тылсымға толы табиғат тамашаларымен таныстырады
Шығыс Қазақстан облыстық сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты қорық-мұражайының экологиялық экспозициясы тың панорамалық диорамамен толықты. Бұл осыған дейінгі диорамалармен бірге өңірдің ерекше табиғи мүйісімен таныстырады.
– Қызылқұм – ортаазиялық құмды сахараның Күршім ауданында орналасқан солтүстік түкпірдегі соңғы бөлігі. Аға буынға бұл жер Бөкен құмы атауымен белгілі, дейді қорық-мұражайдың ғылыми қызметкері, көрнекті өлкетанушы Борис Щербаков.
Қызылқұмның бұл өлкеде 250 миллион жыл бұрын пайда болғанын, оның пайда болуына эолова әсері барлығын, қарапайым тілмен айтқанда желдің әсерімен түзілген жер бедері екендігін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Табиғаттанушы Б.Щербаковтың айтуынша, Қызылқұмда жекелеген құм төбелердің биіктігі 50 метрге дейін жетеді. Жаңа диорама осы өлкеге тән құпия-сырларды ашады, қып-қызыл құм мен керіш арасындағы тіршілік иелерін таныстырады. Яғни, қорық-мұражайға келушілер өңірдің табиғат кеңістігіндегі таң-тамаша қалдырар өзгеше сиқыр әлемді көреді. Оның ішінде Зайсанның солтүстік жағында жатқан, жасы 60-65 миллион жылға жуық Қиын-Керіш, Шекелмес керішті шөл далалары, Алтай Қалбасы сілемдерінің далалы ландшафттары бар. Әрине, Шығыс Қазақстанның шынайы табиғатымен жақын танысуға әркімнің аяғы жете бермейді. Уақыт тапшы болуы, қаржы қолды байлауы мүмкін. Сондықтан, меймандарды өңірдің өзгеше келбетімен таныстыруға Сол жағалау кешеніндегі экологиялық экспозицияның ерекше қолайлы екенін айта кеткен абзал.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.