Бүгінде ішкі істер саласының құзыреті артып, құрығы ұзарды. Бәрінен бұрын адамның құқын нақты қорғауға бағытталған жаңа заңдар қабылданып, халық көңілінен шығатын тәртіп пен іс-шаралар жүзеге аса бастады. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауыз толтырып айтуға әбден болады. Осыған орай кеше Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев атқарылған және алда атқарылуға тиісті деп қолға алынған жұмыстар барысы туралы айтып берді. Журналистер тарапынан қойылатын сұрақтарға нақты жауап қайтаруды көздеген орынбасар министрліктің бар комитеттерінің басшылары мен қосшыларын да ертіп алыпты. Ал осыған сәйкес, негізгі тақырып Мемлекет басшысының Бес институттық реформаларды іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарындағы ішкі істер органдарына жүктелген міндеттердің орындалу барысы болды.
Жалпы, бүгінде полиция органдары барлық қылмысты істердің 90 пайыз тергеуін жүзеге асыруда, адамдар полиция қызметкерлерімен автокөліктерін, рұқсатнамаларды, көші-қон құжаттарын ресімдеу кезінде және басқа да көптеген мәселелер бойынша тығыз байланыс жасайды. «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заңда ІІД міндеттеріне өзгерістер енгізілді және бірінші кезекте адамды, оның өмірін, құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан құқықтарын қорғау алға қойылды. Жаңа қылмыстық заңнамаға сай полиция, басқа да құқық қорғау, сот органдары сияқты жаңа қылмыстық сот өндірісі үлгісі жағдайында жұмыс істеуде. Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстері, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің жаңа нормалары қолданылуда. Жаңа Қылмыстық кодекс заңнаманы ізгілендіруге, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау түрлерін кеңейтуге бағытталған. Бірінші рет Қылмыстық кодекске әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстық теріс қылықтар деп аталатын 125 құрам енгізілді. Оларды жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары түрінде жауапкершілік көзделеді. Қылмыстық сот өндірісінде процестік прокурор, тергеуші судья тәрізді жаңа мамандар пайда болды. Бұл жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың негізгі міндетін атқаруға, қылмыстық сот өндірісіндегі процестерді жеңілдетуге және жеделдетуге, тергеу кезінде әуре-сарсаңды болдырмауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы ұсынып отырған Бес институттық реформаларды іске асыру шеңберінде кешенді шаралар қабылдануда. ІІМ қызметін бағалауға «халық сенімінің деңгейі» көрсеткіші енгізілді. Сонымен қатар, заңнама мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес бойынша тікелей міндеттерін жүзеге асырады. Бүгінде полиция халыққа 20-дан астам мемлекеттік қызмет көрсетіп отыр. ХҚКО арқылы жеке басты куәландыратын құжаттар, мекенжай анықтамалары, тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері ұсынылады. Елімізге жеке тұлғалар бойынша шақырулар, сондай-ақ, елімізден сыртқа шығатын құжаттар ресімделеді. Ағымдағы жылы паспорттар мен куәліктерді беру мерзімдерін қысқарту үшін құжаттар әзірлейтін қосымша орталықтар Ақтөбе қаласында, 2014 жылы Шымкент қаласында ашылды. Бұл құжаттар беруді 30 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, құжаттарды шығаратын өндірістік орталықтары бар Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында құжаттарды беру мерзімі жеделдетіліп, 2 жұмыс күні ішінде, ал облыс орталықтары үшін 4 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы белсенді даму үстінде, олар арқылы автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін беру қызметтері көрсетілуде. ХҚКО арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетуді оңтайландыру шаралары қабылдануда: автокөліктің техпаспортының дубликатын немесе оны ауыстыру (жоғалту, ауыстыру) кезінде автокөлікті қарау жойылды; мотоцикл мен автокөліктерді басқару құқығын алуға үміткер адамның өз бетімен дайындалуы енгізілуде. Бұл ретте осындай азаматтар үшін емтихандарды қабылдау тек арнайы ХҚКО-да жүргізілетін болады. Ал автокөліктерді тіркеу кезінде құжаттар тізбесі қысқартылады (мекенжай анықтамасы, заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттары алынбайды).
Жол қозғалысы мәселелері жөніндегі заңнама шеңберінде «Жол қозғалысы туралы» заңнан жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін азаматтарды ЖЖЕ білуіне теориялық емтихан тапсыру міндетін алып тастау мәселесі пысықталуда (куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін 1 жыл ішінде). Қазіргі таңда ІІМ азаматтың тіркелген жеріне қарамастан жүргізушілік куәлігін беруге және ауыстыруға кірісуге дайын. Бұл іс республикалық жүйке аурулары және есірткі диспансерлерінің есептеріне қол жеткізе алатын Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай және Павлодар қалаларында орналасқан арнайы ХҚКО-да жүзеге асырылады. Қалған арнайы ХҚКО-да республикалық жүйке аурулары және есірткі диспансерлерінің базаларына қол жеткізген жағдайдан кейін ғана жүзеге асырылады. Кәдімгі ХҚКО-да азаматтарға қоғамдық және жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдар туралы толық ақпарат ұсыну үшін осы жылы ІІМ ӘПК «Бақылау» ақпараттық жүйесінің фото-бейнетіркеу жүйесін шоғырландыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Осы шаралар сөзбұйдалық кедергілерді болдырмауға және қызмет көрсетулер уақытын ұсынуға мүмкіндік береді.
«Ішкі істер органдарының қызметінде халық алдында ашық болу және есеп беруді қамтамасыз ету бойынша радикалды өзгерістер бар. Полицейлер қызметі ауқымды әрі ауыртпалығы көп, әрине, мұндай көлемдегі жұмыста кемшіліктердің орын алуы мүмкін. ІІО жүйесінде өзіндік қауіпсіздік және жеке құрам бойынша инспекция қызметтері бар, олар полиция қызметкерлері тарапынан жіберілетін заң бұзушылықтардың алдын алады. Біздің сайтымызда, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда, негізінен, жол ережесін сақтамау туралы фото-бейне түсірілімдерді орналастырады. Халықпен байланыс жасау үшін Фейсбук әлеуметтік желісінде Әкімшілік полиция комитетінің ресми парақшасы ашылған, онда жол қауіпсіздігі, мемлекеттік қызмет көрсетулер туралы ақпараттар, айыппұлды төлеу тәсілдері, кеңестер орналастырылады. Пайдаланушылар өз пікірлерін қалдырып, сұрақтарын қояды, ол бойынша жедел түрде жауап алады. Екі айдың ішінде парақшаға 300 сұрақ келіп түсті. Сондай-ақ, пайдаланушылар жол ережесін бұзушылардың фотосы мен бейне материалын жібереді. Осындай хабарлар бойынша 100 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Фейсбукте біздің азаматтар арасында ғана емес, шетел азаматтары үшін де туындайтын көші-қон заңнамасының мәселелері, тіркеу тәртібі, құжаттарды беру бойынша ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің парақшасы ашылды. Сонымен қатар, жаңа «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға сәйкес ІІМ-нің жанында, жаңа форматтағы Қоғамдық кеңес құрылды. Аумақтық ішкі істер органдары жанында кеңес беру органы құрылды», дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Сол сияқты, қазіргі күні ішкі істер органдары жоғары кәсіби кадр құрамын құруға ерекше мән беріп отыр. Осы міндетті іске асыру үшін жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға түзетулер енгізілді. Үш кезеңнен тұратын іріктеуде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органда кандидаттардан заңнаманы білуге тестілеу жүргізіледі. Сол жерде жеке қабілеттері бағаланады. Басқаша айтқанда, осы лауазымда жұмыс істеу қабілеті, тәртібі, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікпен қарау және т.б. қабілеттері тексеріледі. Тестілеу нәтижесі бойынша сертификат беріледі, онымен конкурстарға қатыса алады. Екінші кезеңде өтініштер қабылданады, медициналық тексеріс, әңгімелесу, бастапқы оқыту және құқық қорғау органдарында тағылымдамадан өту жүргізіледі. Осы кезеңдерден сәтті өткен кандидат қана 3 кезең шеңберінде лауазымға тағайындалады.
Ел Президентінің «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында ІІМ-нің алдына қойған міндеттерінің тағы бірі – жергілікті полиция қызметін құру, оның құзыретіне қоғамдық тәртіпті қорғау, тұрмыстық қылмыстың жолын кесу, ұсақ құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру жатады. 1 қаңтардан бастап жергілікті полиция өз жұмысын бастап кетті. Оның құрамына учаскелік инспектор, жол-патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністер, тарату және арнайы қабылдау орындары кіреді. Жергілікті полиция қызметі өз жұмысын мына бағытта жүргізеді: құқық бұзушылықтың алдын алу; қоғамдық тәртіпті қорғау; жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық құқық бұзушылықты ескерту және жолын кесу; әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша өндіріс және қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру. Жергілікті полиция қызметінде басымдылық учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөліністерге берілген.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңда атқарушы органдар ЖПҚ жұмысын ғана ұйымдастырып қоймайды, оның қаржыландырылуын да жүргізеді. 2015 жылы травматикалық қарулардың азаматтық айналымда болуына тыйым салуына байланысты оны сатып алу жұмыстары жүргізілді. Республика бойынша барлығы 44,5 мың азамат өз еркімен 47 мыңға жуық (46 756) бірлік қаруды тапсырды, жалпы соммасы 2,3 млрд. теңге тұратын травматикалық қару тіркелді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, травматикалық қаруды қолданумен жасалған қылмыстар 79 пайызға (262-ден 53-ке дейін) төмендеді. Ағымдағы жылдың 2 айы ішінде травматикалық қаруды қолданумен жасалған 6 қылмыс тіркелді, ол өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 40 пайызға төмендеген.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».