[caption id="attachment_29583" align="alignleft" width="560"] спуск.p65[/caption]
Кеңес тұсында, «байларды, молданы қойдай қу қамшымен» деген заманда талай кітап өртеліп күлге айналса, талай көзі ашық жан асыл мұраның көзін жоюға қимай, көмбеге тығып, жер астына жасырған-ды. Сондай көмбенің бірнешеуін этнограф-жазушы марқұм Сейіт Кенжеахметовтің жасырған адамның туысқандарының көмегімен қазып алғанын білетін едік.
Ұлттың кәдесіне молынан жарап, қымбат жәдігерге айналған сондай баға жетпес құндылықтар бүгінде көмбеде жатпайды, кітапханаларда құрметпен сақталып, кейінгі ұрпақ зерделесін деп ілімнің көзіне айналып, ара-тұра көрмелерге қойылады. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты «Кітап – дәуір айнасы» атты ашық есік күнінде өткізілген «Кітап – тарих, кітап – қазына» атты сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесінің ашылуына жиналған халықтың қарасы әжептәуір көрінді.
Салтанатта сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков кітаптың баға жетпейтін қазына екендігін айтып, құндылықтарды құрметтеуге шақырса, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы өзінің жас кезін еске алып: «Біздің қыз-бозбала кездерімізде бір-бірімізбен танысатын, табысатын орнымыздың бірі кітапхана еді. Қыз бен жігіт кездесуді кітапханаға белгілейтін. Біздің буынның кітапқа, кітапханаға деген қызығушылығы орасан еді. Жастар, бір сәт смартфон, планшеттерді ысырып, тасқа басылып, қағазға маржан болып өрілген кітапқа үңіліңіздер», – деген апалық тілегін жеткізді.
Көрме сөрелерінен шын мәнінде баға жетпес қазыналар орын теуіпті. Араб, түрік, шағатай, латын таңбаларымен, кириллицамен жазылған сирек кітаптар мен қолжазбалардың қай-қайсысы да таңдандырады. Ахмет Байтұрсыновтың 1909 жылы жарық көрген «Қырық мысалы» Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасымен 1942 жылы шыққан «Абай» романы, сирек қолжазбалар әйтеуір әр қымбат қазына көрмеге келушіні өз қасына ұзақ аялдатады.
Көрмеге қойылған әрбір кітап өзіне осылай тартса, кітапхананың қорында жинақталған құнды дүниелер ауқымы да бөлекше. Зерттеушілерін күтіп жатқан халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Хасен Оралтайдың 6441 құжаты, академик Зәки Ахметовтің 876 құжаты сынды дүниелердің талай талапты жасқа азық болатыны анық. Александр Блоктың қолтаңбасы бар «За гранью прошлых» атты жыр жинағы, бамбук тақтайшаға жазылған ежелгі қытай қолжазбасы, алақанға сыятын кітап дейсіз бе, қордағы қазына әлі талай көрменің төрінен орын алып, талай жанды білімнен сусындатпақ.
Айтпақшы, көрменің ашылуына астаналық жазушы қауым тарту-таралғы жасады. Жазушы, журналистер Табыл Құлыяс, Ағайдар Ысым, Толымбек Әбдірайым сирек кездесетін кітаптар мен өз шығармаларын кітапханаға ұсынды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».