• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
07 Сәуір, 2016

Тәуелсіздік тойы жасампаздықты жария етуі тиіс

1112 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықованың төрайым­дығымен Қазақ­стан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығын өткізу бойынша Мемлекеттік ко­мис­сиясының бірінші отырысы өтті.  Аталған комиссия Қазақстан Президентінің биылғы жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуді жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық дең­гейде өткізу мақсатында құрыл­ған еді. Сондықтан, комис­сия­ның алғашқы отырысында Тәуел­сіздіктің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларды дайындау мен өт­кі­зудің негізгі мәселелері тал­қыланды. Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығын атап өту, мерейлі жылды лайықты қар­сы алу елдігімізге үлкен сын екенін айтты. «Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды. Арнайы Мемлекеттік комиссия құрылып, ол туралы ереже мен комиссияның дербес құрамы бекітілді. Бүгін комиссия мүшелері толықтай жиналып отыр. Жылды «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен мерекелеу туралы тұжырымдама қабылданды. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы ел тарихындағы бетбұрысты кезең болмақ. Ол елімізді түбегейлі жаңғыртатын 5 институттық реформаны қарқынды жүзеге асыру кезеңіне сәйкес келді. Сонымен бірге, әлемдік дағдарыстың салдары сезіліп тұрған күрделі уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Дегенмен, Елбасы атап өткендей, Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктері қандай дағдарыстан да салмақтырақ. Мерейлі жыл еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін одан әрі нығайтып, халықты рухани-мәде­ни біріктіре түсуі, сабақтастық пен прогрессивті дамуды қам­тамасыз етуі тиіс. Қасиетті Тәуел­сіздігіміздің арқасында еліміз­дің жеткен жетістіктерін әрбір азаматтың сезінуі айрықша маңызды. Елбасының сарабдал сая­сатымен еліміз Тәуелсіздік жылдарында барлық сала бойынша табысты реформалар жүргізді. Ең қарқынды дамушы елдердің бірі атанып, әлемге сыйлы әрі сенімді мемлекет ретінде танылды. Бүгінгі Қазақстан экономикасы мығым, саяси ахуалы тұрақты, қоғамы дамып, тіршілігі жақсарған, әлдеқашан қалыптасқан мемлекет. Бейбітшілік пен келісімді нығай­тып, этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтай білген ел. Бұл ретте, Тәуел­сіздік – біздің барлық жетіс­ті­гіміздің негізі. Демек, бұл азатты­ғымыздың ширек ғасырлық мерей­лі жылын мерекелеу барысында әрбір қазақстандықтың жүрегінен нық орын алуы тиіс», – деді. Бұдан кейінгі кезекте Тәуел­сіздіктің 25 жылдығын мерекелеу­ге дайындық шаралары туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз алды. «Тәуелсіздік алған 25 жылдан бергі уақытта Ел­ба­сының арқасында бүкіл әлем Қазақ елін, қазақ ұлтын барын­ша таныды, мәртебелі мемлекет ретінде мойын­дады. Біз Тәуелсіздіктің арқа­сында іргесі берік, келешегі кемел мемлекет құрдық. Әлемдік қауымдастыққа демократиялы-зайырлы мемлекет екенімізді дәлелдедік. Сондықтан, Елба­сының халыққа арнаған Жол­дауында көрсетілген тапсырмалар мен міндеттерді, елімізде іске асырылып жатқан реформаларды басшылыққа ала отырып, оларды лайықты жүзеге асыруға барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Ең бастысы, биылғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын бүкіл халық болып атап өту шараларына жыл басынан бері дайындық шараларын ойдағыдай бастап кеттік. Бұл – дәуірлік оқиға. Халқымыздың сан ұрпағының орындалған армандары мен үміттерінің нәтижесі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қа­зақ­стан Республикасы мем­ле­кеттік Тәуелсіздігі туралы Консти­туциялық Заң қабылданып, еліміз тұңғыш рет әлемдік қоғам­дастық мойындаған мемлекет мәртебесіне ие болды. Егемен дамудың 25 жылы ішінде Қазақ­стан «2030 Стратегиясын» мерзімінен бұрын іске асырып, «2050 Стратегиясын», «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыра бастады. Бүгінде әлемдік қауымдастық Қазақстанды ТМД елдерінің арасынан жаңғырған өзгерістердің көшбасшысы деп біледі», – деді А. Мұхамедиұлы. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исе­ке­шев Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығында 100-ден астам ақпа­раттық-насихаттық шараларды өткізу жоспарда тұрғанын мәлімдеді. «Биыл 100-ден астам ақпараттық-насихат шараларын өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, желтоқсан айында атаулы жылға байланысты Тәуелсіздікке ар­налған пошта маркалары басып шығарылады. Аталған жұмыстар жыл басынан басталды. Мысалы, 18 ақпан күні әлеуметтік желілерде «25 жыл – бір ел – бір тағдыр» ат­ты шара бастау алды. Оның аясында бірден 30 мың­нан астам қолданушы өз сурет­терін (аватар) ұлттық нақыш­пен безендірген еді. Қазір­гі уақытта 102 мың адам әлеуметтік желілердегі фото­суреттерін ұлттық нақыш­пен көмкеріп үлгерді», деді Ә.Исекешев. Оның айтуын­ша, бұл тақырыпқа отан­дық БАҚ өкілдерінің қызы­ғушылығы да артып келеді. Мысалы, жыл басынан бері 5 мыңнан астам материал жарияланған. Сонымен қатар, ол ме­рейтойға ақпараттық қол­дау көрсету аясында 50-ге тарта республикалық БАҚ-ты тар­ту көзделіп отырғанын, отан­дық кино мен эстрада жұл­дыздарын да осы іске бел­сенді қатыстыру жос­пар­да тұрғанын жеткізді. Бұ­ған қоса, Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына орай, мемлекеттік ор­гандардың, ұлттық ком­па­ниялардың, өнеркәсіп кәсіп­орындарының басшылары және мәдениет пен спорт өкіл­дерінің қатысуымен 25 он­лайн-конференция өткі­зіл­мек. «Ақпараттық-насихат­тық жұмыстар әлеумет­тік же­лілерде де жүргізі­леді. Қазан айында әлеумет­тік же­лі­лерде біздің еліміз­дің гео­графиялық ерекше­лік­теріне арналған «Қазақ­стан­ның баруға тұрарлық белгі­сіз 25 жері» атты байқау өте­ді деп көзделіп тұр», деді Ә.Исекешев. Бұл күні еліміздің мәде­ниет және қоғам қайрат­кер­лері алдағы мерейтойды абы­роймен өткізу қажеттігіне баса назар аударып, құр науқан­шылықтан ада болуға ша­қырды. Мәселен, сенатор, қоғам қай­раткері Нұрлан Ораза­лин Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы аста-төк емес, санаға жете­тіндей, көкірекке қонатындай, жүрекке жылы тиетіндей етіп тойлануы шарт екенін айтты. «17 миллион халқымыз ол мейрамды қалай тойласа, соның сыртында бізді қадағалап отырған мемлекеттер де оны жете түсінуі тиіс», деді Н.Оразалин. Мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың сөзі де осы үдеден шықты. Ал Бекболат Тілеухан аталған мейрам «құр той­лау, құр шалқу болмауы қажеттігін» жеткізді. «Еш­­қандай эйфорияның қаже­ті жоқ. Бұл мейрам – Тәуел­­сіздік алдындағы есеп. Бұл – Тәуелсіздіктің қаді­рін түсін­діретін үлкен идеоло­гия­лық шара. Осыны пайдаланып, елдің санасына құйып қалу қажет. Тәуелсіздіктен тәтті, азаттықтан асыл ештеңе жоқ екенін ұрпақтың санасына сіңіру керек», деді ол өз сөзінде. Отырыс соңында Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәу­ел­сіздігінің 25 жылдығын өткі­зуге арналған мемлекеттік ко­миссияның отырысында атаулы жылды атап өтудің медиа-жоспарын 25 сәуірге дейін бітіруді тапсырды. «Ең маңызды мәселелердің бірі – мерейтой аясындағы шараларды ақпараттық-имидж­дік қолдауды қам­тамасыз ету. Осыған бай­ланыс­ты Ин­вес­­тициялар жә­не даму министрлігіне Қазақ­стан Рес­­пуб­ликасы Прези­денті жанын­дағы Орта­лық коммуника­циялар қызметімен, мүдделі орталық және жергілікті органдармен бірге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің медиа-жоспарын 25 сәуірге дейін жасауды тапсырамын», деді Г.Әбдіқалықова. Мемлекеттік хатшы сонымен қатар, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде үлкен тәжірибе жинақталғанын, түрлі патриоттық интернет-акциялар және арнайы жобалар жасалғанын тиек ете келе: «Жыл бойы осы жұмыстарды атқарып шығу керек. Жаңа өндірістердің ашылуын, жаңа жұмыс орындарының пайда болуын, әлеуметтік-мә­дени және тұрмыстық нысан­дар­дың пайдалануға берілуін кеңі­нен көрсету керек», деді. Отырыс аясында Мем­лекеттік комиссия мү­шелері мен шақырылған қонақтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тарихы: Қазақстан жолының қарышты қадамдары» атты деректі фотокөрменің ашылу рәсіміне қатысты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».