• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Қыз еріннің дәмі

1263 рет
көрсетілді

Шартабақтай қызыл ай қаланың шеткі аймағындағы Чернобыль АЭС-ін аймалап сүйіп тұрғандай... Бүйірдегі шоқ тоғайдың ішінде ұя басқан ләйлек құс та анық көрінеді... Атомшылар шаһары мамыр мейрамы қар­саңындағы тәтті де думанды тіршілік қарба­ласынан шаршап-шалдыққандай болып, бірауық мызғып кеткендей... – Осы жерде бір ләйлектің ұя басып жатқанына көп болды. Жүр, жақынырақ барып көрсетейінші,­ – деп аптыға адымдады украин жігіті.  – Ләйлек киелі құс қой, үркітіп алармыз. Бір үріксе, қайтуы да қиын деседі,– деп шашы жебіреген сары қыз еппен ілесіп келеді.  – Иә, оның әлемде он жеті түрі сақталыпты. КСРО-да тек екі түрі ғана кездеседі екен. «Қызыл кітап» меншігіндегі құс! – Аянышты-ақ қой, сүйгенім! – Бойжеткен денесі тітіркеніп, тыжырынып, жыларман күй кешті. – Аялайықшы бұл құсты! Мені де сен өз «қызыл кітабыңа» тіркедің ғой... Мені ессіз сүйетіндей сүйші бұл бақ құсын, жаным! – Уәде берем, айнам! Сенімен қосып мына ләйлекті де сүйіп өтем! Міне, былай! – Қызын құшақтап алып тік көтеріп, ернінен құшырлана тістелеп сүйді. – Дұрыс айттың жаңа. Киелі құстың тілегі – ел үстіндегі тыныштық, бақ-береке, бейбіт тұрмыс, баянды өмір шаттығын еселеу екен! Қыздың толқығаны сондай, көзіне жас үйірілді... Кемсеңдей түсіп: – Менің де, күллі Ана біткеннің де тілегі осындай ғой! Түсінші! Шын айтам! Адал махаббатымның атынан ант беріп айтам! Е-ее-ей! Киелі құс! Сен де Анасың! Бауырыңдағы балапандарыңды аман-есен басып шығарып, қанаттандыра көр! – деді де жігітінің құшағына тығылды.  – Бір естігенім бар. Ләйлек құс әлемді бейбітшілік бесігімен тербетеді екен. Тербет­кен сайын, жұмақ сыңғыры естілгендей болады екен, – деп жігіт те әсерленіп, ғашығының шашынан сипалап қойды. Қыз оның уысынан сытылып, шыркөбелек билеп:  – Е-ей! Өмір! Саған ғашықпын! Ғашық­пын! Естисің бе, ғашықпын! – деп құлпыра құлдыраңдай жөнелді. Кенет алапат дүмпу түнгі тылсымның қалтқысын жұлып әкеткендей болды. Бұрқ ете қалған қан-қызыл өрт бұлты бірауық саңырауқұлақтай зорайып тұрып алды да, сәлден соң түйе шудасындай желпілдеп, маңайды қою тұманымен баса жөнелді. Ләйлек қанатына қорғасын құйып алғандай ұясынан әрең көтеріліп, басып жатқан балапандарын қимай-қимай екі-үш рет айналып қалықтады да, көзден ғайып болды... * * * Жалынмен айқас жалғасуда. Қорбаңдаған бір өрт сөндіруші суырылып шетке шығып кетті... Тобынан жырылып, дедектеп барады. – Кім анау? Су бүріккішін тастап қашқан?! Ұстаңдар! – деп бұйырды командирі. Қашқын лезде жеткізілді. Дәрмен екен. Тәртіпті, біртоға, бұйығы жігіт болатын. Мін­детіне адал, өжеттігі де байқалатын. Енді командир алдында сөлмірейіп тұр. Мінез-құлқында бір өзгеріс бар секілді... Кейде көзін ежірейтіп, өзін-өзі ұстай алмай, ыржақ-ыржақ етеді.  – Неткен жетесіздік? Күтпеген едім сенен!– деп бастығы ашуға булықты. Дәрмен жақ ашпады. Басы салбырап кеткен. Бір әріптесі оны бүйірінен түртіп оятқандай болды. Ол аз-мұз тілге келді де: – Әдейі қаштым! Қашақпын! Жаза­лай беріңдер!– деп сақылдап күле бастады. – Қа-ша-а-а-қ! Қа-н-д-а-а-й қа-аһ-а-р-лы-ы ес-ті-лее-д-і-і-і! – Шыншыл едің ғой! Әділін айтшы! Не болды саған?! – деп бастығы сасқалақтап, жалына сұрады. Дәрмен көзін жыпылықтатып, қипақтай ақталды: – Сүйген қызымды ойлап... Белімнен айы­рылам ба деп қорқып!.. – Қалш-қалш етіп, екі иығын селкілдетеді. – Қашақ деңдер мені, осы қазір! Қа-ша-а-а-ақ-пын! Әйел алу арманым-м-мм! Әке бо-ол-л-л-у-уу арма-ным-мм! Ха-ха! – Есіре бастағандай. – Бәрің кетің-де-ер, о-осы жер-де-ен! Ұрық-сыз қала-сың-дар! Ұр-ық-сыз! Бе-де-еу боп қа-ла-сың-ң-дар-рр! – Оның түрінен адам шошырлық еді. Жын ұрғаннан сау ма дегізерлік аяныш туғызады...  * * * Дәрмен түс көріп, бастырылығып жатыр... Жағасын қамыс көмкерген шағын көлшік. Балықшы қаннен-қаперсіз қалтқыға үңілуде. Елес-көрініс: балықшы қармағына Алтын балық ілігеді. Балықшы (оқыстан қуанып кетіп): – Е-е-ей! Адамдар! Алтын балық!.. Алтын балық қапты! Нендей тілек тілейін, айтыңдаршы?! Дауыстар (қосарланып): – Байлық! Байлық! Иә, иә, байлық! (Әлдекім наразылық білдіреді). Байлық – қолдағы мұз. Еріп кетеді. Одан да бақыт, бақыт керек! (Тағы наразылық). Бақытты ұстай алсаң – құт, ұстай алмасаң жұт! Одан да махаббат дұрыс! Соны тіле, соны тіле! (Құптаған дауыс). Иә, иә, Абай бабам: «Махаббатсыз – дүние дос, хайуанға оны қосыңдар!» – деген. Махаббат болса бәрі болады. Адамдарға махаббат сұра Алтын балықтан! (Бұған да келіспеушілік байқалады). Балықшы (үрейленіп): – Бір шешімге тез келіңдер! Әйтпесе, Алтын балық кетіп қалады. Тез! Тез! Тез!.. Дауыстар (жігерлі шығады): – Таптық, таптық! Бейбітшілік! Әлем көкейіндегі ой – нақ осы! («Ураласып» жатады). Бейбітшілік! Бейбітшілікті сұра! (Өзгелері жаппай іліп әкетеді). Бейбітшілікті құптаймыз! Соны сұра! Сол жалғыз тілегіміз! Балықшы (тамағын кенеп): – Е-е-ей! Алтын балық! Жұмыр жерге баянды, ғасырлар бойы мызғымайтын бейбітшілік сыйлашы! Өтінеміз! Өтінеміз сенен, Алтын балық! Алтын балық (ашулы үнмен): – Бейбітші­лікті сыйлай алмаймын! Дауыстар (жаппай даурығып): – Неге? Неге? Неге? Алтын балық (ренішпен, қамығып): – Жер дүние атоммен уланып жатқанда, Бейбітшілікке не жорық?! Бейбітшілік, бейбіт өмір – атомсыз елге ғана тән! Дауыстар (екіленіп): – Ол үшін не істеу керек? Айтшы, Алтын балық? Алтын балық (тоқетерін айтып): – Ол үшін Жер бетінен АЭС-терді құрту керек! Дауыстар (балықшыға жалбырынып): – Тілеші, бол, бол, Жер бетінен АЭС-терді жо­йып берші деп! Балықшы (салиқалы қалыппен): – Е-е-е-ей, Алтын балық! АЭС-терді тып-типыл етіп құртшы! Ендігәрі АЭС-тер салғызбашы! Түпкі тілегіміз – осы! Орындашы! Алтын балық (басын шайқап, суды шолпылдатып):– Жо-жо-о-о-жоқ! Әзірге бұл тілекті орындай алмаймын! Мына Чернобыль АЭС-індегі өрт мені де сәуле ауруына шалдықтырып тастады. Жазылмас сырқатпын! Сол себепті де сәуле обырына (рак) шалдыққан менің тілегім ешқашан қабыл болмайды! Көңілдерің үшін манадан бері тілектеріңді тыңдап едім. Енді кеш, енді кеш! Уақыт өтер! Мына өрт өшер! Сап-сау Алтын балық та дүниеге келер. Содан сұраңдар атомсыз ғасыр тілегін – Бейбітшілікті! (Суға сүңгіп кетеді). Дәрмен: «Алтын балық! Кетпеші, кетпеші, сұрауымызды бере көрші!» – деп төсегінен терге малшынып атып тұрды...  * * * Атом өтіндегі қаланың түкпірінде екі қабатты жатаған ұзын үй томаға-тұйық сазарып қалғандай. Сырты қандай сұсты болса, ішін қайғы-қасірет, мұң-нала торлаған еді. Ашық терезеден зарлы үн естіледі. Дәр­мен күңіреніп, назаланып әлдекімге мұңын шағады: – Бізді неге тастап кетіп барасыңдар? Эвакуацияға неге іліндірмедіңдер? – Есі ауытқи, лепіре сөйлеп. – Мысалы, мен ғой... кіммін? Білмейсіңдер-ау! Мен Отан соғысының батырымын-а?! Жасыма қарап, қайдағы саған Отан соғысы дейді. Әкем қатысқан! Әкемнің қанында жүрген мен де қатыспай, қайда қалушы-ем! – Қолын сермеп, жұлқынып кетеді. – Мен сосын Ауған соғысының қаһарманымын! Білмесең­дер, біліп қойыңдар! – Кеудесін соққылай­­­ды. – Осы қазір Чернобыль АЭС-і соғысының психі­мін! Психтік екінің бірінің қолынан келмейді. Демек, Батырмын! – Қос қолын терезе шынысына сүйкей жайып, жанұшыра ышқынып. – Хас Батырды жұртқа тастап барасыңдар, а? Радиацияға тұншықсын дейсіңдер, а? Батыр өлмейді ғой! Мәңгілік өлмеу үшін маған тағы бір жойқын оқиға керек боп тұрғаны! Қызыл одақ аман болса, талай таңқаларлық оқиғаларды туар әлі. Мен соның кез келгеніне дайынмын! – Уһлеп, аһлап, бақырып, шашын жұлмалап өкіреді. – Қайғылы оқиғалар! Қайдасыңдар?! Дайынмын, қане, келіңдер!.. Эвакуациядан әдейі қалдырып кеттіңдер мені, ә?! Атом жұртында қақталып өлсін дейсіңдер ғой!..  * * * Дәрмен бәрін сезіп, көріп-біліп жатыр еді... Өрт сөндіруші қазақ жігітін жан сақтау бөлімінен жалпы палатаға әкеп салды. Тұла бойы, бет-жүзі резеңке түтікшелермен шандылған. Күш жинап, әлдене бастағаны байқалады. Маңайына таңырқай қарап жатыр. Терезеден құйылған күн сәулесін қолымен сауып ұстағысы кеп, саусақтарын тарбитып қарманады. Жігіт тамағын кенеп, қатты дауыстап жіберді: – Е-е-ей! Жарық күнге ғашықпын! Ғашық­­пын! Ғашықпын! Көрешегім бар екен-ау, ғашықпын! Ұлы махаббат мені құтқарды! Сүйіктім Әлимаға деген махаббатым ажалдан арашалап қалды мені! Жарандарым-ау, менің Әлимаға өлердей ғашық екенімді білесіңдер ғой! Қызға өлердей ғашық бол­саң, өзіңді өлтірмейді екен! Мен білетін шындық осы! Ғашық бола біліңдер, адамдар! Сүйе біліп, өле қалсаң, сол – бақыт! Иә, бақыт деген сол, сол, сол! Өлімнен қайтқан мен білем ғой оны – сүю дегеннің не екенін! Сүю деген өлімнен де қорқынышты нәрсе! Ал, неге өлімнен қорқамыз?! Айтшы, адамзат?! Сүюден де солай қорқу керек! Қорқа жүріп сүю керек, қорқа жүріп аялау керек махаббатыңды... – Кереуетінен ұшып кетердей боп қос алақанын аспанға жаяды. – Сосын өлімнен қорықпай тып-тыныш өлу керек! Сүйгенің үшін өлдім деп біл! Міне, жеңіл өлім сол! Жұмаққа апаратын жалғыз жол – сол! Өйткені, сүйе білген адам – кіршіксіз таза адам! Сүю – жүрек әмірі! Сүйген жүрек кірлемейді! Кіршіксіз, пәк, адал, иманды жүректер ғана жұмақта жүреді... Сеніңдерші! Сеніңдерші маған! Сене көр, Әлимашым! Әлимашым! Палата есігі ашылып, мейірбике кірді. Ол қуана күлімдеп: – Жігітім-ау! Жарайсың! Айығып қалыпсың ғой! Міне, саған хат әкелдім! Кімнен екен? Мә, өзің ашып оқи ғой! Жігіт құлшына түсіп: – Әкелші, берші, көрейін! Әлимашымнан шығар. Түсіме кіріп, мені өлімнен құтқарған сол ғой, ғажап танауым! Әнтек қусырылған керемет танауыңнан сүйдім сенің! Әкелші, тез хатты,– деді дегбірсізденіп. – Билеп жібер, биле! – деді мейірбике хатты беріп жатып, қуақылана. Жігіт хатқа қолын соза беріп, талықсып кетті де, лезде тыңайып шыдамсыздана жалынды: – Өзің оқып берші!.. Оқып берші! Мейірбике хатты оқи бастайды... Хат тіні – амандық, хал-жай сұрасу. Бірте-бірте Әлимаш өз жаңалығын айтуға тіке кірісіпті... Бір сәт мейірбике хаттан көзін аударып, іле тарс жұма қойды: – Көзіме қыл-қыбыр түсіп кетті ме-ау!.. – Оқы! Оқы! Жүрек жаңалығын көзсіз-ақ, жүрекпен сезіп оқу керек қой! – деп өліп-өшіп барады жігіт. – Көзім аштырмай тұрғаны! Одан әрі оқи алмаймын!.. – Өкпемнің қысуы тарқады білем. Әкелші, хатты! Өзім, өзім-ақ оқимын!  – Мүмкін, кейін оқырсың! Әбден тыңайған соң! – деген мейірбике хатты оның қолына амалсыздан ұстата салды. – Қане, айтшы, қай тұсына келіп едің? – деп тызалақтаған жігіт хатқа тағатсыздана үңілді. – Міне, мына тұстан... Жігіт хатқа жанарын жылжыта түсіп, оқыстан шошына айғайлап жіберді: – Жаңалығың осы ма, Әлимашым! – Өксіп қоя берді. – Жаңалығың осы ма? – Екі бетін хатпен осқылап күңіренді. – Күйеуге тиіп алдың ба? Менен бала болмайтынын біліп тиіп алдың ба? Танауын қорс-қорс тартып. – Дұрыс па, осы істегенің? Сен де мені ессіз сүюші едің ғой! Ә, ә, әке бақытына кенеле алмайды деп мені аяғаның ба, әлде! Түсіндім! Енді түсіндім! Сен Ана бол! Мен әкеліктен мақұрым қалдым ғой! – Бақырып жылап жібереді. – Сен, сен бала сүйші! Өз балам деп жүрермін! Мені Әке атандыршы, Әлимашым! Әке болғым келеді! – Өкіріп басын ұрғылайды. – Құдайым-ау, әке бола алмай қалдым ба? Мүмкін, әке боп та қалармын?! – Боласың әке! Боласың! – дейді оған мейірбике үрейлене қарап. Жігіт осқырынып: – Кім әке қылады мені? Өлуден басқа амалым жоқ! – Жалынып. – Асып қой мені! Буындыр, қане, мені! Тез! Тез! – Қой, қойшы! Асылық етпеші! Сабаңа түс! Жігіт аласұрып: – Кім әке атандырады мені? Айтшы деймін! Айтшы! Әйтпесе, өлемін! Өлемін! Мейірбике жігіттің жағынан саусағымен жеңіл шапақтап: – Мен! Мен әке атандырам сені! Мен сәби сүйгізем Саған! – Егіл-тегіл боздай­ды. – Сүйем сені! Бір көргеннен ғашық боп қал­ғам! – Аймалап, сүйе бастайды. – Сәби сүйгізем! Әке боласың! Сенің мені сүюің шарт емес! Менің махаббатым екеумізге де жетіп артылады! Артылады! Артылады!.. Сүйші, мә-мә, ернімнен!..  * * * Дәрмен оңашада оймен алысып, арпалысып жатыр... «Мені қорқақ дейді! Өрт сөндіруден қаштың дейді. Ал, әдейі қаштым! Не істейсіңдер! Білмейсіңдер, неге қашқанымды... Айтпаймын, ақы берсеңдер де! Менің Батыр екенімді көре алмайсыңдар, өңшең қызғаншақтар. Ал мен Отан соғысының, Ауған соғысының, Чернобыль соғысының батырымын! Батыр адам өрттен қашушы ма еді, ақымақтар! Бедеу боп қалам ба деп қаштым емес пе? Батырдың ұрпақ жайғысы келмейді дейсіңдер ме?.. Мен батырмын! Бірақ саркофагтан (бетонмен қапталған өрт ошағы) қорқам! Ол түптің- түбінде шіріп, радиацияны ауаға жая бастайды. Соның зардабынан мен ғана емес, әлемнің күллі еркектері, бедеуленіп, ұрпақсыз қалады. Содан қорқам! Әйтпесе, мен көзсіз батырмын! – Дауысы одан бетер өрши түсті. – Желтоқсан жендеттері Алматы алаңында қазақ қыздарын жатырынан резеңке собықпен соққылап, ұрпақсыз қалдырмақ болғанда, мен ғана аруларға араша түсіп, ерлік көрсеткем! Батырмын мен! Болашақ алтын құрсақтыларды сақтап қалу үшін жанаямай күрескем! Мені бірақ батыр деп, мойындағыларың келмейді-а-а-а! Қорқақ санайсыңдар! Белімнен айырылып қалмас үшін, әке болмақ үшін атом өртінен әдейі қашқаным – қорқақтық па? Жо-жоқ! Батырлық! Мен Батырмын! Ха-ха-ха-а-а!..» * * * Жаз іші. Қазақ ауылы. Көліктен мырыш табыт түсіріліп жатыр. Сүреңсіз жүріс-жүгіріс. Қайғылы дүрбелең. Азалы жоқтау қабырғаны қайыстырады. Чернобыльден жеткізілген бұл мүрде Дәрмендікі еді. Ауыл ағасы жұртты сабырға шақырып: – Уа, жарандарым! – деді үнін тістене қатайтып. – Болған іске болаттай беріктік керек! Алланың ісі! Дәрмен марқұм қандай еді-ау! АЭС өртімен ерлікпен күресіпті. Бірақ атом дерті алып тынды. Жүйкесі әбден жұқарса керек!.. Оның асқынған сыр­қатын соңғы кезде отбасына жолдаған сәлем хаттарынан байқап қалып жүрдік. – Ол қалтасынан бүктелген қағаз алып, оқи бастады. – «Мен еліме тірі жетпейтінімді сезіп, алдын ала хат жазып қойған өртшімін. Апатпен алғашында аяусыз айқастым. Сосын ойласам, радиацияның аса зор мөлшерінен, еркек біткен белінен айырылады екен... Мен әке болғым келеді. Әйда, кеп, қашайын сосын, қауіпті өрт ошағынан. Өз қамымды солай күйттедім. Отпен шайқаста өз қатарластарыммен бір сапта отандық парызымды өтедім деп санаймын. Мейлі, мені, қорқақ, сатқын, қашақ дей берсін. Мен бәрібір Чернобыль батырымын! Мен қайталап айтудан жалықпаймын, көп соғысқа қатысқам. Бәрінде де оқ бораттық. Мына құрғыр Чернобыль – радиациялық тып-тыныш, сезілместей зауал екен. Ұққаным, қас-қағымдағы оқ – бір өлім! Радиация – созылмалы мың өлім! Соңғы демім таусыларда қауіп етіп айтатын өсиетім бар. Мың өліп, мың тірілген қазақ елі, есіктеріңді қымтап жауып жүріңдер! Қазақ даласын атом сағымы кезіп жүр! Далаға шықсаңдар респиратор немесе маска киіп алыңдар! Әйтпесе, жыныстарыңа қарамай, бәрің бедеу боп қаласыңдар! Менен ұрпақ қалмайтынына көзім жетті. Ауылымның бір сұлуын өліп-өшіп сүйгім келген, бақытты етпек болғам! Бар арманым адыра қалды! Сопиып соқа басым қалды... Менің – өмірінде қыз ернін бір рет сүйіп көрмеген бақытсыз бейбақтың құлпытасына былай деп жазыңдаршы, жалынам: «Атом және Махаббат құрбаны!..» Өтінем! Өлім мен махаббат қатар жүретіні несі екен? Осының тылсымына түсінбей өтіп барам өмірден. Мәңгілік шерді арқалап өтіп барам, ата-анам-ау, бауырларым-ау! Жалпақ елім! Қош! Қош!.. Атомнан сақтаныңдар!..» Егілген ел күңіреніп, теңселіп тұр. Көздерінен жас парлатып, бір-біріне көңіл білдіреді, басу айтады... * * * Чернобыль АЭС-і маңындағы шағын қалашық. Кешқұрым сәт. Қою орманның сұйылған тұсы. Жайлап, ауырлап ұшқан қара ләйлек құс ағаш басындағы бос ұясына қалықтап бет бұрған... Қуанышты шуыл естіледі. Аспанға алақтап бәрі: – Әне, әне, қара ләйлек – бақыт құсы өз ұясына қонғалы келеді. Иә, сәт! Хош келдің, зарықтырған ләйлегіміз! Жайғаса ғой, өз ұяңа! Қанатыңмен ілестіріп халқыңа бақыт әкел! Тағатымыз таусылып, шыдамсыздана күтіп едік, сені сұлу құс! Қоншы, қоншы, жақыннан көрейік! – Әредіктен күдіктен­ген дауыстар шығады. – Немене өзі, қанатыңа қорғасын құйып алғансың ба? Ұшуың өнбейді! Қанатың ырқыңа көнбейді! Не сұмдық бұл?! Ағаш басындағы ыстық ұясын қимас­тық­пен бір айналып өткен қара ләйлек, әлдене­ден секемденіп үріккендей боп, қонбас­тан сонадай жерге топ етіп құлап түсті... Қанаты қайырылып, жерге оңбай ұры­лып мертікті. Жантәсілім етті!.. Қайсар ӘЛІМ. АСТАНА.