• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2016

Нұрғиса рухы нұрланды

440 рет
көрсетілді

Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған еді. Оның талай ән-әуендері тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем сазбен әрлеген болатын. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Көш керуен», «Махамбет», «Саржайлау» сияқты әндері мен күйлері халқының сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Жыр жампозы Жамбыл Жабаев: «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар», – деп нық сеніммен айтқаны шындыққа айналды. Ақиқатында солай... Таяуда Астанадағы Конгресс-холл сарайында Қазақ елінің біртуар перзенті, халқымыздың мәдениетінде, музыка өнерінде композитор, дирижер ретінде өшпес із қалдырған, дәулескер күйші, әйгілі сазгер Нұрғиса Ті­лендиевтің шығармашылығына арналған «Нұр аға» атты Гала-концерт өтті. Кешке қазақ эстра­дасының майталмандары, атап айтсақ, КСРО халық әр­тісі Бибігүл Төлегенова, Ұлан Кен­жебеков, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткерлері Ай­гүл Үлкенбаева, Алтынай Жо­ра­баева, Айгүл Қосанова, Аза­мат Жылтыркөзов, Бибігүл Жан­ұзақ, Жастар сыйлығының лауреаты Нұрғали Тұрлыбеков, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңім­паздары Айзада Капо­нова, Нұрбол Балапанов, Шах­ризада Тыныштық сынды көмейіне бұлбұл ұялаған жез­таңдай әншілермен қоса, «Шалқыма» халықтық би ан­самблі өнер көрсетті. Аталған кон­цертте автордың халықтық ұжымдарға арнап жазған шы­ғармаларын Астана қала­сы әкімдігі Мемлекеттік акаде­мия­лық филармониясының сим­фониялық оркестрі шебер орындап, тыңдарман қауымның ықы­ласына бөленді. Концертке жиналған қара­құрым жұрт пен олардың әйгілі сазгерге деген сағынышы, қалт­қысыз көңілі, орындарынан өре түрегеліп, қуана қол соқ­қан бейнелері сондай шынайы болды. Қайталанбас тұлға Нұр­ғиса Тілендиев Қазақстан ком­позиторларының ішінде тұңғыш рет Халық қаһарманы атағын алды. Сол құрмет пен ыстық ықы­ластың бір көрініс-куәсі ретінде осы концертті айтар едік. Мүшелге толар-толмас кезі­нің өзінде-ақ ауылындағы қа­зақ пен қырғыздың, орыс пен татардың музыкалық аспаптарын тегіс қолынан өткізіп, алуан түрлі ән мен күйді құй­қылжыта тартқан Нұрғиса, есейе келе әншіліктің ақиығы Ке­неннен бата алып, жыр жампозы Жамбылдың сарқытын ішті. Алайда, үлкен өнерге ол он төрт жасында кезікті. Қыдыры – қазақ музыкасының шапағатшысы Ахмет Жұбанов еді. Жаңа ғана бұлқынып шығып, булыға ағып, енді ғана жүлге тарта бастаған кәусар бұлақтың тегеурінін Ахаң абыз бірден таныды. Сөйтіп, Нұрғисаны қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына қосады. Домбырашылықтың дүлдүлі Қали Жантілеуовтің оң жағынан Нұрғисаға да орын тиеді. Қалидың алдын көрген құймақұлақ Нұрғиса кешікпей-ақ, бұрын күйді қызығып тартса, енді күйді құнығып тартатын болады, бұрын күйді еліріп тартса, енді күйді елігіп тартады. Міне, осының бәрі де Нұрғиса әлеміне тапжылмас тұғыр болды, осының бәрі де Нұрғиса дарынының сарқылмас қайнар көзі еді. Кеш барысында Н.Тілен­диевтің өмір жолының қысқа, үзіктері көрсетілді. Оның ән-күйлерінің өміршеңдігі болар, халық қосыла шырқап отырды. Бұл жолы да Нұрғиса рухы халқының сырласы да, мұңдасы да бола білді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».