Оңтүстіктің жері құнарлы. Шыбықты теріс қадасаң да саздау жер болса өніп кетеді. Қолқасынан көк улы түтін ақтарылатын машиналар көбейген заманда экологиялық ахуалды оңалту үшін орманды алқаптардың көбейгені әбден керек.
Жақында ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйытқы болуымен Ордабасы ауданында «Отан ағашы» акциясы өтті. Жергілікті жұрт ауызында «Лесхоз» деп аталатын алқап кезінде қоңыр күзде жемісі көздің жауын алатындай бау-бақша болған екен. Осылайша, «Бадам орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» мекемесі орман қорының 60 гектар жеріне 25 мың көшет отырғызылды.
– Көгалдандыру жұмыстары елімізде жаппай қарқын алуда. «Себебі, бұл біздің болашақ ұрпаққа, өзімізге және Табиғат анаға жасап отырған сыйымыз. Бұл игілікті іске әрбір азамат атсалысуы қажет. Әсіресе, жастардың қатысуы аса маңызды», деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Осы орайда және облыс әкімі Б.Атамқұловпен бекітілген «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында 25 мың түп жеміс ағашы отырғызылды. Жеміс ағаштарын таңдаған себебіміз, олардың көгергені, гүлдегені өте әдемі. Екіншіден, өсіп келе жатқан келешек ұрпаққа өзінің жемісін беріп, жастардың назарын аударатындай бір бау-бақша болсын дейміз. Облыс аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында қолға алынған шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы орман қорының жері 3 132,2 мың гектар болса, оның ішінде 1 573,7 мың гектары орманды дала. Сексеуіл алқаптары да жыл сайын ұлғайып келеді. Мысалы, өткен жылы орман қорының 16418 гектар алқабына сексеуіл тұқымы себілген. Сондай-ақ, облыс елді мекендерін көгалдандыруда 3126,1 гектар жерге 1294,6 мың түп ағаш көшеттері отырғызылыпты.
Жас көшеттер тез тамыр алсын десеңіз судан тарықтыруға болмайды. Ал, алқап жанында дермене дәнін жеген балығымен аты шыққан «Бөген» су қоймасы бар. Яғни, судан тапшылық жоқ. Жасыл желекті күтімге алған диқандар көшеттер аралығындағы бос жерлерге қауын-қарбыз егуді ойластыруда. Жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері көп болса баға да арзандайды. Былай айтқанда, басқарма осы тындырған жұмысы арқылы екі жеп биге шығып отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.