• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2016

Ынтымақтастықпен өмір сүру

356 рет
көрсетілді

бүгінгі күні адамзаттың басты проблемасына айналып отыр Біз М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің проректоры, PhD докторы Мүкәрам ТАЙЖАНОВАМЕН Елбасының Ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналған саммитте көтерген бастамалары төңірегінде ой бөліскен едік. – Мүкәрам Мыр­зат­қызы, Прези­дентіміздің батыл байламы мен зор ерік-жігерінің арқасында Қазақстан – көлемі жөнінен әлемнің төртінші ядролық арсеналынан өз еркі­мен бас тартқан ел. Содан бері арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, алға қой­ған ұстанымымыздан айныған емес­піз. Жаһандық қауіпсіздікті сақтау, бейбіт келісімдерді нығайту бағытындағы бас­ты қағидаттар өзара сенімге, түсі­ністікке негізделген. Соның бір дәлеліне Вашингтонда өткен саммитті атауға болады. – Иә, Мемлекет басшысы кемел көрегендігін, көп векторлы сындарлы саясатын халықаралық қатынастар саласында да мойын­датқан. Қазақстан осыдан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржола жауып, адамзат қауымдастығының зор ілтипаты мен үлкен сүйіспеншілігіне бөленгені белгілі. Елбасының әр сөзі мен іс-әрекеті өзара үйлесіп, әлем құрылымының өзекті мәсе­лелерімен, нақты проблемаларымен тығыз сабақтасып отырады. Өйткені, өзара сенімге, түсіністікке, достыққа, әріптестікке негізделген жаһандық, өңірлік бейбітқатар өмір сүру қағидаты өміршеңдігін ешқашан жойған емес. Өкініштісі сол, мемлекеттер арасындағы талас-тартыстар, шиеленістер саяси келісімдер арқылы шешілудің орнына, қит етсе, қару кезенетін жағдайға тап болдық. Уақыт алға озған сайын бүл үрдістің күр­делене түскенін бай­қаймыз. Қазір сөз­дің емес, нақты іс-қимыл­­дардың уақы­ты. «Қазақстан-2050: Стра­­те­гия­сы – қа­­лыптасқан мемлекет­тің жаңа саяси бағыты» Жол­дауында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері қатарында жаңа тұрақсыздық қаупінің күшейе түсуінің аталуы тектен-тек емес. Әлемдік экономика дағдарысынан ес жия алмай жатқанымызда барлық талас-тартыстарды адам қанының төгілуімен шешетін болсақ, ертең әдепкі көрініске айна­лып кетуі ғажап емес. Оның салқыны демографиялық теңге­рімсіздік, азық-түліктің, энер­ге­ти­каның жетімсіздігі, судың тап­шылығы, табиғи ресус­тар­дың сарқылуы, өркениет құнды­лықтарының дағдарысы секілді әлеуметтік түйінді мәселе­лерді бірлесіп шешудің орнына бытыраң­қылыққа соқтырып отыр. Міне, Елбасы осындай ұшқыр ой тастап, милитаризмнің адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдеп еніп кетуінен сақтандырады, алдын алуға үндейді. Бүгінде әлем жұртшылығы, барша адамзат аса алаңдаулы. Өйт­кені, ортақ үйімізде ажал себе­тін қарулардың зор арсеналы жинақталғаны еш құпия емес. Ғылым жетістігі негізінде ойлап табылған жаппай қырып-жоятын ядролық, химиялық, биологиялық қаруларға қарсы тұратын күш біреу-ақ. Ол Елбасымыз атап көрсет­кендей, мемлекеттер арасын­дағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құр­мет және ішкі іске араласпау қағи­даттарын қалыптастыру қажет. Бүгінде ғаламшардағы ядролық қарудың жалпы жиынтық қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбаның қуатынан 113 мың есе асып түседі екен. Осыған қарап-ақ ядролық қарусыздану мәселесінің ХХІ ғасырдың басты тақырыбына неге айналып отырғанын шамалай беруге болады. – Олай болса, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифестің негізг­і ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз? – Елбасының Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте айтқан ұсыныстарына қатысушылар да, сарапшылар да қызу қолдау білдірді. 50 елден келген делегаттар алдында саммиттің алғы сөзі Президентімізге берілуі халықаралық аренадағы зор беделін танытса керек. Сұрағыңызға тоқталатын бол­сам, биік мінберден кең ауқым­ды бағдарлама қажеттігін а­тап көрсетіп, құжаттың бас­ты басым­дықтарын атап берді. Бірін­шіден, жаппай қырып-жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйек­тілікпен ілгерілеу. Оның ма­ңызды қадамдарына Қазақ­стан өмірінен мысалдар аз емес. Былтыр еліміздің бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы осы мәселе шеңберінде жалпыға ортақ декларация қабылдаған. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Осы жерде саммитке қатысушылардың еліміздегі төмен байытылған уран банкіне қатысты бірлескен мәлімдеме қабылдағанын айта кету артық болмас. Мұның өзі ашық нарық немесе төмен байытылған уран жеткізудің өзге де тетіктері тұрақсызданған жағдайда елдерге ядролық отын жеткізу кепілдігін қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық күш-жігердің бір нәтижесі екенін атап өткен жөн. Президент жаһандық анти­ядролық қозғалыс құруды маңыз­ды міндет ретінде атады. Қазақ­стан бастамашылық еткен, халық­аралық қолдауға ие «АТОМ» халық­аралық жобасы осы мақсатқа арналған. ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру идеясын ұсынды. Кең ауқымды халықаралық ынты­мақтастыққа кедергі келтіретін әскери блок­тар секілді рудиментін еңсеру қажеттігін алға тартты. Шынында да, әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке жеке жауапкершілігін сезіне бермейтін мемлекеттер еніп кетсе, оның салдарын ойлаудың өзі қорқынышты. Өздерінің күш, қару басымдығын жеке мүддесіне пайдаланып жүрген елдер жоқ емес. Уақыттың қандай күрделі кезе­ңінде болса да дұрыс шешім қабыл­дай білетін Мемлекет басшысы­ның бұл мәлімдемесіне бейбітсүйгіш адамзат қызу үн қосары анық. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.