• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Ұйымшылдық ұйғарым ұлағаты

396 рет
көрсетілді

Сәуірдің екінші жартысына қарай Ыстамбұл қаласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) 13-ші саммиті болады. Оған Президент Н.Назарбаев қатысады деп күтілуде. Осыған байланысты аталмыш ұйымның тарихы туралы оқырмандарымызға қысқаша айтып беруді дұрыс деп санадық. Бұл ұйым 1969 жылдың 25 қыр­күйегінде құрылған. Ол сая­си, экономикалық, әлеуметтік сала­лардағы Ислам елдерінің ынты­мақ­тастығын және колониализм мен неоколониализмге, нәсілшілдікке қарсы күрес пен Палестинаны азат ету ұйымын қолдау мақсатын көздейді. Көптеген зерттеуші авторлар бұл мақсаттың түбінде Ислам әлемінің экономикасы дамыған Батыс елдерінен тәуелсіз болуды көздеген «ислам экономикасы», «исламның жаңа экономикалық тәртібі» сияқты тұжырымдарды жасау жатыр деп санайды. Соның көрінісіндей болып ХХ ғасырдың өне бойында түрлі исламдық қозғалыстар мен форумдар, сондай-ақ, халықаралық институттар ұйымдастырылды. 1962 жылы Меккеде Сауд Ара­биясының бастама­шыл­дығы­мен алғаш рет «Ислам әлемінің лигасы» деп аталған толық­қанды ха­лық­аралық ислам ұйымы құрыл­ды. Оның хартиясында ислам ын­ты­мақтастығын нығайту, Ис­лам идеясын тарату, атақты дін қай­­­рат­керлерімен тығыз байла­ныстар орнату және т.б. жазыл­ды. Алай­да, Лиганың құры­лы­мы нақ­ты­ланбаған еді. Ол Ис­лам әлеміндегі аймақтық және жа­һан­дық қатерлерге ауызша қарсылық біл­діргенімен, тікелей әсер ету теті­ктерін жасауға ұмтыл­мады. Сон­дықтан да бұл ұйым тиімсіз деп танылды. Осындай тәжірибелерден өтіп келген Ислам ұйымы ақыры 1969 жылы Марокконың астанасы – Рабат қаласында Ислам Кон­­ференциясы Ұйымы (ИКҰ) деген атпен құрылып, халық­­аралық ұйымдар стандарттарын қабылдады. Ұйымның штаб-пәтері Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасатын болып белгіленді. Оған мүше елдердің лайықтылары кезекпен төрағалық етіп отырады. 2011-2012 жылдары ИКҰ-ға төр­ағалық ету құқына ТМД елдері­нің арасынан бірінші болып Қа­зақстан ие болды. Астана қаласында өткен ұйым Сыртқы істер министр­лері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессия­сында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұсы­нысымен оның нақты­ланба­ған атауы өзгертіліп, Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымы (ИЫҰ) деген жаңа атау алды. Сөйтіп, ұйым абстрак­циялы атаумен әрекет етіп келсе, енді нақтылы атаумен нақты қызметтер жасауға көшті. Астанадағы СІМК-ні тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда ұйымның атауы өзгеруімен қатар, Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары алғаш рет қабылданды. Жаңғырту мен реформаларды ХХІ ғасырдағы Ислам әлемі дамуының негізі деп жариялаған, мазмұны жөнінен ұйымның ең прогрессивті құжаты болған Қа­зақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев­тың мұсылман үмметі алдындағы бағдарламалық сөзі ИЫҰ Астана декларациясының негізін қалады. Астанадағы кездесуде оған қа­тысушылар өздерінің ұйым қағи­даттарын жақтайтынын тағы да қуаттап, оны дамытудың жаңа жолдарын айқындады. Сонымен қатар, олар Қазақстанға ЕҚЫҰ саммитін табысты өткізуге мүмкіндік берген айрықша жасампаз Астана рухы Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің (СІМК) сессиясында да ұйым­ды жаңғырту үшін қолайлы ахуал қалыптастырғаны туралы ортақ пікірде болды. Сыртқы істер министрлері кеңесі (СІМК) жүзден астам қа­рар қабылдады, соның ішінде Қазақ­станның бастамасымен ұсы­ныл­ған Ауғанстандағы заңсыз есірткі өндіру және оның айналымымен күресу, бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізі өңірлерін сауықтырып, қалпына келтіру жөніндегі құжаттар бар. Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мының негізгі қағидаттары мыналар: толық теңдік; әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет; ішкі істеріне аралас­пау; мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтас­тығын құрметтеу; ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөз, араағай­ындық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу; ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтас­тығына, сонымен бірге, саяси тәуел­сіздігіне қарсы күш қолдан­бау немесе қоқан-лоқы көрсетпеу. Бүгінгі таңда ИЫҰ – қаты­су­шы­­ларының саны жөнінен әлем­де БҰҰ-дан кейін екінші орын ала­тын аса үлкен ұйым. Оған қаты­сушы 57 мемлекеттің халық саны 1,5 млрд. адамнан асады. 5 мемлекет және 5 халықаралық ұйым оның байқаушысы мәрте­бесін алған. Ұйымның ең жоғары органы – Мемлекет және Үкімет бас­шыларының саммиті. Ол үш жылда бір рет өтіп тұрады. Ал жұмысшы органы болып есеп­телетін Сыртқы істер министр­лері­нің кеңесі жыл сайын ұйым­дас­­тырылады. Атқарушы органы – Бас хатшылықты сыртқы істер ми­­нис­трлері конференциясы төрт жылға сайлайтын Бас хатшы басқа­рады. 2014 жылдың 1 қаңтарынан Бас хатшы қызметін Сауд Арабиясы Корольдігінің өкілі Ияд Амин Мадани атқарып келеді. Бас хатшының саяси, ғылым мен технология, экономика және әлеуметтік мәселелер бойынша төрт орынбасары бар. Араб, ағылшын және француз тілдері ұйымның жұмыс тілдері болып есептеледі. Ыстамбұлда болатын саммитте ИЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған 10 жылдық даму бағдарламасы қабылданады деп күтілуде. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».