Айтудың өзі ауыр... Адамзат ойының жемісі игілікке айналудың орнына, неге жаппай қырып-жоятын қару жасауға бағытталады? Бұл өзі, сайып келгенде, ақылға сыймайды ғой. Біздің Қазақстан, Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әлемге осыны қаперлеп келе жатқаны көңілімізге әрдайым қуаныш ұялатады. Ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдаған Қазақстан о баста-ақ халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне белсенді түрде қосылды және өзінің аждаһа қаруды таратпау туралы ұстанымын ашық түрде жария етті. Жер-Ананың тыныштығы үшін Қазақ елі тәуелсіздік жылдары талай бастама көтерді.
Міне, кеше ғана бейбітшіліксүйгіш адамзат тағы да біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Əлем. ХХІ ғасыр» атты манифесіне құлақ түрді. Бұл талайды толғандырып, тебіренткені сөзсіз. Өйткені, әңгіме Жер-Анамыздың амандығы, адамзаттың амандығы, тыныштығы туралы болып отыр. Елбасы ұсынған бағдарлама ойлы, саналы кім-кімді де бейжай қалдырмағаны шүбәсіз деп есептеймін. Атом энергиясымен жұмыс істейтін нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ядролық материалдардың терроршылар қолына түсуіне жол бермеу шаралары жайында алаңдаушылықпен айтылуы бізді, шалғайда жатқан ауыл тұрғындарын да ерекше толқытты.
Елбасының: «Бұл үшін бүкіл халықаралық қоғамдастықтың бірлескен нақты жұмысы қажет. Мен террорлық ұйымдарға қатысы бар əркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай əлемдік желі құру қажет деп санаймын», дегені оның əлемдік деңгейдегі қайраткер екенін бүкіл жаһанға тағы әйгіледі.
Мен мәдениет қызметкері ретінде барлық әріптестеріммен бірге байтақ еліміздің әлемдегі бейбіт тірлікке қосып келе жатқан үлесі және адамзаттың амандығы жолындағы күресі жайында халық арасында кеңінен әңгімелеп, тұрғындармен жан-жақты пікірлесіп отырамыз. Ірі ядролық держава – КСРО-ның орнында жаппай қырып-жоятын қарулары бар 4 тәуелсіз мемлекет – Ресей, Қазақстан, Украина және Беларусь пайда болғаны көпшілікке мәлім. Ресейді қоспағанда, олар 1991 жылғы желтоқсанда қабылданған Алматы декларациясына сәйкес, КСРО-ның құқықтық мұрагері болып қалды. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер алдында жоғарыда аталған қауіпті мұраны қайтпек керек? – деген күрделі мәселе тұрды. Сол кезде еліміз аумағында ірі ядролық қару арсеналы шоғырландырылған болатын.
Оның үстіне, химиялық және биологиялық қару өндірісіне қатысты елеулі әлеует жинақталған еді. Мұндай жағдай ел басшылығынан қысқа мерзімде ядролық саладағы мемлекеттік саясатты түбегейлі қайта қарастыруды талап етті. Елбасымыздың алдында қиын таңдау тұрды. Ядролық қаруды сақтау жаңа тәуелсіз мемлекеттің халықаралық ұстанымы үшін айрықша қиын салдар, қауіптер әкелер еді. Біздің мемлекетіміздің ядролық қаруды таратпау туралы болашақтағы саясатының негізі болған алғашқы қадам Елбасының Жарлығымен 1990 жылы, Кеңес Одағы әлі күшінде тұрған кезде, Семей ядролық полигонының жабылуы болды. Қазақстан басшысының батыл да шешімді әрі тағдыршешті бастамасын бүкіл Отанымыз жұртшылығы қолдады. Міне, осындай ерен батылдық, келешек жарқын тағдырымызға негіз қалаған үлкен қадамды жұртымыз лайықты бағалайды.
Тәуелсіздік жылдарындағы шежіреміз бізге тыныштықтың қадірін терең ұғындырады ғой. Мұны білуге тиіспіз. 1991 жылы Беларусьтің, Қазақстанның, Ресейдің, Украинаның басшылары Алматыда Стратегиялық ядролық күштер туралы декларация қабылдап, онда ядролық қауіпсіздікті тиісті деңгейде ұстауда қандай да бір болмашы кемшілікке жол бермеу мақсатында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналына бірлесіп бақылау жасаудың тетігін белгіледі, сол арқылы олар стратегиялық шабуыл жасау қаруын қысқарту саласында бұрынғы КСРО-ның халықаралық міндеттемелеріне адалдықтарын паш етті.
Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне адалдығы 1995 жылдың 21 сәуірінде ел аумағынан ядролық қарудың толықтай шығарылуымен қуаттала түсті. Ал сол жылдың 30 мамырында Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы ядролық оқтұмсық жойылды. Осы сәттен бастап Қазақ жері ядролық қарудан мүлдем тазартылды. Еліміз басшылығы бұл қадамдарға бас-көзге қарамай, жайдан-жай бара салған жоқ. Әлемдік қоғамдастықтағы ядролық қаруы бар беделді мемлекеттердің өзінің қауіпсіздігіне деген толықтай кепілдігін алып барып барды.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, әскери әлеуетті еселей түсу мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепіл бола алмайды, қайта, керісінше, тұрақсыздандырушы факторға айналады. Сондықтан, Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне белсенді түрде қосылып, өзінің ядролық қаруды таратпау туралы ұстанымы дұрыс екендігіне еш күмәнданбайтынын ашық білдірді.
Қазақстан Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы жобаға да қосылды. Ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға бағытталған азат аймақ құру жөніндегі Орталық Азия мемлекеттерінің бастамасы 1997 жылғы 28 ақпандағы Алматы декларациясында жария етілді.
2001 жылғы 29-30 тамызда Алматыда «ХХІ ғасыр – ядролық қарудан азат әлем жолында» атты халықаралық конференция болды. Форум Семей ядролық полигоны жабылуының 10 жылдығына және Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналды. Алқалы жиынға әлемнің 9 елінен 300-ден астам көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері келді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде осы конференцияның өткізілуі 10 жыл бұрын халықтың еркі бойынша ірі ядролық полигондардың бірін жапқан, әлемге ядролық қарудан ерікті түрде бас тартудың бұрын-соңды болмаған үлгісін көрсеткен біздің еліміздің күш-жігерін халықаралық қоғамдастық тарапынан тану әрі сенім білдіру фактісі екенін атап өтті.
Немесе 2014 жылдың 24-25 наурызы күндері Голландияның Гаага қаласында Мемлекет басшыларының ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммиті де аталған бағыттағы Қазақстанның көшбасшылық рөлін айқындай түсетін факт болып табылды. Ядролық қарусызданудың қазақстандық жолымен күллі әлем мемлекеттері жете таныса түсті.
2012 жылы 29 тамызда Астанада халықаралық антиядролық конференция өтті. Президентіміз аталған форумда «ATOM» жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба «Сынақты тоқтату – біздің мақсатымыз» дегенді білдіреді. Яғни, бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы күресті аға буынның жас ұрпаққа лайықты аманаттауын көздейді. Бұл бағдарламамен бүкіл әлем жұртшылығы таныс.
Міне, Жер-Ананың жүрегі аман соғуы үшін Қазақ елінің, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мығым ұмтылысынан кейбір мысалдар осындай. Қазақстан әлем халқына соғыс деген қырсықтың ешқашан жеңімпазы болмайтынын түсіндіріп келеді. Иә, біз мұның бәрін білуге, бағалауға тиіспіз.
Мейірман ШӘКЕНОВ,
Жұбан ауылдық кітапханасының меңгерушісі.
Батыс Қазақстан облысы.
Ақжайық ауданы.