Ресей астанасында көрмесін өткізді
Мәскеудегі Ұлттар үйінде суретші Нұрлан Әбішевтің кескіндеме мен графикаға арналған «Сыр-шертпе» атты жеке көрмесі өткізілді. Оған қылқалам шеберінің төл туындылары қойылды. Бұлардың қатарында оның Нью-Йорктегі «Құлпырған көктем» байқауында үздік шыққан суреттері де болды.
– Мен өз шығармаларым арқылы қазақ халқының ішкі әлемін, рухын, адамгершілігін толық ашып көрсетуге тырыстым. Ал тұңғыш қызым дүниеге келгенде қалаға басқаша көзбен қарадым. Бұл көзқарасым тағы 200 туындыға айналды. Екінші қызым өмірге келгенде өз көркемдік стилімді қалыптастырдым. Қазір өз базамды, тұғырнамамды жасаудамын. Жақын арада оны да таныстырамын, – деді суретші көрмеде.
Айта кетейік, ресейліктер Нұрлан Әбішевтің шабытынан туған туындыларға қызығушылық танытты. Мамандар тарапынан оның шеберлігіне жоғары баға да берілді.
– Графика бұл, әрине, суретшінің ең мықты жұмысы деп айтуға болады. Халықтың аңыз, ертегісі – бәрі топтастырылған мұнда. Өте қызықты, біздің қызметкерлер де, қонақтар да шығармашылық туындыларға таңғалды, – деді Мәскеу Ұлттар үйінің қызметкері Ольга Карелина.
Бүгінде суретшінің туындылары еуропалықтарды да қызықтырып отыр. Сондықтан, ол жеке көрмесін енді алыс шетелдерде өткізуді жоспарлап отыр.
Жомарт ҚАЙРАТҰЛЫ.