Парламент Мәжілісінің вице-спикері В.Божконың төрағалық етуімен Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының отырысы болды.
Отырыс барысында депутаттар ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының жұмысын жалғастыру туралы бастамасын қолдады.
Өз сөзінде Ассамблея Төрағасының орынбасары депутаттық топтың жұмысы – әлемдік парламентаризм тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған бірегей партияаралық диалогты құру үлгісі екендігін атап көрсетті. Барлық партиялардың өкілдері өздерінің саяси сенімдері мен көзқарастарына қарамастан, Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделін іске асыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту үшін ҚХА депутаттық тобында бірігеді.
Отырысқа қатысушылар ұсынған кандидатуралар негізінде депутаттық топтың құрамы бекітіліп, оған Парламент Мәжілісінің 31 депутаты – Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат, «Нұр Отан» партиясынан 17 депутат, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясынан 3 депутат, «Ақ жол» партиясынан
2 депутат енді.
Депутаттық топтың жетекшісі болып Сауытбек Абдрахманов, жетекшінің орынбасары болып Юрий Тимощенко, топ хатшысы болып Наталья Жұмаділдаева сайланды.
Отырыстың соңында депутаттық топтың ұйымдастырушылық мәселелері талқыланып, оның қызметінің негізгі бағыттары айқындалды, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.