазақстан алюминий зауыты қанатты металды балқытуда қолданылатын анод блоктарын ресейлік және қытайлық өндірушілерден сатып алып отырған. Енді өзіміздің кәсіпорын «жоғымыздың» орнын толтырмақ. Коксты қыздыруға арналған зауытты Қытайдың NFS халықаралық түсті металлургия инженерлік-құрылыс компаниясы жобалаған. Негізгі тұтынушы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ болғанымен, оның өнімі енді Қытай және Ресейдің алюминий өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындарына да экспортқа шығарылмақ.
Ірі кәсіпорын 309 адамға жұмыс орнын ашты. Жобаның қуаты бірінші кезеңде жылына 140 мың тонна болса, екінші кезеңде 280 мың тонна болады деп күтілуде. Яғни, аталған жоба өңірдің индустриялық қуатына айрықша серпін қосатын экономикалық нысан болып отыр.
Павлодар облысы – елдің индустриялық дамуына айрықша үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Мәселен, статистикалық деректерге сүйенсек, облыс бойынша Индустрияландыру картасының бірінші бесжылдығына енгізілген кәсіпорындар 180 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Экспорт көлемі 100 млрд. теңгеден асқан. Енді басталған екінші бесжылдықта облыста инвестициялардың жалпы көлемі 443,2 млрд. теңгені құрайтын жаңа нысандар тізбесі қосылған. Жыл қорытындысында бұл кәсіпорындар құны 40 млрд. теңге болатын өнімді сыртқа шығарған. Бұл күндері 800 млрд. теңгеден астам қаржы салынған 20-дан астам жоба іске асырылуда. Биыл құны 25 млрд. теңге тұратын 11 жоба жоспарлануда. Олардың арасында теміржол белдіктері мен дөңгелек жұптарын шығару, энергетикалық машина жасау өндірісі, агрохимиялық өнімдерді шығару, екі өнеркәсіп жылыжайы бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеше Павлодар облысына жұмыс сапары түстен кейін басталса да үш бірдей нысанды аралап үлгерді. Айталық, Мемлекет басшысы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының жаңа жатақханасына барды. Ел Президентін студенттер зор қуанышпен қарсы алды. Қазақстан Президенті жатақханада күнделікті тұрмыс пен демалыс үшін барлық жағдай жасалғанын көрді. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаев республикада жастарды қолдау мен олардың білім алуы мәселелеріне ұдайы көңіл бөлінетінін, соның ішінде бұл жұмыс «Серпiн-2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында да атқарылып жатқанын атап көрсетті. Жатақхана жастары Президенттің өмір жолын өздеріне үлгі тұтатындарын айтып, «Болашақта Сіз сияқты елге еңбегімізді сіңіруге барымызды саламыз» десті.
500 адамға арналған пәтер үлгісіндегі жатақхана 2015 жылы ашылған. Онда «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын 300 студент тұрады. Ғимаратта демалуға арналған бөлмелер, медицина кабинеті, жаттығу залы, жеке заттарды сақтайтын қойма, техникалық орынжайлар және мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін арнайы жабдықталған бөлмелер бар.
Елбасының Павлодар облысына жұмыс сапары бүгін әрі қарай жалғасады. Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық еңбек ұжымдары форумына қатысуы жоспарланған.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.