• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2016

Қапшық

577 рет
көрсетілді

Атырауда полипропилен өнімінен тігіле бастады Атыраудағы «Қазхим» серік­тестігін құрған инвесторлар 2011 жылы бұрынғы химия зауытының полипропилен және шпагат цехын жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Қазір бұл цехты құдды зауыт деуге болады. Алдымен 1,3 гектар аумағы бар нысан қалыпқа келтіріліп, ескі қондырғылар жинап әкетілді. 2012 жылы «Даму» қорынан несиеге алынған 400 миллион теңгеге австриялық жаңа технологияның желісі алынды. Желінің жүрегі – экструдер. Бұл түйіршектелген полипропиленді ерітіп, қондырғы желісінде бірнеше метрлік жаймаға айналдырады. Осыдан соң қапшыққа қажетті мөлшерлермен кесіліп, жанжағы тігіледі. Қажеттілігіне қарай полиэтиленнен астар салынады. Дайын қапшықтар сыртына қажетті деректер жазылып, тапсырыс берушіге жөнелтіледі. – Қазір шикізатты Ресейден сатып алып отырмыз. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында шикізат тасымалдаудың еш қиындығы жоқ. Бұрынғыдай кедендік кедергілер мен қағазбастылықтан арылдық, – дей­ді өндіріс басшысы Этивар Маме­дов. – Енді Атыраудағы мұнай-химия кешенінің іске қосы­луын асыға тосып жүрміз. Өйт­кені, біздің өндірісіміз қанат жайып келеді. Қазірдің өзінде айына 120 тонна полипропилен сатып алуға дайынбыз. Осынша көлемдегі шикізат айына 1 миллион дана қант, ұн, тұз және басқа өнімдерді қаптауға арналған қапшық, сонымен бірге, тау-кен өнеркәсібіне де пайдаланылатын 30 мың контейнер шығаруға жетеді. Кәсіпорында 185 жаңа жұмыс орны ашылып, оған жергілікті тұрғындар тартылған. Олардың бәрі де өзге елдердегі осы тектес кәсіпорындарда дайындықтан өтіпті. «Біз үшін тұрақты жұмыс орнының болғаны аса маңызды, сол себептен, күнделікті ісімізді жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз. Осы кәсіпорында жұмыс жасағаныма 4 айдан енді асып барады. Бір қарағанда, көп уақыт өте қоймаса да, жұмысым өзіме ұнайды. Өйткені, біздегі қондырғылардың бәрі де жаңарды, демек, өндірісіміздің келешегі бар. Біздің сапалы өніміміз ортақ табысымызға жол ашады. Сол себептен, шеберлігімізді шыңдап, тапсырыс берушінің сұранысын уақытында орындауға жұмыламыз», деп осы зауытқа еңбекке тартылғанына қуанады экструдер операторы Мұрат Арыстанғалиев. Қазақстанда дәл осындай өндіріс орны соншалықты көп емес. Түрлі көлемдегі қапшықтар мен контейнер, шпагат шығаратын еліміздің Көкшетаудан өзге өңірлерінде жоқ екенін ескерсек, атыраулықтар өніміне тек Қазақстанда ғана емес, жақын шетелдерден де сұраныс арта түсері даусыз. «Қазхим» өнімдерін сатып алушылар қатарында «Қазхром», «Қазазот», «Аралтұз» секілді отандық ірі кәсіпорындармен бірге, ресейлік тұтынушылар да бар. Соның бірі – «Куйбышевазот» кәсіпорны. – Өнім өндіретін кез келген кәсіпорын тұтыну нарығын кеңейтуді көздейді ғой. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында бізге тағы бір нарық кеңістігі – Беларусь елінің есігі ашылды. Тағы бір мақсатымыз – Еуропа нарығы, – дейді «Қазхим» ЖШС бас директоры Александр Перкин. – Өйткені, Беларусь Республикасынан сол елдің тауарлары біздің қапшықтарымызға қапталып, Еуропаға жол тартады. Демек, еуропалық тұтынушылар назары Қазақстанда шығарылған қапшықтардың сапасына да ауады. Біз қазірдің өзінде Чехиядан сол секілдің талаптары мен нормаларын зерттеуге кіріскен өз өкілдігімізді ашып қойдық. Біздің тауарымыздың үлгілері Германия сарапшылары мен жетекші мамандарының сертификаттауына ұсынылды. Еуропаға кіруімізге рұқсат берілсе, бұл біз үшін тек табысымызды көбейту ғана емес, сонымен бірге, бірінші кезекте өндіріс қуатының артуына, сонымен бірге, жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді. Әрине, жегілікті бюджетке қосымша түсімдер де көбейеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.