Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Таулы Қарабақтағы қазіргі ахуалға айрықша назар аударылды. Мемлекеттер басшылары қақтығысушы тараптарды оқ атуды доғару режімін қамтамасыз етуге және бейбіт келіссөзді қайта қалпына келтіруге шақырды.
Қазақстан Президентінің Брюссельде және Вашингтонда өткен келіссөздеріне орай Украинадағы ахуалды реттеуге байланысты пікір алмасылды.
Сондай-ақ, еуразиялық интеграция, атап айтқанда, алдағы уақытта Астанада өткізу жоспарланып отырған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы мәселелері талқыланды.
Телефон арқылы әңгімелесуге Ресей жағы бастамашы болды.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен және Армения Республикасының Президенті Серж Саргсянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті Әзербайжан және Армения басшыларымен телефон арқылы жеке-жеке сөйлесті.
Екі елдің көшбасшыларымен әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Таулы Қарабақ аймағында таяуда болған оқиға барысында қарапайым адамдар мен әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты көңіл айтты.
Қазақстан Президенті екі ел басшыларын Таулы Қарабақтағы ахуалды ушықтырмауға және бейбіт келіссөздерді халықаралық құқыққа толық сәйкестікте қайта қалпына келтіруге шақырды. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның Минск тобына айрықша рөл беріледі.
Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері талқыланды.