Алаш жерін Азиада алауы шарлап жүр. Әл-Кувейтте тұтанып, Алматыны аралап, Жамбылды жағалап, Шымкентте шырағдандай жарқыраған алау Қызылордаға да жетті. Ақмешіттің аспанын арайға толтырған айтулы ойынның оты 15 қаңтар күні облыс орталығына жеткізілді. Тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейлі тойымен тұспа-тұс келіп отырған Қысқы Азия ойындарының алауын Сыр жұртшылығы ерекше ілтипатпен қарсы алды. Бұған дейін Азия құрлығының тек үш елінде ғана өтіп келген Азиаданың қасиетті қазақ топырағына келгенін қызылордалықтар Қыдырдың батасы қабыл болғандай қабылдады. Қызылорда көшесі адамға лық толы. Жолдың екі жағына жағалай орналасып, Азиада алауының тұтануын күтіп тұр. «Алға, Қазақстан!», «Жаса, жеңімпаздар!» деген ұраннан құлақ тұнады. Тап бір Қысқы Азия ойындары дәл қазір басталып кететіндей әсерде боласың. Әншейінде сүйегінің сырқырағанын айтатын ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар да Азиада алауын тағатсыздана күтуде. Былайғы кезде күннің суықтығын айтып көшеге шыққысы келмейтін балалар да мәз-майрам. Аттылыға жаяу ілесіп, етегіне сүрінген ел үлкен жаңалықтың жаршысындай болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябаққа жиналды. Сағат тілі түскі он екіні соққанда Азиада алауы тұтанып, салтанатты түрде облыс басшысы Болатбек Қуандықовқа тапсырылды. Еңселі елдің мерейін, мейманасын тасытқан, досын сүйіндірген, дұшпанын күйіндірген, құрлықтық деңгейде ғана емес, әлемдік аренада бәсі басым байрақты бәсекенің алауы Ақмешіт көшелерін аралауды бастады. Облыс әкімі алғаш болып алып жүрген алауды Әсел Дәлиева жалғастырды. Әсел – қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан республиканың сегіз мәрте чемпионы атанған талдырмаш қыз. Бұған қоса, былтыр ғана аталған ойын түрінен әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатқан айтулы спортшы.
Әдетте ауа райы бұрқасын мен дауылға толы сыр өңірінде бұл күні үп еткен жел болмады. Күн төбемізде күліп тұрды. Әсілінде, алаугерлердің алақанынан тараған жылу жүректерге жетіп, одан аймақтың күн райына да әсер еткен шығар-ау. Әйтеуір алаш жеріндегі айтулы ойынның оты Қызылорда көшелерін аралағанда табиғат ана бар мейірімін шашып, қамқорлығын танытып тұрды. Жергілікті жұртшылық табиғаттың бұл мінезін жақсылыққа балап жатты.
Азиада алауын алып жүруге алпыс алаугер таңдалып алынған болатын. Олардың қатарында аймаққа еңбегі сіңген азаматтар, дүбірлі додаларда топ жарған, облыстың ғана емес, бүкіл республиканың даңқын асырған дарабоз спортшылар, елге белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері бар болатын. Ал Азиада алауын алып жүру екі кезеңге бөлінді. Алғашқы кезең бойынша Тұңғыш Президент саябағынан басталған алаугерлер салтанаты Мостовая көшесіне ұласып, одан Жібек жолымен Абай даңғылына өтті. Содан Ғани Мұратбаев көшесімен Орталық стадионға жетті.
Ағайынды Сыбайды бүгінде жұрттың бәрі біледі. Руслан Сыбай бокстан халықаралық шаршы алаңда елдің намысын қорғап жүрсе, оның інісі Рүстем Сыбай зілтемірді ұршықша иіріп, ертегідегі Толағайдың жолын жалғап келеді. Айта кетерлігі, Руслан жасөспірімдер арасында алғаш рет өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған болатын. Осы Руслан Азиада алауын қазақтың даңқты ұлдарының бірі, 1976 жылғы және 1980 жылғы Олимпиада чемпионы, КСРО біріншілігінің он дүркін жеңімпазы, екі мәрте әлем чемпионы, 3 рет Еуропа чемпионы атанған сырдың сырбаз ұланы Әлжан Жармұхамедовке тапсырды. Алау эстафетасының алғашқы кезеңі осылайша ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаған әдемі көрініспен аяқталды.
Алаугерлердің Ақмешіттегі жорығының екінші кезеңі түс ауа, нақты айтсақ, 15.30-да басталды. Тоғыз жолдың торабы – темір жол вокзалының маңында халық керуені шұбап жүр. Бұлар да Азиада алауын тамашалауға келген, ел спортшыларына рух беруге атсалысқан, мемлекет мерейін өсірген дүбірлі додаға өз үлесін қосуға келген жұртшылық.
2005 жылы біздің грек-рим күресінің балуандары әлем чемпионатына барды. Дәл сол тұста біздің балуандардың бабы болмады ма, әлде бағы жанбады ма, белгісіз, жаппай жеңіліске ұшырап жатты. Қазақ спортында олжа салатын екі спорт болса, соның бірі еді грек-рим күресі. «Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыхановтың жеңісті жолын жалғайтын бір ұлдың болмағаны ма?» деп қамықты сонда жұрт. Жеңілістің кермек дәмі тілімізді қуырып, өңешімізге өксік ұялатып жатқанда Ермек Көкетов деген жігіттің қарасы көрінді. Сол әлем чемпионатында Ермек елге қола жүлдемен оралды. Сол чемпионаттағы Қазақстанның алған жалғыз жүлдесі де осы қола. Кейіннен Азия ойындарына қатысып, ол жерден де жүлделі үшінші орынды жеңіп қайтты. Алау эстафетасының екінші кезеңін осы Ермек бастады. Түстен кейінгі кезеңге бөлінген 26 алаугер Әуелбеков көшесімен әуелетіп келіп, «Тағзым» алаңынан өтіп Қонаев көшесіне ойысты. Қазыбек, Әйтеке билердің атындағы көшені басып өтіп, Қорқыт ата ескерткішіне табан тіреді. Содан Әбілқайыр хан көшесіне түсіп, Қорқыт ата, Желтоқсан, Жақаев көшелерімен Орталық алаңға жетіп тоқтады.
Алаугерлердің Қызылордадағы эстафетасының соңғы нүктесін Бейжің Олимпиадасының чемпионы, Азия және әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, толағай табыстарымен елімізді тәнті етіп келе жатқан Илья Ильин қойды. Ол Орталық алаңда орнатылған сахнаға көтеріліп, қазандықтағы алауды тұтатты.
Азиада алауын тұтатқан Олимпиада чемпионын сөзге тарттық сосын:
– Мұның бәрі ел Тәуелсіздігінің арқасы. Егеменді еліміздің намысын қорғайтын спортшылар осы додада мінез танытып, қоржынымызды жүлдеге толтырады деп үміттенемін. Бастысы, тосын жарақаттан аман болсын. Азат Қазақстан жеңістен жеңіске жете берсін, – деді ол.
Ресми дерекке сүйенсек, сол күні Азиада алауын тамашалау үшін 40 мыңнан аса халық шығыпты көшеге. Көшелі істі үйде емес, көшеде жүріп күткен, тамашалаған сыр жұртшылығы Азиада алауын Қазақстанның батыс өңіріне шығарып салды.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда.