Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау институты күн энергиясын тұтынуды бастады. Басшылық балама энергияны пайдаланудағы экспериментті алғаш асханадан бастап отыр. Яғни, мұндағы су күннің күшімен жылытылуда. Жаңа жүйе бүгінде өзінің тиімділігін көрсетуде.
– Түркияда іссапарда болған кезімізде ондағы бірнеше жоғары оқу орындарының осындай тың тәсілді қолданатынын көрген болатынбыз. Сол жобалардың үлгілерін өзімізге әкеліп, жаңа технологияны жүзеге асырудамыз. Алдымен асханаға күннен қуат алатын аристонды орнаттық. Ендігі кезекте ауладағы студенттердің жүретін жолдары мен ғимараттардың айналасын жарықтандыру ісіне балама энергияны қоспақпыз. Жатақхананың жоғары жағына қойылған күн батареялары арқылы жарық беріліп, жуынатын бөлмедегі су жылытылатын болады. 2016 жылдың соңына, 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін жоспарымыз жүзеге асады – дейді Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау институтының директоры Камалбек Беркінбаев.
Күннен қуат жинайтын құрылғылар шетелдерден алдырылғанымен, аппаратты оқу орнының студенттері құрастырып, орнатқан. Мұнда Түркиядан келген мамандар жастарды кәсіби білімге баулуда. Яғни, студенттер теория жүзінде алған білімдерін тәжірибемен ұштастыруда.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.