Кеше алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің алғашқы жалпы отырысы болып, оны палата Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды.
Жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы Б.Ізмұхамбетов қысқаша сөз сөйледі. Бүгін Мәжілістің алтыншы шақырылымы өз жұмысына толығымен кірісті деуге болады, деп бастады ол өзінің сөзін. Елбасы Н.Назарбаев сессияның ашылуында атап өткеніндей, елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді, іске асырылып жатқан Ұлт Жоспарын заңнамалық тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету біздерге жүктеледі. Соның ішінде бірыңғай салықтық және кедендік кодексті, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану кодексін қабылдап, бәсекелестік, электр қуаты және кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беру саласындағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет, деді ол. Одан әрі Төраға жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттері мен меншігін тиімді басқару ісін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндет екенін атап өтті.
Үкіметтің 2016 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес аталмыш мәселелер бойынша әзірленетін заң жобалары Мәжілістің қарауына күзде енгізіледі екен. Бірақ біз бұл мерзімді күтпестен осынау заң жобаларын сапалы дайындау мақсатымен Үкімет құрған 5 жұмыс тобының қатарына депутаттарымызды енгізіп, бірлескен жұмыстарымызды бастап кеттік, деді Төраға.
Б.Ізмұхамбетовтің айтуына қарағанда, қазір Мәжілістің қоржынында 20 заң жобасы қаралуды күтіп жатыр екен. Оның бесеуі депутаттардың бастамасымен әзірленіпті.
Сөзінің соңында Мәжіліс Төрағасы депутаттарға барлық ұйымдастырушылық мәселелерді шұғыл түрде шешіп, нақты заң шығару процесіне белсене араласу керектігін айтты. Барлық парламенттік фракциялар мен депутаттық топтар Үкімет және қоғаммен бірлесіп, жедел, кәсіби және ашық жұмыс істеп, сапалы заңдар қабылдауымыз қажет. Оған үш саяси партия және Ассамблея өкілдерінен тұратын Мәжіліс құрамының білімі, күш-жігері, жинақталған тәжірибесі, жауапкершілігі жеткілікті деген сенімдемін, деп қорытты өзінің сөзін Б.Ізмұхамбетов.
Күн тәртібіне сәйкес жалпы отырыстың қарауына төрт мәселе шығарылды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қазақстанда офистер құру мен олардың жұмыс істеуі туралы келісімді және Қазақстан мен Македония арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселелері екен. Осы екі заң жобасы туралы баяндаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қорытынды әзірлеуге сұраған мерзімімен депутаттар келісті. Сондай-ақ, үшінші мәселе болып ұсынылған кейбір заңнамалық актілерге азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыру мерзімін 2017 жылдың 20 наурызына дейін ұзартуға да келісім берілді.
Төртінші мәселе бойынша палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева алтыншы сайланған Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарының жобасы туралы баяндады. Жоспардың жобасы Парламент Мәжілісі жұмысының әртүрлі қырларын қамтитын 8 тараудан тұрады. Сессия барысында Парламент қызметінің аса өзекті мәселелері бойынша 4 Үкімет сағатын, комитеттердің 5 көшпелі отырысын өткізу ұсынылады. Кең ауқымдағы жұртшылық өкілдері және азаматтық сектордың қатысуымен Парламентке келіп түскен заң жобаларын жан-жақты талқылау мақсатында 7 дөңгелек үстел өткізу көзделіп отыр. Мәжіліс депутаттарының халықаралық және парламентаралық қызметке қатысуы жеке кесте бойынша жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, жұмыс барысында депутаттардың бастамашылығымен қосымша іс-шаралар өткізу және ұйымдастыру қажеттігі туындауы мүмкін. Оларды қосымша түрде қарап, палата бюросының тиісті шешімімен жоспарға енгізуге болады. Осы айтылғандарды ескере отырып, алтыншы сайланған Мәжілістің бірінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарының ұсынылып отырған жобасын бекітулеріңізді және тиісті қаулы қабылдауларыңызды сұраймын, деді Г.Исімбаева. Депутаттар ұсынылған жұмыс жоспарының жобасын бірауыздан бекітті. Осымен алтыншы сайланған Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өз жұмысын аяқтады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».