• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2016

Абай ауылындағы кітап мерекесі

305 рет
көрсетілді

«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда» деп Мұқағали жырлағандай, наурыз айының басында Абай еліне сапар шектік. Құнанбай өткен, Абай, Шәкәрім ғұмыр кешкен, рухани бай ортада ұлы Мұхтар уызынан жарып өскен қастерлі мекен бұл. Бұл жердің тау мен тасы да, қыраты, қырқасы, жазығы да Абай өлеңіндегідей мен­мұндалап тұр. «Абай елінің көктемі өлеңге айналған өмірдей көрікті көктем», деп Зейнолла Қабдолов айтқандай, Шыңғыстау атырабы расында көктемді сағына күтетін тәрізді. Абай ауданындағы М.Әуезов кітап­ханасында өткен «Туған жер­ге – тағзым» атты акция да көп­шіліктің көктемдей асыға күт­кен шарасы екен. «Туған елге тағзым» атты тағылымды шараның Абай елінде өткізілуіне Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев пен ҚР Ұлттық академиялық кітап­ханасының басшысы Үмітхан Мұңал­баева ұйытқы болған еді. Көктем­нің иісін ала келген кітаптар кітапхананың қойны-қонышын, оқырмандарын қуанышқа кенелтті. Әр жерде кітапқа үңілген, кітапты қызықтаған жастарды, ауыл адамдарын көріп көңіліміз тасыды. «Ауыл кітап оқымайды» деген түсінік қалып­тасқаны бар. Сол түсінікті түп тамырымен жоққа шығарып, мемлекет жəне қоғам қайраткері Тайыр Мансұров жеке кітап қорынан 7000 кітапты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ректоры, профессор Ерлан Сыдықов та жеке қорынан 5000 кітапты аудандық кітапхананың қорына тапсырды. Бұл игілікті шаралар Ерлан Бәтташұлының мерейлі алпыс жылдық тойымен тұспа-тұс келді. Үмітхан Дәуренбекқызы да өз кезегінде кітапханаға Ұлттық академиялық кітапхана атынан тарту-таралғы ретінде бірнеше кітаптар сыйлады. Осы кітаптардың ішінде бір ерекше кітап болды. Кітапханамыздың баспаханасында басылған бұл кітап – «Абайдың қара сөздері». Ені 2,5 см, ұзындығы 4 см. Көпшіліктің қызығушылығын туғызған кітап болды. Кітапты насихаттаған игілікті шаралар еліміздің барлық аймағында жалға­сады деп үміттенеміз. Абай топырағына алғаш қадам басуым. Жүрегім жырлап қоя берді: Абай, Мұхтар – екеуі де өр кеуде, Тірісінде бірін-бірі көрген бе? Шындығымнан сауға сұрап отырмын, Шырақ жағып бастарына өлгенде. Ажал келіп Абай сынды асылға, Алып тынды елу тоғыз жасында. Мұхтар онда жеті жасар жеткіншек, Дұға қылып отырды ма басында?! Халық мұңы – ұлылардың өз мұңы, Өкіндіріп өткен өмір тездігі. Ақырғы рет бақұлдасып қоштасып, Кемеңгердің түсті ме оған көз нұры... Ата болса атышулы атырап, Ұрпақ оған ұшып түскен жапырақ. Бала Мұхтар қабырғасы қайысып, Өз қолымен салды ма оған топырақ?! Салды деп те айта алмаймын мен мұны, Салмады деу –түсініктің кемдігі. Құдай сүйген Құнанбайдың ұлына, Әуез ұлы түнегені белгілі. Жол кестеміздің тығыздығына байланысты аспанда әлі түн пер­десін кере қоймаған таң алдында Абай, Шәкәрім аталар жатқан мекенге барып, құран бағыштап, Жидебайдағы Абай музейімен таныстық. Абай атамыз тұтынған заттар көзге сондай ыстық көрінеді. Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музейіне де бардық. Қос алып – Абай, Мұхтар музейі де қамқорлықтың табын қажетсініп тұрған сияқтанды. Мәңгілік махаб­баттың символы Еңлік-Кебек мазары мен қос ғашыққа орна­тылған ескерткіш те мән-маз­мұн­­дылығымен көз­ге түседі. Кітап­ханамыздың қызмет­кері, өзі суретші Алмас айналаны фотоға түсірумен болды. Таң алдында Жидебай аспаны ерекше әдемі түске бөленеді екен. Таң қалдық. Біртүрлі сезімге бөлендік. Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты ұлылардың рухы жебегендей. Еңлік-Кебектің еңселі ескерткіші де таң шапағына бөленіп, шырайланып тұрды. Айналайын, Абай елі аман бол! Сен қазақтың қасиетісің!   Маржан ЕРШУ.