• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2016

Қоғамдық кеңестер: мемлекет пен қоғам арасындағы диалог

810 рет
көрсетілді

 «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 99-қадамын іске асыру аясында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Мәдениет және спорт министрлігі аталған Заңды іске асыруда үйлестіруші болып табылады. Осыған орай, біз Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілхановты әңгімеге тартып, қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру жөнінде кеңірек түсіндіріп айтып беруін өтінген едік. – Марат Алмасұлы, әуелі құ­рыл­ған Қоғамдық ке­ңес­тердің негізгі рөліне тоқ­талып өтсеңіз? – Тұрғындар алдындағы есеп беруге міндетті мемлекетті қалыптастыру мақсатында 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабыл­данды. Аталған Заң еліміздің құқықтық базасы үшін жаңалық болып табылады. Осынау Заң тұрғындар алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі мемле­кеттік саясатты іске асыру құрал­дарының бірі болып табылатын жаңа қоғамдық институт – қоғамдық кеңестер ұғымы енгізді. Заңнама қоғамдық кеңестерге бюджеттік бағдарламалар жобалары мен олардың орындалуы туралы есептерді, өңірлердің даму бағдарламалары мен мем­лекеттік және салалық бағдар­ламалар, стратегиялық жоспарлар, азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты нор­мативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау секілді бірқатар өкілеттіктер жүктейді. Қоғамдық кеңестердің қызметі арқылы қоғам мен мемлекет ара­сында кері байланыс тетігі қалыптастырылып, қоғамдық бақ­ы­лау ұйымдастырылмақ және мемлекеттік органдар қызметінің мөлдірлігі қамтамасыз етіледі. – Олай болса, қоғамдық ке­ңестерді қалыптастыру тетігіне тоқталып өтсеңіз? Яғни, Қоғам­дық кеңес қызметінің ерек­шеліктерін ескере келгенде, осы кеңестер құрамына қан­ша жұртшылық өкілдері, соның ішінде үкіметтік емес ұйым­дардың қанша өкілі енгізілді? – Заңнамаға сәйкес қоғамдық кеңестер екі деңгейде, яғни рес­публикалық және жергілікті дең­гейлерде құрылмақшы. Рес­публикалық деңгейде құрылған қоғамдық кеңестерге еліміздің Қор­ғаныс министрлігінен өзге барлық министрліктерде құрыл­ған қоғамдық кеңестер жатады. Жергілікті деңгейде қоғам­дық кеңестер облыстардың, Ас­тана, Алматы қалаларының, сондай-ақ, аудандар мен қала­лардың әкім­діктері жанынан құрылған. Ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала дең­гейіндегі Қоғамдық кеңестің функциялары жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі. Жалпы алғанда, республика бойынша 225 қоғамдық кеңес­тер құрылса, соның ішінде 12 кеңес – орталық деңгейде, 16-сы – облыстардың, Астана, Алматы қалаларының, 197 кеңес – қалалар мен аудандар деңгейінде құрылған. Заңнамада қоғамдық кеңес­терді конкурс өткізу арқылы қалып­тас­тыру механизмі қарастырылған. Қоғамдық кеңестегі жұртшылық өкілдерінің саны оның мүше­лерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс. Жұрт­шылық өкілдеріне конкурсқа қатысу үшін өзінің кәсіби немесе қоғамдық қызметі мен өмірбаяны туралы мәліметтерін белгіленген мерзімде өткізу секілді ең төменгі деңгейдегі талаптар қойылды. Қоғамдық кеңестердің сапалық құрамына жүргізілген талдау нә­тижесі жалпы республика бойын­ша азаматтық қоғам өкілдері бо­йын­ша көрсеткіштің заңнама талаптарына сәйкестігін көрсетті. Мәселен, республикалық дең­гейдегі кеңестердің құрамына 158 жұртшылық өкілдері кіргізілген. Бұл көрсеткіш барлық кеңес мү­шелерінің жалпы санының 70%-ын құрап отыр, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың 93 өкілі қамтылған. ҚР Парламентінің депутаттары Нұрлан Оразалин, Георгий Ким, Бірғаным Әйтімова, Қуа­ныш Сұлтанов, Гүлжан Қара­ғұсова, Артур Платонов, Бек­болат Тілеухан, белгілі қоғам қай­раткерлері Анатолий Башмаков, Мырзатай Жолдасбеков, Кен­жеғали Сағадиев, Мэлс Елеусізов, Зинаида Федотова, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар басшы­лары Нұрлан Ерімбетов, Ең­лік Нұрғалиева, Оралбай Әб­дікәрімов, Марат Башимов, Еле­на Дмитриенко, Ольга Рыль жә­не тағы басқалар қоғамдық ке­ңестердің мүшелері болып табылады. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының деңгейіндегі қоғам­дық кеңестердің құрамына 350 азаматтық қоғам өкілдері кіргізілген, бұл кеңес мүшелерінің жалпы санының 77%-ын құрап отыр, соның ішінде – 134 ҮЕҰ-ның өкілдері қамтылған. Олардың қатарында Алтынай Көбеева, Аружан Саин, Наталья Вшивцева, Қайрат Иманалиев, Олег Чернышов секілді еліміздегі ықпалды ҮЕҰ-лар жетекшілері бар. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің құрамына саяси партиялардың облыстық филиалдарының көш­басшылары, бизнес-құры­лым же­текшілері, кәсіподақ ұйым­да­рының өкілдері мен БАҚ, этно­мәдени орталықтарының, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері кір­гізілген. Қоғамдық кеңестердің қалалар мен аудандар деңгейіндегі құра­мына азаматтық қоғамның 2 мың­­нан астам өкілдері кірген, бұл кеңес мүшелерінің жалпы саны­ның 70%-ын құрайды. Белгілі қоғам қайраткерлері, үкі­меттік емес ұйымдар мен биз­нес-құрылымдардың басшылары қоғамдық кеңестердің төрағалары болып бекітілді. Бұл жаңа Заңның енгізілген нормаларға сәйкес орындалған тұжырымдамалық талаптарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда қоғамдық кеңес­тердің қызметін ұйымдастыру кезеңі аяқталған, яғни кеңестердің қызметі өз бетінше жүргізілуде. Осылайша олардың басты міндеті қоғамдық бақылау жүргізу болып отыр. – Марат Алмасұлы, қоғам­дық кеңестер қызметінің тәжі­рибесінде қоғамдық бақылаудың қандай түрлері пайдаланылуы мүмкін? – Айта кетер жайт, «Қоғам­дық кеңестер туралы» Заң қабыл­данғанға дейін де қоғамдық бақылаудың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүр­гізу, мемлекеттік орган­дар қыз­метінің тиімділігін, мем­лекет­тік қызмет стандарттарын бұқаралық талқылау арқылы бағалауды қалыптастыру секілді жекелеген түрлері коммерциялық емес ұйымдарды тарту арқылы жүргізілген. Ал Жаңа Заң қоғамдық ба­қылау функциясын қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру, қоғамдық сараптама жүргізу, қо­ғамдық мониторингтеуді іс­ке асыру, қоғамдық кеңес оты­­рыстарында мемлекеттік ор­гандардың жұмыс нәтижелері туралы есеп­терін тыңдау секілді 4 те­тігін белгілеу арқылы кеңей­тіп отыр. Бүгінде қоғамдық кеңестер азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты мем­лекеттік органдар қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптаманы белсенді жүргізуде. Яғни, Қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, аталған актілер әділет органдарында тір­келмейді. Ең маңыздысы, қазіргі таңда жаңа Заң күшіне енгеннен соң, қоғамдық кеңестердің ұсы­ным­дарын қарауға мемлекеттік органдар міндетті болып табылады. Мемлекеттік органдар бар­­­­­­­­­­лық ұсынымдар бойынша не­ліктен қабылданды немесе қа­былданған жоқ, сондай-ақ, басқа да ұсынымдары бойынша нақты дәлелдер келтірілген жауаптар беруі қажет. Бірінші тоқсанда аймақтарда қоғамдық кеңестер өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен жақын келешекке қойылатын міндеттері туралы әкімдердің есептерін тыңдады. Екінші тоқсанда министрлердің тиісті қоғамдық кеңестер алдын­дағы есептері тыңдалады деп күтілуде. Заңның тағы да бір жаңалығы – Үкімет қоғамдық тыңдауларды дайындау және өткізу тәртібін бел­гіледі. Аталған мәселе бойын­ша Үкіметтің арнайы қау­лы­сы қабылданды. Қоғамдық тың­дау­ларда саланың немесе ай­мақ­тың көкейкесті қоғамдық ма­ңызды мәселелері талқылауға шығарылатын болады. Қоғамдық бақылау тұр­ғын­дардың қалаларды, облыс­тарды, аудандар мен ауылдарды басқаруына мүмкіндік береді, атап айтқанда, өзекті мәселелерді көтеруіне, қоғамдық тыңдауларға, қоғамдық мониторингтеуге қатыса отырып мәселелерді шешуге ықпал етуге және өңірлерді дамыту мен тұрғындардың мақсатты топтарының мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдар қа­былдайтын шешімдерге сараптама жүргізу ісіне араласуына мүмкіндік береді. – Енді «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды тиімді іске асыру бойынша жұмыстарды ұйым­дастыруды қалай жоспарлап жатқандарыңыз жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз? – Парламент Мәжілісінде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды іске асыруды мониторингтеу бойынша комиссия құрылды. Оның құрамына Заңды әзірлеген Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әбдіров, Қуаныш Сұлтанов, Серік Сейдуманов, Мәдениет және спорт министрлігінің және БҰҰ Даму бағдарламасы, Еуроодақ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігі, қазақстандық ҮЕҰ өкіл­дері кіргізілген. Бұл орайда бірлескен ынты­мақты жұмыстар келесі бағыттарда жүргізілмек. Біріншіден, қоғамдық кеңес­тердің төрағаларымен жә­не мүшелерімен қоғамдық мони­торингтеудің құралдарын енгізу бойынша ұдайы жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта жуық арада еліміздің барлық өңірлерінде БҰҰ даму жөніндегі бағдарламасымен Еуро­одақпен бірлескен семинар-тренингтер ұйымдастырмақпыз. Атал­ған шараларға тренерлер ретінде біз қазақстандық ҮЕҰ-ның өкілдерін – қоғамдық мониторингтеу саласындағы сарапшыларын шақырдық. Сондай-ақ, Еуроодақпен бірлесе отырып қоғамдық кеңестердің қыз­метін ұйымдастыру бойынша әдістемелік құрал әзірленуде. Осылайша, біз қазақстандық ҮЕҰ мен халықаралық ҮЕҰ-ның ресурстарын пайдаланып отырмыз деп әбден айта аламыз. Екіншіден, қоғамдық кеңес­тер қызметінің ашықтығы мен шынайылығын арттыруды мақ­сат етудеміз. Яғни, қоғамдық кеңестердің қызметі туралы, кеңес мүшелерінің, қоғамдық бақылау саласындағы халықаралық және қазақстандық сарапшылардың сөйлеген сөздерін БАҚ-та жариялауды кеңінен ұйымдастырмақпыз. Үшіншіден, біз мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдері үшін практикалық ұсынымдар әзірлеу орайында қоғамдық кеңес­тердің қызметіне мониторинг пен талдау жүргізу жұмыстарын жақ­сартудамыз. Осылайша, біз халықаралық және қазақстандық сарапшылардың, БАҚ, мемлекеттік органдардың, депутаттардың ресурстарын тарта отырып кешенді жұмыс жүргізуді жолға қойдық. Ал ынтымақтаса атқарған мұндай жұмыстар қоғамдық кеңестердің қоғамдық бақылаудың тиімді құралы болуына септігін тигізіп, мемлекеттік саясатты іске асыру ісіне азаматтардың белсене қаты­суын қам­тамасыз етеді деп сене­мін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».