• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Наурыз, 2016

Молынан болып ырысың, Оңынан келгей Ұлысым!

1123 рет
көрсетілді

Әз-Наурыз – түркі жұртының мерейлі мерекесі Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – түркі жұртының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақ сақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастарқан жайып, қонақ күтіп, бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жо­лын ұстанады. Асылында мұсыл­мандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алай­да осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады. Өйткені, Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан» деп бұйырған. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Кү­нәға және дұшпандыққа жәрдем­деспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Бір­лігінен айырылған елден бе­реке қашады. Ұлы Аллаһ Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынты­мақ­қа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жі­біне (дініне) жармасыңдар, сон­дай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят). Ал сүйік­ті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұс­тафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қан­шалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Осы тұста, наурыз мерекесі кезінде атқаратын бірқатар амалдарды айтып өтуді жөн санаймын. Тасаттық «жауын тілеу» амалдары Кейбір жылдары көктем айлары жауын-шашынсыз өтетіні белгілі. Осындай кезде ел болып екі ракат намазын жаңбыр тілеу оқиды. Мұны қазақ жұртында «тасаттық» деп те атайтын болған. Әбу Ханафи мазһабы бойынша жамағатпен жария оқу сүннет емес, жарамды мәндүп іс болып саналады (Ислам Ғылымхалы 177-бет). Нұх Пайғамбар: «Раббыла­рың­нан жарылқау тілеңдер. Өйткені, ол – өте жарылқаушы», – деді. «Ол сендерге аспаннан мол-мол жауын жіберді» (Нұх, 71/10-11). Мұса Пайғамбар жайлы: «Сол уақыт­та Мұса елі үшін су тіледі» (Бақара, 2/60). Жауын жаумаса, намаз бірнеше күн қайталанады. Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарымыз жеріне жауын сұрап, Аллаға мінә­жат етуге халқын жинап, дала­ға келе жатады. Сөйтсе, алдынан кішкене бір құмырсқаның ая­ғынан тік тұрып, екі қолын көкке көте­ріп, Жаратқанға дұға тілеп тұрғанын көреді. Құмырсқа болса, «Я, мейірімді Алла! Біз сенің жаратылыстарыңның ішіндегі ең кішкене құмырсқасы боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін, бізді жазалама, ризығымызды кеспе, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі» деп, тілеп тұрғанын естиді. Сонда, Сүлеймен (ғ.с.) барша жануар – жәндіктің тілін ұққандықтан, өз халқына бұрылып, «Кері қайтамыз. Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті» деген екен. Мұса (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсында Жаратқанның рақымының бір тамшысы жерге түспей, бәрі жиылып, тасаттық беріп, жауын тілейді. Алайда, жаңбыр жаумайды. Мұның себебін сұрай келген халықтан кейін, ол (ғ.с.) «Тұр» тауына шыққанда, оған «Ол жерге Өзім барамын» дейді Алла та­ғала. Сөйтіп, халық ұлан-асыр дайын­дықпен күтіп отыр­ғанда, бір кембағал келіп, нан сұрайды. Халық болса, оның алқам-салқам түрі мен үстіне қарап, қуып шығады. Кешке дейін сарыла күткен халық наразыланып, Мұсаға (ғ.с.) қайырылғанда, жиналған халықтың ниетіне қарай жауынның жіберілмейтінін Алла тағала жеткізеді. Сондығынан, та­саттық беру ниеттес болған­дар­дың шынайы жүрекпен бір­ге ті­лектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың қолайлы, көктемнің сәуірлі, жаздың жайдарлы, күздің күреңді болуының да көп себебі – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиеті, Жаратқанға жақындауында. Жаңбыр сұрау дұғасы Ең алдымен дәрет алып, Алла­дан пайдалы нөсер, зиянсыз, қауіп­сіз жаңбыр тілейміз. Екі алақанды жайып: «Аллаһумма әсқинә ғайсән муғиисән мәрйан мариъан нәфиъан ғайра дарийн, ъажилән ғайра әжилин», – дұғасын оқыған абзал. Истихара жайында не білесіз? Күн көзі жылып, осы наурыз айынан бастап әрбір пенде тіршілігін бастайтыны белгілі. Мысалы, егін егу, құрылыс жұмыстары, сондай-ақ, сапарға шығу, үйлену алдында немесе сауда-саттық бастау, т.б. ал­дын жасалатын амал болып табылады. Сондықтан әрбір істі бас­таудан алдын Истихара намазын оқығаны абзал. Истихара дегеніміз – бір нәр­се­нің қайырлы болуын тілеу. Шариғаттағы мағынасы, бір іске аяқ баспас бұрын, көңілдегі күдікті сейілту үшін, ең дұрыс таңдауды Алладан намаз оқып немесе арнайы дұға айтып тілеу. Истихара – ардақты Пайғамба­рымыздың үмметіне үнемі кеңес ететін сүннеті. Һәйсәмиде риуаят етілген бір хадисте Алла Ел­шісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының шат­тығының бірі – Аллаға истихара жасау», – дей отырып, исти­хара­ның маңыздылығын көрсетеді (Әл-Һайсәми, Мәжмуғуз Зәуәид «Бәбуль Истихара» – 3669 хадис.). Бір іске истихара жасайтын адам екі ракәғат нәпіл намаз оқып, сәлем бергеннен кейін исти­хара дұғасын айтады. Сахих Бухариде келген бір хадисте сахаба Жәбир ибн Абдул­ла былай дейді: «Алланың Елшісі бізге Истихараны Құран сүрелерін үйреткендей үйрететін: «Сендерден әлдекім бір іске ниет білдірсе, парыз намазынан бө­лек, екі рәкағат намаз оқысын да мына дұғаны айтсын: «Ей, Раббым! Маған іліміңнен игілік бер­гейсің. Құдіретіңмен мені қуат­ты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің күш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің, барлық нәрсеге күшің жетуші. Әрі Сен ғайыпты да толық көрушісің. Ей Алла! Егер бұл істі (дәл қандай іс болса, сол айтылады, мысалы некелесу. т.б) дінімде, тіршілігімде, істерімнің со­ңында, мен үшін қайырлы десең, оны маған нәсіп ете гөр әрі маған ол істі оңай етіп, мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тір­шілігімде, істерімнің соңында бұл істі мен үшін қайырсыз десең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да, мен үшін жақсылықты нәсіп ет, ме­ні сол жақсылықпен разы ете гөр» (Сахих Бухари - №1166-хадис). Истихара намазын оқитын кісі фа­тихадан кейін қалаған бір сүре­сін оқуына болады. Алайда, ғалымдарымыз бірінші ракәғатта фатихадан кейін «кәфирун сүре­сін», ал екінші ракәғатта фатихадан кейін «ықылас сүресін» оқуды кеңес етеді. Истихарада намаз оқымай, тек дұ­ғасын ғана оқуға да болады (Әл-Маусуғатуль фиқһия – 3/242-247 бет). Наурыз бата «Батамен ер көгереді, жаңбыр­мен жер көгереді», деп халқымыз текке айтпаған. Осы орайда мына хикаяны айтып өтуді жөн санаймын. Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен (р.а) кез­десіп, баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Сонда ардақты сахаба Әли (р.а) Жаратқан Алладан оның ұлына жақсылық, құт-бұреке тілеп, дұға етеді. Сол шынайы жасал­ған дұға қабыл болып, Сәбиттен әлемге мәшһүр Әбу Ха­ни­фа атымен аталатын Нүғман есімді ұл дүниеге келеді. Бұл да болса «жақсыдан -шарапат» деген сөздің дәлелі болса керек. Сондықтан осындай айтулы мереке күндері үлкен кісілерден бата алуға тырысу керек. Наурызда сыйлық беру дәстүрі Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жасаған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз. Сүннеттердің ішіндегі ең нә­зігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адам­дардың арасында достық пен сүйіс­пеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сый­лық жасаңдар, бір-біріңді жақ­сы көресіңдер», – деген хадис жет­кізген (Байһақи). Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қа­жеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқ­ты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тас­тайтыны белгілі. Наурызда кәде-сыйлық жасауды ұмытпайық. Мейрамда мейірімді, кешірімді болу Дініміз әрбір пендеге мейі­рімді және кешірімді болуды бұйы­рады. Бұл шын мәнінде, халық­тығы­мызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек ар­тық айтқандық емес. Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Кеші­рім жо­лын ұста, дұрыстыққа бұйыр, біл­местіктен аулақ бол» (Ағраф-199). Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бө­лініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7). Наурызда сәлем беру дәстүрі бар Ата-бабаларымыздың: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сә­лем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген насихаттары сәлем берудің маңызын айшықтай түседі. Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, мағынасы «тыныш­тық, бейбітшілік, амандық-есен­дік» дегенді білдіреді Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни, қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім). Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жай айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады. Кім бірінші сәлем береді: – кіші-үлкенге; – өтіп бара жатқан – тұрған адамға; – аттылы адам – жаяуға; – көліктегі кісі жаяуға; – азшылық – көпшілікке; – арада бір үзіліс болса; – қабірстанға барғанда; – ешкім жоқ үйге кіргенде; – аурудың алдына көңіл сұрап барғанда; – мешітке кіргенде сәлем бе­ріледі; – ұл-қызы ата анасына бірінші болып сәлем береді, т.б. Ағаш отырғызудың сауабы мол Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» (Бухари риуаяты). Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имам орынбасары, магистр.