• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Екпінде ат спортына екпін беріледі

703 рет
көрсетілді

Тарбағатай өңірінде асыл тұ­қымды жылқы өсіріп, аламанда ат оздырып жүрген азамат­тар бар­шылық. Жекелеген жылқы­құмар жандарды былай қойғанда, Ақжар ауылында «Тұлпар» ұлттық спорт түрлері клубы жұмыс істейді. Сер­жан Омарбеков жетекшілік ететін коммуналдық кәсіпорын 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл жастарын ұлттық ойындар­ға баулып келе жатқан мекеме ау­дандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Ат спортына айрықша ден қойған аудан аталған бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып келеді. Таяуда Екпін ауылында заманауи ат спорты мектебі ашылды. Ат спорты түрлерін дамыту мақсатында тұсауы кесілген жаңа нысанды «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Қойбағаров мемлекет-жекемен­шік әріптестігі  аясында өз қаражаты­на салған екен. Бұл мектеп жастарды бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлеріне бау­лиды. – Қазақ – ежелден сәйгүлік бап­таған ел. Егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қа­ны бар азаматтардың қолына көшті. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елі бағзыдан келе жатқан ұлттық өнерін жаңғыртуға ден қойды. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде дерлік мемлекеттік қазынадан қаржыландыру ар­қылы құрылған ат спорты мек­теп­тері бар. Ал бұл нысан ауыл­­дасымыз, кәсіпкер Болат Қой­бағаровтың жеке қаражатына салынды. Алдағы уақытта мем­лекет-жекеменшік әріптестігі шең­берінде мектептің атбегілері мен өзге де қызметкерлерінің ең­бек­­­ақысын аудандық бюджеттен қаржыландыруды жоспар­лап отырмыз, – деді мектептің ашылу салтанатында аудан әкімі Ділдә­бек Оразбаев. Облыс әкімінің қоғамдық ке­ңесшісі Амантай Сәметов тар­ба­ғатайлық өрендер арасында ат спорты шеберлерінің көп екенін, соның арқасында аудан бес жыл қатарынан облыстық спартакиадада бірінші орыннан көрініп келе жатқанын ерекше атап өтсе, ауыл ақсақалы Жамбыл Ахметқалиев жылқыға мінген жастың денсау­лығы мықты болатынын айтып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Мек­­теп­­тің тұсаукесер лентасын тар­­бағатайлық белгілі қаламгер­лер Мейрам Оралов пен Аят Ер­баев қиды. Жалпы, мектеп құрылысы­на 5 миллион теңге жұмсалған екен. Биік әрі жарық, ауасы кең қоражайда жылқы жануары­на барлық жағдай жасалған. Бәйге аттарына жеке-жеке кабина бекітілген. Мұнда таза және жартылай қанды ағылшын, араб жылқылары мен Қостанай асыл тұқымды жылқысы өсірілуде. «Ақбақай», «Жұлдыз», «Сұңқар», «Көкторғай», «Ханшайым», «Бақ­торы», «Қарақат» сынды атау­ларының өзі жылқы есімінің ға­жап галереясын түзіп тұр. Атбегі Қайрат Қосқынбаев жылқыларға уақытымен жем-шөбін беріп, жарататынын, бұл мектептің соң­ғы кезде екпіндік балалардың жиі келетін орнына айналғанын жеткізді. 8 адамды жұмыс­пен қам­тыған кешеннің тағы бір ерек­­шелігі, ауыл жанында атша­бар орналасқан. Сондай-ақ, ат спорты мектебінің базасында мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу мақсатында иппотерапия ор­талығы жұмыс істейтін болады. – Ат десе ішкен асын жерге қоя­тын халықпыз ғой. Бәйге аттарын баптаумен айналысып жүргеніме үш-төрт жыл болып қалды. Қазақ бәйгелерді ерекше құрметтеп, жабулап ұстағаны белгілі. Сондықтан, ата мұрасын заманға сай дамыту үшін осы нысанды салдық. Ауыл­­да жылқыны бағалай білуге баптағанды ұнататын балалар көп. Біздің мақсатымыз да сол – бүгінгі компьютер алды­­нан шық­­пайтын балаларды жылқыны бағалай білуге тәрбиелеу. Шабандоз, көкпаршы болып өскен балалар болашақта денсаулығы мықты, ойы жүйрік азамат ретінде қалыптасатынына сенімім кәміл, – деді «Дастан» шар­уа қожалығының жетекшісі Болат Қойбағаров. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».  Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. Суретті түсірген автор.