• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Нақты қадамдар нақтылыққа бет алды

353 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді әлемнің үздік отыздығының қатарына апаратын нақты 100 қадамды белгілеп, оны Ұлт Жоспары деп атаған болатын. Өткен жылғы мамыр айында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында жарияланған бес институттық реформаны   жүзеге асыруға тиісті осы 100 қадамның жүзеге асуының бүгінгі ахуалы қандай деген мәселе сергек сезімді қазақстандықтарды алаңдатып жүргені де аян. Біз төменде «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші институттық реформаның 10 қадамының іске асуына белсене, соның ішінде 100-ші қадамның іске асырылу тетіктерін жасауға тікелей қатысушы Мәжілістің төртінші, бесінші және алтыншы шақырылымдарының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Майра АЙСИНАНЫ әңгімеге тарттық. – Майра Арапқызы, 100 қадамды іске асыру бағытында істелген жұ­мыстар туралы айтып берсеңіз? – Бүгінгі күні халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бір арнаға түсіп, біршама жоғары деңгейге көтерілді. Дегенмен әлі де Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚО) қызметіне көпшіліктің көңілі толмайтын тұстары көп. Оған себеп ХҚО қызметі емес. Мәселе, өздеріне ғана тікелей байланысты болса, олар қызметтерін мүлтіксіз атқарар еді. Алайда бәрі бұлардың қолында емес, олар адамға керекті құжатты дайындату үшін тиісті мемлекеттік органға жібереді. Ал ондағы шенеуніктер ұзын арқан, кең тұсауға салып, тез жасалуға тиісті құжаттың мерзімін ұзартып, әуре-сарсаңға түсіреді. Немесе тіпті, қандай да бір анықтамалар жетіспейді деп қайтарып та жібереді. Ал ХҚО-ға барған адам 7 күн­нен кейін алуға тиісті құжатына келсе ол дайын болмай шығады. Неме­се қосымша анықтама әкелу талап еті­леді. Келген адам оны бұрын неге айт­падың деп ХҚО қызметкеріне өзінің наразылығын білдіріп жатады. Сөйтіп, ХҚО қызметкері кінәлі болмаса да сөз естіп, кейде тіпті қызмет көрсету бағасын төмен көрсеткеннен сөгіс алып қалады. Осындай мәселелерді болдырмау жағын көздеген Президент Ұлт Жоспарын іске асырудың 100-ші қадамында халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсынуда Канада мен Австралияның тәжірибесін зерттеп, солардың үлгісімен мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Үкімет азаматтар үшін» атты мемлекеттік корпорация құру туралы нақты тапсырма берген болатын. – Канада мен Австралияның үлгі ретінде таңдалу себебі неде? – Өйткені, бұл мемлекеттердің біздің елімізге ұқсастығы көп. Біріншіден, екеуінің де жер аумағы үлкен. Екіншіден, біздегі сияқты халық саны шағындау. Канадамен тіпті табиғи ұқсастығымыз да бар. Аумағы үлкен болған соң екі елдің де елді мекендерінің арасы алшақ. Ал экономикалық дамуы жағынан бұл екі ел де алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер қатарына жатады. Сондықтан осы екі елдің тәжірибесін енгізсек, қателеспейтіндігіміз сөзсіз еді. – Сіз бес институттық реформаны жүзеге асыруға тиісті комиссияның жұ­мысына алғашқы күннен қатыстыңыз ба? – «Есеп беретін мемлекетті қа­лып­тастыру» атты бесінші реформаны іске асыруға жауапты комиссияның бас­шысы Дариға Назарбаева біздің депу­таттардың арасынан төрт жұмыс тобын құрды. Сол жұмыс топтары Үкіметпен бірге жаз, күз айлары бойы жұмыс істеп, осы реформаны іске асыру үшін қандай заңдар қажет екендігін іс жүзінде анықтадық. Сөйтіп, Елбасы көрсеткен 100 қадамның 91-шісінен бастап соңғысына дейінгінің іске асуына жауапты болып белгілендік. Осы 10 қадамның бәрі де мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді. Осы мақсатқа жету жолында қабылданған заңдардың қатарындағы ең алғашқысы депутаттардың бас­тамасымен әзірленген «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң болды. Бұл заң мемлекеттік қызметтердің ашықтығын, мөлдірлігін іске асыруды көздейді. Егер бұрын мемлекеттік шенеунік қандай да бір мәселе туралы БАҚ-қа немесе қызығушылық танытқан азаматқа ақпарат бермейтін болса, мына заң бойынша мемлекеттік құпиядан басқа дүниені шенеунік белгілі мерзімде беруге міндетті болды. Сонымен, қазір әрбір Қазақстан азаматы барлық мемлекеттік органдардан, әкімдіктерден, Үкіметтен өзін қызықтырған ақпаратты бөгетсіз алуға құқылы. Осы мәселелер бойынша Азаматтық кодекске де өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, депутаттар дайындаған екінші заң – «Қоғамдық бақылау кеңестері туралы» заң аясында қоғамдық бақылау кеңесі құрылатын болды. Бұл мемлекеттік ресурстардың орынды жұмсалуына қоғам тарапынан бақылау жасауды көздейтін орган. Олар барлық әкімдіктер мен мемлекеттік органдарда құрылады. Оның құрамына енетін адамдардың 70 пайызы сол органдарда қызмет істемейтін жандар болады, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белгілі адамдар, зейнеткерлер мен ардагерлер де алынады. Бұл мемлекеттік қаражаттың орынды жұмсалуын қатаң бақылайтын қоғамдық орган болар деген үміт бар. Егер мемлекеттік қаражат жымқырылып немесе қажетсіз жобаларға жұмсалып жатса, қоғамдық бақылау органы да халық алдында жауапты болады. Со­нымен қатар, мемлекеттің халық ал­дындағы жауапкершілігін арттыруды көз­дейтін тағы бір заң қабылданды. Ол қолданыстағы 35 заңға, алты кодекске өзгеріс енгізетін халыққа қызмет көрсету туралы заң. – Бүгінгі таңда халыққа қанша мемлекеттік қызмет көрсетіледі? Со­ның бәрін де жоғары деңгейде атқару үшін қандай нақты шаралар жасалып жатыр? – Қазір халыққа барлығы 730 мем­лекеттік қызмет көрсетіледі. Алайда олардың санын қысқарту немесе бас­қаға қосу жөніндегі мәселелер де қарас­тырылуда. Ол үшін Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде үкіметтік комиссия құрылып, қызметтердің санын оңтайландыру мәселесі қаралып жатыр. Бұрын қандай қызметтер көрсететінін әрбір министрлік өздері ұсынатын, енді бәрі бір орталықтан ұсынылады. Бүгінгі таңда көрсетілетін сол 730 қызметтің 212-і ғана ХҚО арқылы жасалады. Енді осы ХҚО-ға тағы да үш мекемені қо-суды көздеп отырмыз. Оның ішінде жер мәселесі, жылжымайтын мүлік мәсе­лесі және зейнетақы төлеумен айна­лысатын орталықтарды ХҚО-ға қосып, бір қызмет көрсету орталығы болады. Ол – Ұлт Жоспарының 100-ші   қадамында көрсетілген «Үкімет азаматтар үшін» деп аталатын мемлекеттік кор­порация. Сол корпорация жақын күндерде, атап айтқанда 11 сәуірден бастап өз міндетін атқаруға кіріседі. Онда халыққа көрсетілетін қызметтер саны 522-ге жеткізіледі. Мұның ХҚО-дан артықшылығы сонда, бұл корпорация адамдарға қажетті құжатты жасау үшін бұрынғы орталық сияқты тиісті органдарға жолдамайды, өздері жасайтын болады. Демек, жауапкершілік нақ өздерінің мойындарында. Бұрын ХҚО көптеген құжаттарды тиісті органдарға жолдап қойып, өздері қарап отыратын еді ғой, енді корпорация ешкімге иек артпай, бәрін өзі атқарады. Бұл халық­тың уақытын үнемдейді, кейбір анық­тамалықтар жетпесе анда-мұнда жүгірмей, барлық мәселелер бір жерде шеші­леді. Бұрын бір аптада жасалатын құжат­тар қазір үш күнге, тіпті бір-екі сағат­қа дейін қысқартылуы мүмкін. Өйт­кені, қажетті деректің бәрі бір жерден алынады. Сайып келгенде, бұл ха­лықтың көңіл-күйін көтеріп, өмірлік құлшынысын, жұмысқа деген ынтасын арттырады деген үміт бар. – Жұмысын дәл осылай жүргізіп кетсе бұл тамаша корпорация болды ғой. Енді оның жұмысы туралы толығырақ айтып беріңізші? – Корпорацияның ішінде барлық министрліктердің, әкімдіктердің ақпараттық жүйесі болады. Сонда кейбір анықтамалардың артық екендігі де білініп қалады. Мысалы, қазір қай жерге барсаңыз да мекен-жайыңыз тура­лы анықтама сұрайды. Ал мына жүйелерде бәрі де көрініп тұрған соң ондай құжаттардың қажеттігі болмай қалды. Қазір ХҚО бір құжаттар беруге 5-тен 10-ға дейін тиісті анықтамалықтар талап ететін болса, енді олардың саны 3-тен 5-ке дейін қысқарады. Өйткені, ондай анықтамаларсыз-ақ жүйеде бәрі көрі­ніп тұрады. Сондай-ақ, бүгінгі күні елімізде 270 ХҚО қызмет істейтін болса, корпорациялардың саны 496-ға дейін артады. Бұл да халыққа тиімді, өйтке­ні, керекті құжат алу үшін адамдар алыс­қа бармай, үйінің жанынан-ақ тиісті қыз­меттерді алатын болады. Сондай-ақ бұрын қызмет көрсететін орталықтардың жұмыс уақыты шектеулі болса, жаңадан құры­латын корпорация халыққа таңғы 9.00-ден кешкі 20-00-ге дейін қызмет көр­сетеді. Оның үстіне түскі үзіліссіз жұ­мыс істейді және сенбі күні де толық жұмыс күні бойында қызмет көрсетеді. Сондықтан мұның қызметі халыққа өте ыңғайлы. – Корпорация ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде де бұрынғыдан озық әдістер қолданатын шығар? – Осы мәселені біз арнайы қарас­тырдық. Егер жақсы қызмет көрсету қала­да ғана болып, ауыл тұрғындары оны пайдалана алмаса, бұл біздің алға қарыштағанымыздың дәлелі болмас еді. Бүгінгі таңда ауылдықтарға мем­лекеттік қызметтер көрсету үшін 70 ұтқыр топтар құрылған еді. Сол топтар ауылдарға барып, тиісті қызметтер көр­сетіп қайтатын. Енді сол топтардың саны арттырылатын болды. Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ қызметін пайдалану да көзделіп отыр. Бұл ұйымның елі­міз бойынша ауылдарда 3,5 мың бөлім­шелері бар. Міне, корпорация осы бөлім­шелермен арнайы келісімшарттарға оты­рып, өздерінің қызметін көрсетуді ойлап отыр. Сондықтан ауылдықтар да кор­по­ра­цияның артықшылығын көретін болады. – Корпорацияны құру барысында жерді басқару, зейнетақы төлеу, жылжымайтын мүлік орталықтары ХҚО-мен бірігетін болады дедіңіз. Осының кесірінен үлкен қысқарту болып, жүздеген адамдар жұмыссыз қалмай ма? – Бұл мәселені де біз ескердік. Аталған орталықтарда 21 мыңнан астам қызметкер бар екен, оның үстіне бұлар «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін ХҚО-ның жұмыс тәртібін де біле бермейді. Сондықтан 3600 адам ХҚО қызметіне үйретілді. Бұл жұмыс әлі де жүргізіліп жатыр. Электронды қызмет көрсету түрлері де таныстырылуда. Халыққа да ол үйретіледі. Бүгінгі таңда 300-ден артық электронды қызмет алу түрлері бар. Соны игеріп алған адамға көптеген қызмет түрлері оңай келеді. Міне, осыларды меңгерген орталықтардың көптеген мамандары жұмыс табатын болады. Ешкім де мамандарды бірден қысқартпайды. – Жоғарыда біз Канада мен Авс­тра­лияның тәжірибесі туралы айттық. Мына корпорацияның жұмысы со­лардың үлгісіне сай келетін болды ма? – Біз осы екі елдің тәжірибесін барып үйрендік. Екі топқа бөлініп сол ел­дерге бардық. Мен өзім Канадаға бар­дым. Әрине, олардікі бізден сәл басқашалау. Бізде бұл жұмысты атқару оларға қарағанда оңайлау, өйткені, бізде билік вертикалі жақсы қалыптасқан. Ал оларда биліктің орталық деңгейі мен федералдық деңгейлері болғандықтан, бір-бірінің жұмысына араласпайды. Екіншіден, бұл жұмысты олар көптен жүргізгендіктен бүгінгі талапқа сай көңіл бөлмейді. Мәселен, бізді Оттаваның ортасындағы бір орталыққа алып барды. Бұл орталық материалдық қамтылуы жағынан біздің облыстарымыздағы осындай орталықтардан әлдеқайда қораш көрінді. Сондықтан біз барлық жағынан олардан алға кетуге мүмкіншілігіміз бар. – Лайым солай болғай, әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».