• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2011

Кеңес құрған жерде кемдік жоқ

732 рет
көрсетілді

Қасым Аманжоловтың ғасырлық тойы алдында ел азаматтарына айтар құлаққағыс Талай шешен таңдайы тақылдап, көп айтса да көнермей, сансыз адам, сан ха­лыққа тағылым болған, ескіден жеткен есті аңыз былай деп сыр шертеді. Біздің ұлы даламызда екі патшалық қа­тар өмір сүріпті. Оның бірі – әскері сұсты, экономикасы күшті, қуатты мемлекет те, екіншісі жайынның жанындағы шабақтай шағын ел екен. Күші тасып, атағы асқан үл­кен ел кіші елді жаулап алмақ боп жорыққа аттаныпты. Шабуылға шыққан елдің пат­ша­сы шаппақ болған еліне жақын келіп жан­сыз­дарын жіберіпті. Көрші елді өз көзімен көріп қайтқан жансыздар мен жорыққа ат­тан­ғалы отырған патша арасындағы әңгіме былай өрбіпті: – Көршіміздің әскері қанша? – деп сұрапты патша. – Жетпіс мың – депті жансыздардың басшысы. – Түк емес екен, менің жеті жүз мың әскерім ондай шабақтарды оп-оңай-ақ жұта салады. – Ал енді әлгі елдің халқы сөзіне құлақ асатын қанша ақыны бар екен? – деп сұрапты патша. – Тәждегі алтын жақұттай жарқыраған арқалы алты ақын бар, – депті жансыз. – Ақын деген әулие ғой, – депті патша. – То­бырды жеңуге болар, талантты қалай же­ңерсің?! Теңізді дауыл, халықты ақын көте­ре­ді. Алты ақын асу бермес асқар алты тау, өт­кел бермес ашулы алты теңіз. Таудан қа­лай асарсың, теңізді қалай кешерсің? Әлем­ді билейтін сөз. Сөзді билейтін ақын. Сөз­дің иесі, ақынның киесі ұрар бізді. Әулие сынды ақындары бар елді жеңу мүмкін емес, мен бұл жорықтан бас тартамын деген екен. Аңыздың анасы – ақиқат десек, сөздің күші құдайдың күшіндей екенін бағымдарсыз. Бар өнердің анасы – өзекті өртеп шыққан сөз бен сезімнен, қорытылған қорғасындай ой мен парасаттан жаралған әдебиет. Әдебиет дегеніміз – әлемдік алаң десек, таланттың тарихи міндеті ғарыштан да күр­де­лі адам жаны жайлы ұлтты ұйытып, ұрпағына үлгі болар көркем ой айтып, көркем образ жасау. Талантқа қойылар осынау қатаң талап тұр­ғысынан келіп, шеберлік мұнарасынан қа­ра­ғанда да, уақыттың сынынан сынбай өткен сымбаты бөлек сырлы әлемнің сәулетшісі бо­лып қала беретін алаштың ақиық ақын­дары­ның бірі ғана емес, бірегейі Қасым Аманжолов. Өмірге ендім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден, Жетімдік тағдыр жетті ептеп, Қабағы қату түксиген. Өмірден үміт жоқ өзге, Даланың тердім тезегін, Әкем боп таптың со кезде, Советтік менің өз елім, – деп саяси тақырыптың өзінде де шедевр туғызған Қасымның шеберлік мектебіне соқпаған қазақ ақыны жоқ. Өйткені, Абай – қазақ жырының арыстаны да, Қасым жолбарысы. Киелі Қарауыл – қазақ поэзиясының Меккесі, қасиетті Қарқаралы – Мединесі. Өңімде ме еді, түсімде ме еді, Көріп ем ғой бір армандай қызды, Бір нәзік сәуле күлімдеп еді, Сұрапыл соғыс соқты да бұзды. немесе: Жанымды салсаң жалынға, Жанады-ау деп те сескенбен, Сонау бір болған шағымда-ақ, Шомылып өртке өскем мен, – деген сырлы да, мұңлы, ойлы да отты жырын әлі күнге дейін бар қазақ жатқа айтады. Бұл тегін емес, оның терең сырын тегеурінді таланттың тектілігінен іздеу керек. Осы орайда туатын ой: Хакім Абай – қазақ жырының қасиетті Алатауы болса, ақиық ақын Қа­сым – қазыналы Қара­тауы. Тарих ұзақ толғатып, сирек туатын өзі­нің талантты ұлдарын тірісінде түртпектеп, өлген соң данышпаным, арыстаным деп өк­ситін қайран қазақ қанына сіңген қашанғы қызғаныштық, күншілдікпен Абаймен иық­тасқан Мағжан, Ілияс, Қасымын да кешеуілдеп танып, кеш бағалады. Дегенмен «Но мой защитник время…» деп ұлылардың бірі айтқандай, табиғи таланттың бағасын тарихтың өзі беріп отыр. Өз басым Қасымды – жырдағы отты жасынды өзгелер ұмыта бастаған кезде, біреулер көкке, біреулердің жоққа шығар­ғаны­на, біреу­лер­дің атағына, біреулердің шатағына қарамас­тан жас кезімде Қар­қа­ралыдағы ол туған Ақ­қора­ға барып тағзым еткенімді, тегеурінді де тек­ті Қасым жайлы ондаған мақала, «Сымбаты бөлек сырлы әлем» атты зерттеу, «Аманат» есімді драма және «Екінші өмір» романын жаз­ғанымды жұбаныш қана емес қуаныш етемін. Жер-ана мен аспан-атаның ең ұлы туындысы Адамды қасиетті төсінде тербететін тал бесік пен жер астындағы тар бесіктің арасы әрі кеткенде жүз жыл. Ал, Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған. Ақындық дегеніміз өзі орынды жерінде оң­дырмай соғатын тегеуірінді тентектік, өзі өмір сүрген қоғамның қайшылықтарына деген қар­сы­лық. Ондай ақын өмірлі, ондай поэзия мәңгілік. Сталиндік диктатураның кезінде де: Ей, тәкәппар дүние, Маған да бір қарашы, Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы, – деп режимге қасқайып тұрып қарсы сөйлеген тентек те текті өлеңдер авторы бүгінде демократия бер­ген кеңшілік кезеңде қалай көсілерін шамалай беріңіз. Әттең, дүние арман-ай, қы­лышынан қан тамған қызыл империя көсіліп шабар көшелі жүйріктің бауырын жаздырмады. Әлі де арман көп, аз өмір оған жетер ме? Солардың бір парасы: Қазақта Қасым бір туар. Ол жайлы сансыз жыр туар, Оның екі жүз жылдығын, Бүкіл әлем тойлайтын, Бақытты, жақұт күн туар. Мен өзімнің осы сөзіме бар діліммен сенемін десем, Қасым Аманжоловтың талант­ты шәкірті ғана емес, талассыз мұра­гер­лерінің бірі Серік Ақсұңқарұлы: Поэзия көз жасын жетті бұлап, Арғы атасы Гомердей текті бұлақ, Одан бұрын бір ақын болған еді, Оны адамзат ұмытып кетті бірақ, – деп бас­та­латын жауһар жырында «ол түркі еді...» дей келіп, Қасым жайлы аз сөзге көп мағына сый­ғыза жырлап еді. Сол жұлдызды жыр түйінін: Сол ақынның жұртында біздер жүрміз, Сосын басың, әрине, ауырады, – деп түйіп еді. Серік ақын айтқандай, «Сол ақынның жұртында» қалам ұстап жүргендіктен де Қа­сымның ғасырлық тойы қарсаңында алдымен өзімді қамшылап, қара орман қазаққа да құлаққағыс жасауды парыз деп білдім. Жасамас ешкім мәңгі, Бәрі кетер. Ізгі есім ғана мәңгілік, Мәңгіге Әне, сол жетер, – депті әлем мәдениеті­нің бір бөлшегі ғана емес, биік өлшемінің бірі Сагди. «Ізгі есімі мәңгіге жететін» сом тұлғалы асыл­дарымыздың бірі емес пе Қасым?! Алаш­тың аяулы ақынының тойын биік дәрежеде мінсіз өткізу – басшының да, басқамыздың да азаматтық парызымыз, сан ұрпақтың сана­сын сілкінтіп, ұлттық рұхты асқақтат­қан дауылпаз жыр алдындағы қарызымыз емес пе? Кеңесті жерде кемдік жоқ. Даланың да­ныш­пан ақсақалдары айтқан тағы бір та­ғы­лым­ды сөз бар: «Кеңесіп пішкен тон келте бол­майды. Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр екенін ұмытпайық. Қасым Аман­жо­ловтың аруа­ғы­ның алдында адал болып, сөз­дің киесін сыйлап, алты алаштың аймаң­дай ақынының ғасырлық тойын ел есінде қалатын тағылымды той дәрежесінде өткізу үшін ақыл қосайық. Әзірлік жұмыстарына тездетіп кірісейік, ағайын! Мерейтой – той тойлау емес, ой толғау, халықтың рухын көтеру, жас ұрпаққа пат­риоттық тәрбие екенін ел жақсы біледі. Сол үшін, тағы да кеш қалмау үшін, Қасымның 70, 80, 90 жылдығындағы кемшіліктерді қай­таламау үшін оқырман қауыммен ой бөлісу орайындағы нақты ұсыныстарым мынау: Қасымның еңселі ескерткіші оның шығармашылық өмірі өткен Алматы қаласында бой көтергені жөн. Белгілі бір тұлғаны бір өңір ғана еншілейтін үрдістен осы бастан арылуымыз керек. Оның орайы келмесе, ескерткіштің Қарқаралыда емес, халқы, қонағы көп Қарағандыда орнағаны орынды болар еді; Астана мен Қарағандыдағы бір-бір көше ақын атымен аталса; Қ.Аманжоловтың шығармаларын қамты­ған 4 томы шықса; Ақын есімі республикадағы жоғары оқу орындары мен колледждердің біріне берілсе; Қасым жайлы деректі кинолента түсірілсе; Қасым туралы жазылған көркем шы­ғармалар жеке кітап болып шығып, ақын жайлы спектакль қойылса; Ақын шығармалары жоғары оқу орын­да­ры мен мектептерде жүйелі түрде оқытылса; Газеттер мен радио, теледидар Қасым­ның туған күнін күтпей ақынның ғасырлық тойы жайлы мақала, сүбелі сөздерді күні бүгіннен бастап, жыл бойы үздіксіз берсе, ол да бір орайы келген оңды іс болар еді. Бұл менің ғана ойыма келген идея-ұсыныстар. Көп ақылы көл. Халықтың бұған алып, қосары аз болмаса керек. Ел тізгінін ұстаған руханият саласының азаматтары осы бастан бас қосып, ақылдасып, тізе түйістіре, тізгін ұстап, жұмыс істесе ақын тойы – әдебиет тойы ел айта жүрер тағылымы мол шара болар деген ойдамыз. Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Алматы.