• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2016

Үнді биінің үйлесімі

1053 рет
көрсетілді

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде «Алматы – Қазақстан», үнді классикалық би орталығының» 10 жылдық мерейтойына және Ақма­рал Қайназарованың өнер кешіне орайластырып, мерекелік бағ­дар­лама өтті. Бұл кон­цертті Қазақстандағы Үндіс­тан Рес­пуб­ликасының ел­ші­лігі тарту етті. Кеш барысында тек үнді биі ғана емес, оған қазақтың халық биі қосыла үндесіп, мың бұралған бишілердің шеберлігін көрермен қауым ерекше ықыласпен қабылдады. Үш тілде жүргізілген бұл жоба би өнерін әсерлете дәріптеді. Бүгінде «Алматы – Қазақстан, үнді классикалық би орталығы» – Қазақстандағы Үндіс­тан елшілігімен, халықаралық және қоғамдық ұйымдармен, театр­лармен, концерттік залдармен, оқу орындарымен бірлесе жұмыс жасап, шеберлік сыныптарын өткізуде, үндінің классикалық биі – ертеден келе жатқан фило­софиялық өнер, онда үнді халқының өмір тынысы мен құпия сырлары баяндалады. Айта кетейік, аталмыш жо­баның жетекшісі – Қа­­­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері, Үнді клас­сикалық би орталығының директоры Ақмарал Қайназарова. Ол сонымен бірге Бхаратанатьям Үнді классикалық би өнерінің және хореография магистрі. Ақмарал Делидегі (Үндістан, Нью-Дели) Мәдени қатынастар жөніндегі ICCR үнді кеңесінің Бхаратанатьям биін кәсіби орындаушыларының құрамына кіреді. «Алматы – Қазақстан, үнді классикалық би орталығы»-2015 жылы Польшада өткен Ха­лықаралық конкурстың Гран-при иегері. Қазақстан мен Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш дара мекеме 2006 жылдың нау­рызында құрылды. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – адамның тәни және рухани әлемін дамыту, үнді халқының классикалық биі арқылы жеке тұлғаның шығармашылық деңгейін анықтау және ағзаны сауықтыру, түрлі ұлт өкілдерін түсіністік пен ынтымаққа шақыру, Қазақстан мен Үндістанның мәдени байланысын нығайту болып табылады. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».