Қазақстанда жаңа деңгейге көтерілуде
Соңғы жылдары елімізде мүгедектерді әлеуметтік жағынан қолдау мәселесіне лайықты көңіл бөліне бастады. Осы бағыттағы мемлекеттің сарабдал саясаты мен медициналық технологиялардың дамуының жоғары деңгейі қандай да бір кемістігі бар адамдарды қоғамға қайтаруға мүмкіндік беруде. Осындай күрделі мәселелердің бірі есту қабілетінің бұзылуы болып табылады.
Зады, 10 мың жаңа туған нәрестеге орта есеппен үш-төртеуінің есту қабілетінің бұзылып туылатыны көп ешкімді ойландыра қоймас. Яғни, уақытында ота жасалмаса бұл балалар толыққанды өмір сүру, оқу және жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Бұл ретте мәселені қалай және қай жерден анықтауға болады? Ең дұрысы – республиканың әрбір перзентханасында жаңа туған нәрестелерді скринингтеуге арналған құрылғылардың болуы. Өкінішке қарай, шындық жағдай олай емес, сондықтан көп жағдайда баланың есту қабілетін тексеру тек кереңдіктің күдікті белгілері көріне бастаған кезде ғана басталады. Алайда, патологияны мейлінше ерте анықтау өте маңызды, өйткені, сонда ғана балаға бір жасқа дейін кохлеарлық имплантация бойынша ота жасалып, содан кейін оны дыбыстар әлеміне қайтару үшін есту-сөйлеу бойынша оңалтудың ұзақ үрдісі басталады.
Осы мәселені шешу мақсатында 2014 жылы республикада Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы («ҒТО» РМҚК) құрылды. Осыған дейін елімізде кохлеарлық имплантация бойынша ота жасалған емделушілерді есту-сөйлеу бойынша оңалту үдерісін нәтижелі түрде жүзеге асыруды өз міндетіне алуға қабілетті, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және кәсіби шебер мамандары бар оңалту орталығы болмаған еді. Тек 2007 жылы мемлекет елімізде осы мақсатқа кохлеарлық имплантация бойынша ота жасауға 2 млрд.теңге бөлгеннен соң ғана пайда болды. Бұрын құлақ мүкістігінен зардап шегуші емделушілерді шетелдік клиникаларға жолдайтын.
Кохлеарлық имплантация – 10 мың АҚШ долларынан аса тұратын өте қымбат ем-шара. 5 жылда бір рет ауыстырылуға тиісті сыртқы сөйлеу процессоры одан да қымбат тұрады. Отаның мәні мынада – емделушінің басына дыбыстарды жүйке жүйесіне түсінікті электрлік импульстерге айналдыра алатын имплант қойылады, басқаша айтқанда адам құлағымен емес, миымен ести бастайды.
Бұл еліміздегі мүмкіндігі шектеулі көптеген жандардың жағдайы көтермейтін шығын екені түсінікті, бірақ мемлекеттің қомақты қаржыландыруы арқасында 2007 жылдан бері бүкіл Қазақстан бойынша 2000-нан артық балаға ота жасауға қол жетті. Алайда кохлеарлық имплантация – емделушіні еститін қоғамға қайтарудың тек бірінші қадамы ғана. Адамның дыбыстарды қаншалықты жақсы еститінінің, оларды ажыратуының, ең бастысы, сөйлеуінің 90 пайызын қамтамасыз етуші негізгі кезең – ол отадан кейінгі есту-сөйлеу бойынша оңалту болып табылады. Бұл – оториноларинголог, сурдолог, сурдопедагог, жүйке дәрігері, психолог, педиатр, радиологтың және т.б. мамандардың кешенді жұмысын талап ететін ұзақ та бейнетті үдеріс. Есту-сөйлеу бойынша оңалтусыз кохлералық имплантация жасауға кеткен ақшаны желге ұшты деп есептеуге болады, өйткені ол күтілген нәтижені бермейді.
Есту-сөйлеу бойынша оңалтуды жүзеге асырушы мекеменің болмауы, ота жасалған балалардың ата-аналарының наразылығын тудырды, өйткені, шын мәнінде олар медициналық қызметтің тек бір бөлігін ғана алған. Осылай 2014 жылы Петропавл қаласының есту патологиясы бар мүгедектері аталмыш мәселе бойынша сол уақытта Мәжіліс депутаты болған Д.Назарбаеваға жүгінді. Шешім ұзақ күтуді қажет еткен жоқ. Артынша бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова Үкіметке екі мекеменің «Республикалық эксперименталды протездеу орталығы» РМҚК мен «Республикалық есту қабілетін оңалту орталығы» РМҚК қосу жөніндегі ұсыныспен шықты. Бұл ұсыныс құпталып, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ведомстволық бағынысындағы «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы (РМҚК «ҒТО»)» Үкіметтің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі №1005 қаулысы шықты.
2014 жылдың өзінде-ақ Астана, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысынан 170 бала есту-сөйлеу бойынша оңалтуды жүргізудің апробациясына қатысты. Сонымен қатар, «ҒТО» РМҚК аяқ-қол протездеудің эксперименталдық түрлерін жүргізуге, технологиялық ережелер, әдіснамалық нұсқаулар, салалық республикалық стандарттар жасау бойынша міндеттемелер жүктелді. «ҒТО» РМҚК-да өз саласында маңдайалды боп саналатын әлемдік серіктестермен де екіжақты тиімді ынтымақтастық орнатылған, олар: есту-сөйлеу бойынша оңалту бағытында – «Cochlear» (Швейцария) фирмасымен, аяқ-қол протездеу саласында «ОТТО BOCK» (Германия), «Medicare» (Түркия), «Ортекс» (Ресей), «Арсенал» (Ресей) және басқалар. Аталмыш компаниялардың мамандары конференцияларға қатысып, шеберлік-сыныптарын өткізіп, «ҒТО» РМҚК мамандарын есту-сөйлеу бойынша оңалту және протездеу саласындағы заманауи әдістерге үйретеді.
Қазіргі таңда «ҒТО»РМҚК толықтай дерлік қажетті аппаратурамен және әртүрлі құрылғылармен жабдықталған, осы құрылғыларды алуға соңғы жылдары 150 млн. теңге мөлшерінде қаражат жұмсалды. Есту-сөйлеу бойынша оңалтудың тиімділігін арттыру мақсатында және осы үдеріске қатысушылардың барлығының жұмыла істеген жұмысы арқасында «ҒТО» РМҚК мамандары елімізде алғаш рет кохлеарлық имплантты емделушілерді есту-сөйлеу бойынша оңалту бағдарламасын даярлады. Бұл бағдарламаның бірегейлігі мен құндылығы – оның медицина, сурдопедагогика және әлеуметтік оңалту әдістері мен білімнің тоғысында жасалуында, бұл баланы толыққанды өмірге барынша тез қайтару үшін өте маңызды. Келесі қадамымыз осындай бағдарламаны ересектер үшін даярлау.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенованың мүгедектерді әлеуметтік оңалтудың ауқымын және қарқынын үдету, инклюзивтік білім беруді дамыту және республикада кедергісіз орта қалыптастыру туралы тапсырмаларын орындай отырып, «ҒТО» РМҚК 2015-2018 жылдарға стратегиялық даму жоспарын жасады. Осы жоспарға сәйкес 2016 жылы 250 баланы есту-сөйлеу бойынша оңалту жүргізуге мемлекеттік тапсырыс орындалмақ. Емделушілермен жұмыс даярланған есту-сөйлеу бойынша оңалту бағдарламасына сәйкес стационарлық және амбулаториялық режімде жүргізіледі. Алайда, оңалту үдерісінің қомақты бөлігі ата-ананың иығына да түсетінін айта кету керек, жұмыстың нәтижелілігі олардың табандылығына, шыдамдылығына, бала өмір сүретін психологиялық ахуалға, әлеуметтік және санитарлық нормаларға байланысты.
Марат АХМЕТҚАЛИЕВ,
Республикалық Әлеуметтік оңалтуды дамыту
ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры.
АЛМАТЫ.