Эссе
Ешкімге жалпақтап, мүләйімсіп жатпайтын. Керісінше, ғылымдағы, жазу майданындағы әріптестері ғұламаға сәлем беріп, хал-ахуал сұрасып жатқанын көретінбіз. Зейнағаң сол баяғы кірпияз қалпы, бекзат қалыбынан айнымай, жылыұшырап, жымиып қана сәлемдесетін. Өзінің қай жерде, қай ортаға болсын мэтр екенін сездіре білетін. Жақын тартып, көңілі түскенде: «Не халдер?» деуші еді. Аз сөзбен саз сөйлейтін. Пікір озықтығынан алдына жан салмайтын. Алдына салса – баяғы ұстаздарын – Мұхаңды, Ғабеңді асқар Алатауға санап, бел тұтып, солардан мысал айтып, тыңдаушыны терең ойға жүгіндіріп барып, баяғының абыз шешендерінше көсіле, төгілдіре жөнелуші еді. Әлі есімде, тәуелсіздіктің алдында, қайта құру, ашылып-сайрау саясаты дендеп тұрды. Сол кезеңде ғой: «Орта жолда қайта құрылып не қыламын. Өзгелер қайта құрылса – құрылсын, ендігі өмір – өзіме бейімделсін», – деп пікір сабақтағаны құлағымда қалыпты. Жарықтық-ай десеңші! Ең алғашқы, 1991 жылғы қарашада жалпыхалықтық президент сайлауы – референдум тұсында: «Назарбаевқа балама жоқ!» – деп көрегендік үн көтергені де есімізде. Алпыс жыл бойы абаттанып үлгерген Алматыдан ел ордасын қиыр түкпірдегі Ақмолаға көшіреміз деп жатқанда – көп жұрт осы қалай болады деп дүдамал, күпті болып жүргенде – ағамыз тағы да көрегендік танытып: «Астананы көшірген жөн, ел – серпіледі, ер – тәуекелге барады, қазақ ежелден тәуекелшіл халық», – деп, рәміздерді көшіруге қам қылған Президентімізге, мәртебелі билік иелеріне алақанын жайып, батасын беріп, ақжол тілегені де көз алдымда! Ақыл-парасаты асқан аға, осылай елінің батагөйіне айналған еді. Зейнағаң өз бағасын жақсы білетін. Білгені сол – маңайына ылғи дарынды, болам деген, қаламы қуатты, ойы бар, сөзі бар жастарды ұйыстыра жүретін. Осынысы өзіне жарасатын. Өз басының қиналғанын, жүйкесі жұқарғанын сездіре бермейтін. Достарына жағасы жайлауда жүргендей жарқ етіп, бейне, сүртіп жіберсең күн сәулесі шағылып шыға келетін жақұт тасындай әр қырынан құлпырып көрінетін. Әсіресе, сөз өнері туралы синтезден – анализге, керісінше, анализден – синтезге көшкен қалыптағы сөз сиқырына барлау жасай сөйлегені қайталанбас шешендік трактат еді. Әдеби қаһарман хақындағы теңдесі жоқ тұжырымын қайда қоярсың! Өмірдің өзге де өзекті толғамы мен түйткілі туралы сөйлеп кетсе – тас бұлақша бұрқырайтын, жарықтық. Әдебиеттанудағы күрделі мәселе – әдеби туындының сыры мен сипаты. Бұл тұстағы ашылмаған арна – әдебиеттегі мазмұн мен пішін. Ал көркем әдебиеттің тілінің жайы – «ылғи буырқанып, теңселе тербеліп жатқан теңіз». Ол теңізге түскен кісі толқынның бетінде қалқымай, жауһар тергендей тереңге сүңги жүзуге міндетті. Ол үшін тілдегі ажарлау, құбылту, айшықтау атаулының бәрін кәдімгі әдебиет теориясы мен тәжірибесін байланыстыра талдағаны құлағымызда. Зейнағаны есіме алған сайын көңілімді айтып-болмас ұлы сағыныш кернейді. Жап-жасыл жастық өлкесіне деген сағыныш. Ғұламалық терең пайым мен парасатқа сағыныш. Ақыл-кеңес сұрасып, өмірдің арғы-бергісіне, қиырдағысына көз жіберер көрегендікке, көріпкелдікке сағыныш. Дүниеде орны толмайтын кісілер болады. Сол орны толмайтынның бірі әрі бірегейі Қабдолов ағамыз еді. Университетті киелі орынға санайтынбыз. Кіріп келе жатқанда аяғымыз лас емес пе деп қайта-қайта жалтақтап аяқ киімімізге қарайтынбыз! Университетті бітірген соң мені қасиетті қарашаңыраққа оқытушы етіп қалдырды. Ізденушімін. Сол кезеңде Зейнолла ағамыз «Қазақ әңгімелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Диссертациялық кеңес Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтында болатын. Мәжіліс залына жанкүйер жұрт сыймай кетті. Қорғаудың қызықтығынан уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Сонда Мұхаметжан Қаратаевтың: «Біреулер әуелі қорғап алып, содан кейін ғалым болады, ал, Қабдолов өзінің ғалым екенін қорғамай-ақ әлдеқашан мойындатқан кісі», – дегені есімде. Кейінше өзім оқып бітірген қарашаңырақтың филология факультетінің деканы болдым. Ертелі-кеш қағазға көміліп отырамын. Бас бұруға мұрша жоқ. Ес кетіп, жан шыққандай кезде есік жай ғана ашылып, арғы жағынан ағамыз көрінеді. Күн шығып келе жатқандай сезіледі. «Мырзаш, шаршадың ғой... күн жанып тұр, аздап сусындайық», – деп ілестіріп алады. Алматы қонақ күйінің жетінші қабатына көтерілеміз. Торсықтай томпайған әппақ көзтаныс келіншек ағамыз келеді деп мұздай шампанды сақтап қоятын. Шампанның көгенін, әңгіме тиегін ағытып, ағыл-тегіл көңіл шалқытып отырған кезді ұмыту қиын. Қайран дүние, бір күнгідей болмай өте шықты! Ол кісінің алдында қаскүнем, қиямпұрыс, кесір мінез танытудың өзі әбес. Мұхтар Әуезовтің жалғыз ауыз қолтаңбасындағы Қабдоловқа қаратып жазылған сұлу мінез дегеннің мәнісі осы болар, сірә! Сұлу мінез, сұлу білім, үлкен өнер иесі досым – аға көңіл белгісі болсын деген кішкентай қолтаңбада қаншалық білгірлік, көрегендік, қаншама ой, қаншама философия жатыр десеңші! 1993 жылы докторлық диссертациямды қорғау үшін Бішкекке барғанымда, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Әбдуәли Қайдар, Тұрсынбек Кәкішев ағаларым бастаған ғалым ұстаздар қолдаушы, тілекші болып бірге жүрді. Әдебиет пен әдебиеттану саласында мұндай қуатты, жарығы саулаған, жалыны лаулаған ортаны, дәстүрге берік мектепті басқа жерден көрген емеспін. Менің ежелгі әдебиет ескерткіштерін Орхон жағасынан Еуразия университетіне алып келгенім, “Орхон ескерткіштерінің толық атласын” жазғаным – осы мектептен көргенім мен көңілге тоқығанымның нәтижесі, осы мектептің дәнінен өнген дарақтың жемісі. Университеттен алған үлгі мен өнеге, білім мен білік күні бүгін де ел игілігіне жарауда. Ежелгі бабаларымыз елдің бірлігі, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығы туралы сай-сүйегіңді сырқырататын өсиет сөздерін мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен тасқа қашап жазып, ұрпағына мирас етіп қалдырып кеткен. Білге қаған дүние салғанда, ынтымақ-бірліктің белгісі болсын деп, Алты Алаш анттасып, аңыр тасқа өздерінің таңбасын басқан. Сол аманат, сол бірлік, сол ынтымақ халқымызға бүгін де, ертең де керек. Ойды ой қозғайды. Тұтас елді біріктіретін ұлттық сананы қалыптастыру үшін, ұлт тарихындағы ұлы мәдени мұраларымыздың рухын ұрпақ санасында тірілтуіміз керек. Мен осы ойды айтудан жалыққан емеспін, әлім келгенше іс жүзіне асырудан шаршаған емеспін. Бұл жеке адамдардың ғана ісі сияқты болып қалмай, елдегі барлық университеттердің білім, тәрбие беру қызметінің алтын арқауындай болуы қажет. Әсіресе, ежелгі әдебиет туралы ғылыми ойлар мен қағидалардың отаны Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен күтеріміз көп. Мәңгі тақта отырған патшаны тарих білмейді. Мәңгі қызмет істеген адам да жоқ өмірде. Бәрі де өткінші. Барға қанағат. Алланың бергеніне шүкір. 1992 жылдың басында мен Премьердің орынбасары қызметінен босандым. «Алатау» санаториінде демалып жатыр едім, Әбіш келіп кетті. Көңілімді көтерейін деп кепті. Көп сөйлестік. Уайымдайтын несі бар. Ең қиын кезде үй көрмей, тыным таппай, аттан түспей, қолымыздан келгенше елге қызмет еттік. Заман өзгерді, қоғам өзгерді, адам өзгерді. Соған орай талап та күшейді. Талапқа сай адам керек. Мен Президенттің кеңесшісі болып тағайындалдым. Ертеңіне кешкісін сау етіп Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов ағаларым келді. Әбең: – Сол қызметтен кеткенің де бір есептен дұрыс болды. Кейінгі кездері тіпті жолыға да алмай қалып едік. Енді күнде адамша кездесіп тұратын болдық, – деді. Зейнаға: – Докторлықты баяғыда қорғайтын адамсың. Бәрін қой да, диссертацияңа отыр. Ғылыми кеңесші өзім боламын. Бішкекте қорғайсың, – деді. Ақыры 1993 жылдың наурыз айында «Жамбылдың ақындық мектебі» деген тақырыпта докторлық диссертациямды жазып бітірдім. Бішкекте қорғайтын болдым. Әлі есімде: Зейнолла Қабдолов ағамыз бас болып, тілегі бір, көңілі жақын кісілер Алматыдан, елден келіп, Бішкектегі Қырғыз мемлекеттік университетінің үлкен залы толып кетті. Сөйлеушілер де көп болды. Қырғыз ағайындар: мына қазақтар Бішкекті шабайын деп келген бе деп әзілдеп жатты. Диссертацияны ойдағыдай қорғап, елге көңілді қайттық. Ұстаз, профессор Зейнолла Қабдолов әдебиеттану біліміне өзінше сүрлеу салып, көптеген қадау-қадау пайым жасап, қазақстандық әдебиеттану мектебін қалыптастырды. Бұрындары тиіп-қашты айтылып жүрген көркемдік әдіс дегеннің көкжиегін кеңейтті. Жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Шындығында көркемдік әдіс деген ұғым әдебиеттану ғылымында күні кеше ғана шықты. Оның алдында әдіс дегеннің керегі не, баяғы ағыммен жүре берсек қайтеді деген де пікір бар еді. Көркемдік әдіс – өнер туындысында адам образын жасауға, сол арқылы шындықтың сырын бейнелі түрде ашуға қажетті өмір деректерін белгілі бір эстетикалық талғам биігінен таңдаудың, қорытудың және жинақтаудың ерекше жолы. Сайып келгенде өмір шындығын өнер шындығына айналдыра саралап, белгілі бір қоғамдық идеал тұрғысынан қайта түлетудің қам-қарекеті. Романтизм мен реализмнің көркемдік немесе шығармашылық әдіс ретіндегі ең елеулі сипаттары, міне, осы анықтамада жатыр. Осы анықтаманың байыбына бара түссек – әдіс пен стильдің бір-бірінен ерекшеліктерін аңғара түсеміз: шынында да, біздің әдіс жайлы әңгімеміз өнердің даму процесіндегі стратегия жайлы әңгіме сияқты да, стиль жайлы әңгімеміз тактика жайлы әңгіме болып шығады. Әдебиеттің даму сатысында көркем әдебиетке авангардизм тәсілін енгізген, ой ағыны мектебінің атасы Джеймс Джойстің 700 беттік «Улисс» романының композициялық құрылымына, фабуласына оқырманға қаратып талдау ретінде тағы сондай көлемде ғылыми түсініктеме жазылған. Ол түсініктемесіз романның мазмұнына тереңдеп сүңги алмайсыз. Осы айтқандай, қазақ әдебиетінің маңдайалды шығармасы «Абай жолы» эпопеясына ғұлама Қабдолов әрі мазмұнды, әрі мағыналы терең талдау жасады. Әлі күнге осы талдауы көп зерттеушіге маңдайына ұстаған темірқазық іспетті. Адаспайсыз, адастырмайды. Зейнағаның қаламынан туған кітаптарды оқыған кісі толқын-толқын болып келетін, жағасы қиырға кететін, әрі терең, әрі байыппен ағатын дария арнасын елестетеді. Классиктеріміздің қадау-қадау пайымына батыл барлау, қас қаламгерлердің қыртысты қалың кітаптарын көкірек көзімен індете сөйлету – желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынның балаң сөзіне сүйсініп – батасын беру... бәрі-бәрі... үлкен арнада толқып жатады. Зейнолла Қабдолов кешегі партиялық идеологияның құрсауында жүріп-ақ алдына азаматтық пайымын шамшырақ етіп ұстап, өз елі – Қазақстан туралы толымды сөз айтты. Керек кезінде еңбекші бұқараға қаратып қалам толғады. Тәуелсіздік күнінің келетінін елден бұрын болжады. Біз күңіренбейік, күрсіне бермейік деді. Ұлтымыздың абзал ұлдарының аңсап өткені, армандап кеткені – ел тәуелсіздігі еді. Сонау бір мұнар да мұнар... мұнар күнде еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, жолбарыстай жортқан ер Махамбет өз елінің осы бақытын көксеген. Аз ғұмырын ой мен арманға толтырып, мағыналы мақсатпен өткізген, сол жолда булығумен, бұлқынумен, тынымсыз ізденумен өткен орыс офицері, қазақ ғалымы Шоқан өз елінің осы күнін аңсады. Байтақ өлкенің терістігінде темірқазықтай жарқырап, шырақтай маздап жанған Ыбырай ұстаздың шәкіртіне шырақ жаққаны осы еді. Қараңғы қазақтың тұтасқан бұлтты аспанына – ағарта ай боп туған, жайната күн боп күлген – Абай ақын халқына осы өмірді көксеген еді. Қара орман қазаққа қаратып қуатты сөз айту некен-саяқтың қолынан келетін. Сол некен-саяқтың бірі – ғұлама ағамыз еді. Зейнаға қашанда өз уақытысының сарабдал, сайыпқыран сардары бола білді. Еліміздің әрбір жаңалығына қуанды, жақсы ұлдарын жақсы тілеуімен желеп-жебеді; тәуелсіздігіміздің жаршысы, жыршысы бола білді. Ақ жарылып қуанды. Президентімізге, елімізге ақ жол тілеумен өтті. Әңгіменің басында естелігімді ғұлама – Зейнолла Қабдоловпен бастаған едім. Енді сол кісінің бір мінезімен аяқтағалы отырмын. Дегдар кісі кемеліне келген кезінде ақылшы ұстазы Мұхтар Әуезов туралы «Менің Әуезовім» деген роман-эссе жазғаны жұртқа мәлім. Сол романына Мемлекеттік сыйлық алды. Романның бірінші кітабы дер кезінде оқырманның қолына тиді. Екінші кітабы аяқталмай қалды. Сол аяқталмай қалған эссе-кітабында: «Мұхаң маған бір қиын сұрақ қойды», – деп бастайды сөзін жазушы. « – Өзің білесің, мен Құнанбайдың аузына «адамның құны не болса – міні де сол болады» деген сөз салдым. Соңғы бірер жылда, әсіресе маған Лениндік сыйлық берілгелі өз елімізде де, шетелдерде де, тек қана менің шығармаларымның құны туралы айтылады, жазылады. Ал енді менің шығармаларымның міні, демек суреткер ретінде менің өзімнің мінім туралы сен не айтар едің? Бұл менің көптен бері ойланып, ой болғанда он ойланып, жүз толғанып жүрген іш пікірім еді. Алайда айтуға қатты қиналып, мүлде ретін таппай, «сірә, айту мүмкін болмас» деп жүр едім. Енді, міне, реті келіп-ақ тұр. Бірақ әлі де жүрексініп, ашық айта алмай, ұзақ отырдым. – Жә, үндемей қалдың ғой, айт, тура және ашып айт. Байқаймын айтарың бар сияқты. – Айтсам...сіздің қазіргі мініңіз біреу-ақ. Жазғаныңызды қолмен емес, машинкаға айтып жаздырасыз. Менің ойымша, көркем шығарманы, орысша айтқанда, диктовкамен жазуға болмайды. Тек қана қолмен жазу керек. Мұхаң ойланып қалды. Байқаймын, мұндай пікірді бірінші естіп отырмаған секілді. Онша тіксіне қойған жоқ. Бірақ, мұның есесіне мен өзімнен өзім тіксіндім. Әңгіме мін туралы болғасын ба, кім білсін, әйтеуір Мұхаңның бір мінін айтам деген бір ауыз сөзімнен мен өзімнің екі түрлі мінімді аңғардым. Бұл да әлгіде Мұхаң айтқандай, «кісінің құнынан туған міні» тәрізді. Алдымен, тым батыл кетіппін. Ал, батылдық маған ағаның өзі дарытқан мінез: өзіне ылғи жақын ұстады, сыртқа теппей, бауырына тартты. Ойға да, сөзге де еркіндік берді. Дегенмен дәл осы арадағы батылдығым мен еркіндігім орынсыз, ерсілеу шыққан-ды, өкіне жаздадым» (З.Қабдолов, Дана дидар, Астана, 2009, 84-85-бет). Бұл жерде ұстаз да, шәкірт те өз кезеңінің талғам-танымымен сөз сабақтайды. Жаһандану дәуірінде әр жазушы өзінің жан сырын мінезімен жазады. Мысалға, Тәкен Әлімқұлов сөйлемін бір бетті алатындай таяқ әріптермен сойдақтатып түсіретін. Ал Әбдіжәміл Нұрпейісов таршылықтан шыққандай – екі бүктелген дәптер бетіне құмырсқаның ізіндей ғып қарындашпен жазады. Шетел классиктерінің көбі ойын бұл күнде бірден компьютерге түсіреді. Ал, өткен ғасырдың елуінші жылдары Мұхтар Әуезов өзінің алтын уақытын үнемдеп, көбіне машинкаға ауызша айтып, тасқа басылған қолжазбаны екінші мәрте қолмен түзетіп, сүзіп, көркемдейтін амал тапты. Лев Толстойдың өзі машинкадан шыққан бетті қайта-қайта түзетіп, зайыбы мен шәкіртіне көшіртіп, әуре-сарсаңға салудан жалықпаған. Даңғыл Әуезов әрі уақытын үнемді пайдаланып, әрі ой ағынына еркін сүңгіп, әлгідей ауызша айту – диктовкаға дағдыланды. Қазақ қаламгерлері ішінен жазушының жедел дамыған өркениет сатысына елден бұрын аяқ салып, ой ағынын ақ қағазға түсіру үлгісін жасағаны деп білейік. Жоғарыда ұстаз бен шәкірттің тілге тиек етіп отырған жазушылық міні – төтесін айтқанда – Әуезовтің әлемдік деңгейдегі жазу тәжірибесіне ден қойғаны, алғаш рет ой ағынына тізгін түйгені деп білеміз. Ғұламаның Әуезов туралы шығармасы оқырманды бүркемесіз шындығымен баурайды. Мұхаңның жазу мәнеріндегі мінін айтам деп отырып сол дәуірдің, сол кезеңнің жазу машығынан, аға-дос пен іні-достың шүбәсіз көзқарасынан хабар береді. Қалай десек те қаламгердің шеберлік көкжиегін, сөз саптау мәнерін, сөз суретін тану үшін Қабдолов эссесін аттап өте алмаймыз. Бірінсіз бірі көмескі. Бірінсіз бірін елестету қиын. Кейінгі жылдары жазған күнделігінде: «Мұхтар Әуезов – ұлы жазушы, тірі классик. Бұл кісімен бірге жасау, мұның тәлім-тәрбиесін көру – бақыт. Мақтану, лепіру неден туады? Бұл мардымсыздықтан, таяздықтан, келешегі осал адамнан туатын мінез. Бармен қанағаттану – болымсыз адамның ісі. Маскүнемдікке де осы апарады. Шын ірі келешектің адамы өзіне-өзі разы болмайды. Оған даңқтың құны бір тиын. Осы арада мазмұн бар... Мен қазір Тахауи мен Әбдіжәмілдің романдарын оқып жүрмін: «Күткен күн» мен «Қаһарлы күндер». Екеуі де Мұхаңның әсерін мол қабылдаған адамдар. Әсіресе, Әбдіжәмілде көп. Және осы әсер тілдің шұрайлылығына, сөз орамдарының салмақтылығына, суреттілікке, сайып келгенде нағыз образдылыққа алып барады» (З.Қабдолов, Дана дидар, Астана, 209, 236-237 бет). – деп жазыпты. Зейнолла ағаның сыр сандығы толы осындай жауһар. Сол сыр сандықты ебін тауып аша білуіміз керек. «Жазушы – ұлттың ұяты, намысы, иманы; кешегі алыптар тобының әрбірін осы тұрғыдан талдағанда барып – тереңірек түсінеміз» деген топшылауы – абыз Абайша айтқанда: сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай, ойыңызға ой қосып, қиялыңызға қанат жалғайды. Ақынның бір сәттегі жылт еткен нұрлы ойы, жарқ еткен сезім суреті қаперінен тыс қалмайды. Сыршылдық, сарабдалдық, сезімталдықтан сарайыңыз ашыла түседі. Бір кереметі – қанша қытымыр, өмірден түңілген, кесір кісінің өзі – Зейнолла ағамыз сөйлеген кезде шуаққа шомылғандай жайылып сала беруші еді. Мұз болып қалған жүрегі жібитін. Көңілі көншитін. Бітімшіл кісі еді. Қай істе де мемлекетшілділігі көзге ұрып тұратын. Жұрттың көбін досым, бауырым деп өзіне жақындатып сөйлейтін. Бұл келе-келе ол кісінің мінезіне айналды. Ғұламаның бақилық болған кезеңінен алыстаған сайын болмыс бейнесі әлдеқайда нұсқаланып, биіктеп, зау тартып барады. Оны біз сағынамыз, тереңнен тартып сөйлеген сұлу сөзін еске аламыз. Күнделігін, «Ұшқынын», «Жалынын», «Сөнбейтін отын», «Дана дидарын» қайыра қолға аламыз. Тіршілік қарбаласынан бір пәс бойымызды босатып, тас бұлақтың суындай көрікті сөзіне мейір қандырып, ата жұртқа мінажат қылғандай, дана ұстазға қол бергендей – қайыра қуаттанып шыға келеміз. Өлшеусіз өмір күресіне мидай араласамыз. Қиялымыз кеңіп, дариядай шалқимыз. Сөздің суретін көріп, өреміз, рухымыз биіктейді. * * * Абыз ағаларымды ойласам-ақ есіме асыл жеңгелерім бірге түседі. Бәрімен де аралас-құралас, дәмдес-тұздас болдық. Солардың қай-қайсысы да көркем шығармаға кейіпкер бола алар еді. Қазақ әйелдерінің жарына адалдығы, ақылдылығы, төзімділігі, қайсарлығы, ақыл-парасаты, көркі эпостарымызда, халық ертегілерінде ерекше суреттелген. Ондай қазақ аналары ертегілерде, эпостарда ғана емес, бүгінгі заманымызда да бар. Мысалға, Мұхаметжан Қаратаев ағамыздың соңынан іздеп Ібір-Сібірге барған Мархума жеңгеміз; өмір бойы ат үстінен түспеген Өмірбек Жолдасбековтің адал жары, үлкен ғалым Майя Бағысбаева жеңешем, мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың зайыбы Фатима жеңгей, оқу министрі Тұрғанбек Қатаевтың зайыбы Базаркүл жеңгей, драматург Шахмет Хұсайыновтың зайыбы әрі ғажайып актриса Бикен Римова әпкем, даңғыл журналист Балғабек Қыдырбекұлының отбасының шырақшысы Сапура жеңешем туралы бір-бір кітап жазуға болар еді. Әлгі жеңгелеріміз жарық дүниеге өздері үшін емес, адал жарын халыққа таныту үшін келгендей елестейді. Бұл кісілер өздері үшін емес, жұбайлары үшін өмір сүрді. Зейнолла Қабдоловтың жары Сәуле апай да құдіретті кісінің жары болса да, жарты ғасырдан астам уақыт бетегеден биік, жусаннан аласа бола жүріп, асқар таудай азаматын бетке ұстап, өзі елеусіз жүрді. Жарқырап көзге түскен жоқ. Кес-кестеп сөйлеген жоқ. Жақсының асыл жары болудың бір үлгісі осы Сәуле апай деп ойлаймын. Бейне сол үйдің қызметшісі секілді ылғи ағамыздың жолын тосып отыратын. Жарымай жүрген кезіміз. Кейде себептен себеп туғызып, ағамызға ілесіп қарашаңыраққа келеміз. Қай кезде келсек те апамыздың қазаны асулы, дастарқаны жаюлы. Қазы-қартасының иісі мұрын жаратын. Қабақ шытуды білмейді. Жылы жүзбен қарсы алады. Сәуле апай үй бағып отырған етекбасты әйел болса қанекей! Өмір бойына қазақ орта мектебінде тарихтан сабақ берді. Тәлімгер. Асыл ана. Тумысынан тәрбиеші адам – мектебін де көгертті, отбасын да шамшырақ ете білді. Екі жақсы қосылмайды деген сөз бар. Екі жақсы қосылғанының бір дәлелі Қабдоловтың отбасы еді. Ағамыздың жағасына кір түсірмейтін, үстіне қылшық жұқтырмайтын. Бәйге атындай болатын. Ғалым ағамыз қарбаласы қымқуыт мына өмірден жалыққанын, шаршағанын сездірмей өтсе, артындағы Қытай қорғанындай мықты тылы Сәуле апамыздың арқасы еді. Аға дүниеден өткеннен кейін мөлдіретіп естелік жазды. Осының бәрін қайдан біле береді деп жалпақ қазақ таң қалды. Сөйтсек, апамыз жақсының жады бола біліпті. Ештеңесін ұмытпапты. Жасырып маржандай тізіп күнделік жүргізіпті. Маңдайы жарқырап жүрген халқының батагөйін одан сайын биіктетіп бізге беймәлім сырын жайып салды. Таң қалмасқа шараң жоқ! Менің ағаларым да, жеңгелерім де осындай асылдар! Асылдарымызды ардақтайықшы, ағайын! Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
•
14 Қаңтар, 2011
Асылдарым (жалғасы)
561 рет
көрсетілді